Back

Коммуналдық шаруашылығы өркендеген Шығыс Қазақстан

«…Жайлы баспана, жұмыс және лайықты еңбекақы адамға

отбасының беріктігі мен берекелі тіршілік үшін қажет…»

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев

Бүгінде Қазақстанның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы еліміздің әр облысында табысты түрде жүзеге асып келеді. Кейбір сарапшы мамандар ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін мәселе ретінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының тозуын да атаған болатын. Қазіргі таңда Тәуелсіз Қазақстан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын барынша дамытып, қарапайым халықтың жайлы өмір сүруіне барынша жағдай жасап келе жатқанын байқауға болады. Еліміздің өндірістік аймағы саналатын Шығыс Қазақстан облысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын арттыру бағытында қолға алынған жұмыстар көңіл қуантады. Соңғы уақыттары облыс орталығы Өскеменді айтпаған күнде аймақтағы ірі қалалар мен аудан орталықтарында жаңа тұрғын үйлер бой көтеріп, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының өзегі саналатын кәріз жүйесі, су және жылу құбырлары жаңартылғанын атап айтуға болады. 

Бүгінде Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі аймақтағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы дамытуда маңызды жұмыстар атқарып келеді. Елімізде салынған тұрғын үйлердің көпшілігі сонау кеңес заманында салынғаны жасырын емес. Сондықтан мұндай тұрғын жайлар күрделі жөндеу жұмыстарын қажетсінетіні айтпаса да түсінікті. Осы ретте республика көлімінде тұрғын-үй коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасы қолға алынып, маңызды жұмыстар жүріп жатыр. Соңғы уақыттарда бұл бағытта Шығыс Қазақстан облысында ауыз толтырып айтатындай жұмыстар іске асқанын атап айтуға болады. Сөзіміз дәлелді болуы үшін нақты статистикалық дерек көздеріне кезек берсек. Жоғарыда атап өткен 2011-2014 жылдар аралығында тұрғын-үй коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасы аясында өңірде 2,3 млрд. теңгеге 267 тұрғын үй жөнделген. Ал 2015 жылы аймақтарды дамыту бағдарламасы аясында 291,4 млн. теңгеге 21 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қарапайым тұрғындардың көңілінен шыққанын айта кетуіміз керек. Оның  ішінде 190,7 млн. теңгені құрайтын 8 үй трансферттер қаржысына және 100,7 млн. теңгенің 13 үйі қайтармалы қаржы бойынша салынды.

Қазіргі таңда күрделі жөндеу мен кондоминиум нысандарын тиісті деңгейде ұстауға пәтер иелерінің мүмкіншілігі жеткілікті емес. Осыны ескерген Шығыс Қазақстан облысы Энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасы бұл бағыттағы жұмыстарды мемлекеттің қолдауына сүйеніп, шешіп келе жатқанын атап айтуға болады. Тұрғын жай иелерінің көпшілігі тарапынан тұрғын үйді басқарудағы әрекетсіздігі, оның санитарлық және техникалық жай-күйіне қоғамдық бақылаудың жоқтығы қалыптасқан жағдайды күрделендіре түскені жасырын емес. Тұтынушы қылығы меншік иесінің мүліктің сақталуы мен қауіпсіздігіне қатысты жауапкершіліктің төмендеуіне алып келеді. Сондықтан қазіргі таңда пәтер иелерінің белсенділігін арттырудың маңызы зор болып тұр.  Олар жалпы жиналыста жөндеудің шығын сметаларын, әрбір пәтердің шығын көлемін, ай сайынғы жинақталған қаражат көлемін, мердігерлік мекемені таңдауды міндетті түрде бекітеді. Бұрынғы кезде мұндай шешімдерді тек қана пәтер иелері кооперативінің төрағасы өзі қабылдайтын. Мүліктің сақталуы мен қауіпсіздігіне қатысты меншік иесінің жауапкершілігін арттыру мақсатында заңнамалық тұрғыда пәтер иелері кооперативінің жинақ есеп шоты міндетті түрде болу керектігі және азаматтардың келешектегі жөндеуге арналған ай сайынғы аударымдар болуы қарастырылған.

