Back

Шығыстағы мереке жыл қорытындысына айналмақшы

Кез келген мемлекеттің қалыптасу дәуіріндегі көшбасшыны ұлықтау, егемен елдің іргетасын қалаған тұлғаны ардақ тұту, оны ел мен жердің киесі әрі иесі ретінде таныту – әлемнің бірқатар өркениетті елдерінде түсінікке кірген кәдуілгі  дәстүр. Бүгінгі таңда дамыған мемлекеттердің қатарынан қалмау үшін барын сала әрекеттеніп жатқан Қазақстан да бұл игі дәстүрді өзіне қуана қабылдап, оны өзіндік тәсілдерімен жетілдіріп келеді. Еліміздегі сондай жалпыұлттық мерекелердің бірі – Тұңғыш Президент күні. Ұлт тұлғасына деген шынайы ілтипатты паш ететін осы бір мереке күнін атап өтуге дайындықты республика жұртшылығы бастап та кеткен сыңайлы. Шығыс Қазақстан облысында осы мереке нендей шаралар кешенімен жүзеге асырылмақшы? Несімен есте қалмақшы? Оған облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар баспасөз өкілдерімен өткізген брифингте толығынан тоқталып өтті.

DSC_0062 Кала мен ДалаСандаған ғасырлар бабаларымыз арман еткен тәуелсіздік таңы қазақ даласын өз шапағымен шырайландырып, көгімізде өзінің көгілдір туын желбіреткелі бері ел ертеңі үшін атқарылған шаруалардың тізімін жасар болсақ, пәленбай тонна қағаз шақ келмейтіні рас. Өткен 24 жылдың әр таңы ұдайы жақсылықтармен атты, көкжиегі ел мен жұртқа бағышталған жарқын игіліктермен көмкерілді. Жалпы қазақ көкірегінен, шыбындай жаны пыр етіп ұшып кетер зауал сәтіне дейін Үмір еміздігінен айырылмайтын, барға қанағат, жоққа салауат айтып үйренген, жатса да, тұрса да аузынан шүкірі мен тәубесі түспейтін керемет көнтері, ғажап көмпіс, әсіре қайратты халық екендігі шындық. Осыған тағы да  сүбесі бес елі береке мен бірлікті қоссаңыз, Қазақ деген ұлттың автопортреті шыға келеді.

Егемен ел болып, ес-ақылымыз бен етегімізді жинап, кеңестік кеңкелес кезеңде биттеп, басыр боп кеткен қос жанарымызды ашып жан-жағымызға қарамаймыз ба? Әлемде қызық болып жатыр екен. Өте қызық болыпты. Жер асты, жер үсті байлығы Қазақстанның қолына су құйып, орамал әперуге де жарамайтын кейбір егемен елдер біздерден әлдеқайда озып кетіпті. Дамып кетіпті. Байып кетіпті. Тез есімізді жинадық. Жинатқан – Тұңғыш Президентіміз, кемеңгер көшбасшымыз Нұрсұлтан Назарбаев болатын. Бүгінгі таңдағы әлемдік қаржылық дағдарыс, оның төс айылы қабырғамызға күн санап батып бара жатқаны – қосалқы әңгіме. Дағдарыс та, тоқырау да, қылаяғы мынау алағай-бұлағай өмірдегі жақсылықтар мен жамандықтардың барлығы да өтпелі және көшпелі екендігінің философиясын түсініп болдық емес пе?! Ең бастысы – Қазақстан әлем таныған ел болды. Басымыз аман, жұртымыз түгел. Тамақтан өтер түйнемдей талқан іздеп тентіреп кеткеміз жоқ. Егемендіктің алғашқы ереуіл таңындағы Елбасымыздың «Алдымен – экономика, онан кейін саясат» қағидасы мұратына жетті. Елді мұратына жеткізді. Сондықтан, Тұңғыш Президент күні Қазақстанда жалпыұлттық мерекеге айналып жатса, оны жеке адамға қатысты емес, мемлекеттік деп қабылдауымыз оңды болатын шығар.

Міне, брифингтегі облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Мұқашұлының кіріспе сөзі осыған саяды.