Комуналка ШКООблыс тұрғындарының айтуынша, Шығыс Қазақстан облысында жүргізілген термомодернизациялау жұмысы облыс орталығы мен аймақтағы ірі қалалардағы ірі жылу құбырларындағы апатты жағдайлардың алдын алып, жылу тиімді пайдалануға кеңінен жол ашқан. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жаңғырту жұмыстары «Жұмыспен қамту – 2020», «Шағын қалаларды дамуты» мемлекеттік бағдарламаларының табысты жүзеге асуына түрткі болғанын Шығыс Қазақстан облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысы Айтқазы Шерубаев тілге тиек еткен болатын. Осылайша бір-бірімен тығыз байланысқан бағдарламалар халықтың жұмыспен қамту, жұрттың жайлы тұрмысын қамтамасыз етуге айтарлықтай септескен.

Биыл Шығыс Қазақстан облысы жылыту маусымына тыңғылықты дайындалғаны белгілі. Өңірдегі көмірдің қорын көбейту мақсатында Үкіметтен қосымша 1 миллиард 300 млн теңге қаражат бөлінгенін атап айтуға болады. Сонымен қатар мемлекеттік «Нұрлы Жол» бағдарламасының қолдауымен жылу жүйесінің құбырларын ауыстыруға бағытталған 12 жоба іске асқанын да айта кетуіміз керек.

Жалпы облыста ірі жылу орталықтарында көмір қоры жеткілікті болғанмен, кішігірім қазандықтарда аздау. Сондықтан бұл мақсатқа Үкімет тарапынан бөлінген  1 миллиард 200 мың теңге қаражат бөлініп, оның 129 миллион теңгесі Курчатов қаласына берілсе, қалғаны Семей шаһарына бағытталған. Өз кезегінде Айтқазы Шерубаев:

Биыл 2011-2020 жылдарға арналған «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша 2,7 млрд. теңгені құрайтын  12 жоба іске қосылды. Оның ішінде сумен қамту (1 844,3 млн. теңгені құрайтын 9 жоба)  және су тарту (916,7 млн. теңгені құрайтын 3 жоба) нысандары бар.  Ағымдағы жылы 8 нысан іске қосылып, 4 нысан 2016 жылы өз жалғасын табады.

Инфрақұрылымдық даму бағдарламасы аясында 4 млрд. теңге сомаға жылумен жабдықтау нысандарын жаңғыртудың 12 жобасы іске асырылуда.

15 шақырым жылу жүйелерін қайта құру және 4 жылу көздеріне жөндеу жұмыстарын жүргізу қарастырылған. Соның арқасында Өскемен қаласы бойынша инженерлік жүйелердің тозуын 1,4 пайызға, Семей қаласында 2,3 пайызға төмендеген. Ал жылу жүйесіндегі жүйелердегі нормативті жоғалудың көлемі 17,2 пайызға жеткенін атап айтуға болады.

Өскемен және Семей қалаларында сумен жабдықтау және су тарту жүйелерін жаңғырту жобалары аясында Еуропалық қайта құру және дамыту банкімен келісімге қол қойылды. Бөлінген 3,2 млрд. теңге сома қаражатқа Өскемен қаласында №30, №31 кәріздік сорғы станцияларын қайта құру және Жаңа Өскемендік су бөгет салу жоспарланған.

Ал Семей қаласында 2,4 млрд. теңгеге 10 сорғы станциясын, 17 шақырым сумен жабдықтау және 4,5 шақырым су тарту жүйелеріне (соның ішінде Ертіс өзені арқылы өтетін кәрістік дюкер) күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, 580 жалпыүйлік және дербес есеп құрылғыларын орнату, технологиялық үрдістерді басқарудың автоматтандырылған ақпараттық жүйесін енгізу жоспарланды.

2016 жылы 8,2 млрд. теңге сомаға Семей қаласының жылу жүйелерін жаңғыртуды бастау жоспарланды, оның ішінде 4,7 млрд. теңге қарыз қаражаты. Сонымен қатар Семей қаласында жылумен жабдықтау жүйелерін жаңғыртудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жалғасуда. Ағымдағы жылы РК-1 ұлғайту және қайта құру іске асырылуда. Е-35 маркалы 3 қазандық және «Simens» фирмасының 12 МВТ турбинасы орнатылды.Комуналка ШКО04

Бұдан басқа, халықаралық қаржы институтының қаражат есебінен Өскемен және Семей қалалары көшелеріндегі жарықтандыруды энергия үнемдеуші жарық нүктелеріне ауыстыру арқылы жаңғырту жоспарда.

Шығыс Қазақстан облысындағы жоғары вольтты желілермен Алматы және Павлодар облыстарын байланыстыра отырып, энергия қуатының тұрақтылығын қамтамасыз етеді. ШҚО тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Айтқазы Шерубаев журналистермен жүздесуінде:

– Энергетикалық инфрақұрылымды дамыту төңірегінде Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Екібастұз – Семей – Өскемен» және «Семей – Ақтоғай – Талдықорған – Алматы» бағыттарында жоғары вольтты желілер салу қажеттігін айтты. Меніңше, бұл ірі жоба өңірлер үшін бағдарлы әрі тиімді. Павлодарда ірі электр қуат көзі саналатын ГЭС-1 және ГЭС-2 Шығыс Қазақстанның  Семей, Зырян қалаларындағы ГЭС-термен электр желілері арқылы байланыстырылады. Ал бұл өңірлердің энергия қуатының өзара кепілдігін қамтамасыз етеді, – дегені еді.

Басшының айтуынша, бүгінгі күні зерттеу, іздестіру жұмыстары толық аяқталған. Құрылысқа Қазақстандағы ірі KEGOC компаниясы жұмылдырылады. «Электр желілерінің жұмысы бойынша ШҚО бөлінген 6 млрд. теңге игерілді. Аймақ бойынша Тұрғысын ГЭС құрылысын тезірек аяқтап, электр желілеріне қосуды мақсат етіп отырмыз», – деп түйді А. Шерубаев.

Қысы қытымыр Шығыс Қазақстан облысында жылу жүйесін заман талабына сай дамытудың маңызы зор. Бұл бағытта облыс әкімі Даниал Ахметов бастаған атқамінерлер сырт елден инвестиция тартып, ірі энергокешендер тұрғызу ісіне де баса көңіл бөліп отырғанын атап айтуға болады. Осы ретте әкімдік Германияның «Global Invest Ltd» компаниясы «North Trade Energy» энергия құрылыс компаниясымен және чехиялық «E3P Group» компанияларымен бірлесе отырып, Өскемен қаласында ЖЭО-2 құрылысы жобасын инвестиция салуға уағдаласты. Жаңа жылу орталығында еуропалық заманауи қуат құрылғылары орнатылып, орталық барлық экологиялық стандартқа сай болады. Бұл жайлы ШҚО әкімі Даниал Ахметовтің Германия және Чехия компанияларының басшыларымен кездесуі барысында кеңінен әңгімелеген болатын. Аталған жылу стансасы Өскемен қаласын және маңындағы аудандарды толыққанды жылумен қамтуға қауқарлы. Оның үстіне, қалада ЖЭО құрылысы 2020-2030 аралығындағы жылумен қамту жоспарында көрсетілген.

«E3P Group» компаниясының директоры Ондржей Штербаканың айтуынша, компания осы уақытқа дейін Ресейде, Пәкістанда, Германияда және Чехияда осындай жобаларды жүзеге асырған. Аталмыш компания ЖЭО-ның техникалық экономикалық құжаттарын өз қаражатына әзірлейді. «E3P Group» Өскеменде экологиялық стандартқа сай келетін мұржасыз ЖЭО-2 құрылысын 3,5 жылда салып бітіреміз деп сендіріп отыр.

Әлібек Қаңтарбай, Шығыс Қазақстан облысы