– Бүгіннен бастап өңірімізде Тұңғыш Президент күні мерекесіне арналған онкүндік шаралары басталмақ. Тіпті, оларды шаралар деуге де келмейтін сыңайлы. Дұрысы – жыл соңындағы жетістіктеріміз бен олқылықтарымызды сараптау, тіпті нақтылап айтар болсақ – есеп беру дегенге келетіндей. Неге бүйтпеске?! Бұдан кейінгі Тәуелсіздік күні де таяқ тастам жерде…

Мерекенің биылғы онкүндігінде біз шаралардың тағылымдылық жағына екпін түсірелік деп отырмыз. Ұрпақтар жадында сақталсын. Жыл сайын жаңғырсын. Мекемелер де, кәсіпорындар да, жекелеген адамдар да осы мереке тұсында не істеп, не қойғандығы жайлы толғансын. Есеп беру мен мереке біртұтас ұғымға айналсын, – дейді Жақсылық Омар.

Хош делік. Енді онкүндік хақында бір ауыз сөз. Облыстың даласы мен қаласында қарашаның 19-ы мен желтоқсанның 1-жұлдызы аралығында 100-ден астам шаралар кешені өтпекші көрінеді. Оның шымылдығын 20-қараша күні бүкіл облыс мектептерінде жазылатын «Менің Президентім! Менің Елім!» шығармасы ашпақ. Бұл күні облыстағы 666 мектептің бүлдіршіндері мен өрендері тек қана шығарма жазумен шектеліп қалмақ емес, «Отаным саған арнаймын!» тақырыбында жазылған өлеңдері мен суреттерін де бәйгеге қосады.

– Шығыс Қазақстан – мұражайлар мекені. Тақыр жерге дән өспейтіні шындық. Мұражай ашу үшін – мұражайға татитындай шежірең болуы шарт. Шығыс одан кенде емес. Тіпті, аудандардың өздері қос-қостан мұражай ашып, азуларын айға білеп отыр. Сондықтан, осы мереке күндері облыс мұражайларында «Заманымыздың ұлы тұлғасы» атты көрмелер келушілерді Қазақстанның өткені мен бүгіні, келешегі жайлы мағлұматтарға қарық қылмақ. Облыста бірнеше жылдардың жүзі болды, «Жас ұлан» атты қоғамдық бірлестік жұмыс істейді. Мереке қарсаңында соған мүшелікке қабылдау да салтанатты жағдайда өтпекші көрінеді.

DSC_0606 Кала мен Дала«Жақсы кітап – жан азығы». Кітапхана – руханият ордасы. Танымдық, тағылымдық шаралардың жуан ортасында олардың жүруі – заңдылық. «Әлемдік деңгейдегі тұлға» атты кітап көрмесі, кездесулер өткіземіз деп кітапханалар отыр. Қазақстан – кезінде тағдыр талқысына тасталған көптеген ұлттар мен ұлыс   ұрпақтарының екінші отаны. Жарты дәнін жарып, бүтін дәнін бөліп берген мейірімді анасы. Сондықтан, Қазақстан халқы ассамблеясының шығыстағы бөлімшесінің ұйымдастыруымен «Бір тіл, бір Отан – Тәуелсіз Қазақстан» атты форум да осы онкүндік аясында өтеді. Қысқасы, онкүндік ішіндегі шаралардан бірде-бір мекеме, бірде-бір адам тыс қалмақ емес. Дәрігерлердің концерттік  бағдарламасы, жас журналистердің, «Ұлы дала ұрпақтары» деген колледжаралық конкурстары да жоспарда бар. Колледж демекші… Қазақстанда осындай оқу орындарының саны жөнінен Шығыс Қазақстан Оңтүстіктен кейінгі екінші орында екен. Сексен колледждің жартысына тақауы – мемлекеттік.

Мереке аясында Семейдегі Жедел жәрдем ауруханасының, Өскемендегі «Ардагерлерді оңалту орталығының», техникалық университетте 500 орындық жатақхананың тұсауы кесіледі деп жоспарлануда. Онкүндік мерекеге орайластырылған жыл қорытындысы 1-желтоқсанда мәресіне жетіп, сол күні жалпыхалықтық мереке кешкі отшашумен аяқталмақ.

Ертеректе бабаларымыз ренжісіп, кетісіп қалған немесе жауласқан ағайынын мәмілеге шақырарда: «Бір табақтан ас алайық» дейді екен.  Бүгінгінің бір табақтан ас алуы мереке мен мейрамдарда жүзеге асады. Сондықтан, достық пен бірлікке, берекеге шақырар мерекелеріміз көп болғанға не жетсін!

 

Әлібек ҚАҢТАРБАЙ,

Өскемен қаласы, Шығыс Қазақстан облысы.