Back

Әбу Ханифа мәзхабы – ел бірлігінің кепілі

Тарихтың өзі дәлел. Тарихтың өзі куә. Өткенге ой жүгіртсек нені көреміз, неге көзіміз жетеді? Ұлт пен дін бірге дамиды, бірге қалыптасады екен. Нақтылап айтқанда, діннен бастау алған адами құндылықтар сол қоғамның өз ішінде дәстүрге немесе дағдыға айналады.

Дін келместен бұрын салт-дәстүрмен өзара сабақтасқан әдет-ғұрыптарды шариғат қуаттай түседі, яғни құпталған қағида ретінде қабылданады.

Бұл арада мына жайтты түсіне білу керек. Біз кеше ғана мұсылман болған жоқпыз. Қазақпен қатар жасап келе жатқан дініміз, өміршең діліміз, тамырын тереңнен тартатын тарихымыз бар.

Ұғына білген адамға Ислам сөзі қандай да бір терминді немесе тіркесті, тұжырымды, пенденің қосымша түсіндіруін, болмаса анықтама беруін қажет етпейді. Осы кезде классикалық Ислам, орта жолды ұстанатын Ислам, дәстүрлі емес Ислам деген атаулар пайда болды. Ал мұсылмандық дегеніміз не? Ол – онсыз да орта жол дегенді білдірмей ме?
Иә, Ислам – ұлы ұғым, ол – барша ұлтқа пен ұлысқа ортақ дін. Ал Құран – Алланың сөзі. Оны өзгертуге немесе қосымша атау беруге әсте болмайды.

Осыдан біраз бұрын…

Біз Орталық Азия ғұламаларының форумын өткізген болатынбыз. Бұл біздің елдің ұйытқы болуымен Ислам дінінің қағидалары мен құндылықтарын насихаттаған тарихи шара болды десек, артық айтқанымыз емес.

Шараға Қырғызстан мен Тәжікстаннің бас мүфтилері, елге танымал ғұлама-ғалымдар қатысқан-тұғын. Осынау халықаралық іс-шарада Қарар қабылдап, Үндеу жариялаған болатынбыз. Себебі, біздің тағдырымыз да, тамырымыз да, тарихымыз да ортақ.

Ғалымдар Орталық Азияның қалыптасқан исламдық дәстүрлі ағарту мектебінің рөлін, ықпалын арттыру туралы бастаманы бірауыздан қолдаған еді. Біртұтас мұсылман үмметін қалыптастыру, сан ғасырлық тарихы бар діни ұстанымды қайта жаңғырту туралы идея көпшілік қолдауға ие болған.

Жасырары жоқ, діни мектеп – кешенді жүйе. Біздің қазіргі күнгі мақсатымыз – әзіргі мұсылман үмметін ортағасырлық дәуірдің діни, рухани мұрасымен тереңінен таныстырып, табыстыру ғана емес, содан сабақ алғызу және өткенді бүгінгі жағдаймен сабақтастыру.
Осы арқылы Ислам өркениетінің қайта өрлеуіне қызмет ету. Осы бір игі ұстанымның дамуына өзіндік үлес қосатын дарынды, байсалды, қазіргі заманның өзі талап етіп отырған бәсекеге төтеп беретін, қылт еткен ағымға алданып, артынан ере бермейтін көзі ашық зиялы ортаны қалыптастыруды, жастарды осыған тәрбиелеуді көздейміз.

ҚМДБ-ға қандай міндет жүктелді?

Астанада өткен имамдар форумын тілге тиек етуіміздің бірнеше себебі бар. Естеріңізде болса, осы шарада «Бүгінгі мұсылманның тұлғалық бейнесі» атты тарихи құжат қабылданған болатын.

Содан бері біршама уақыт өтті. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қызметін жетілдіру бойынша бірнеше маңызды басқосулар ұйымдастырылды.

Мұндағы мақсат не? ҚМДБ өз тарапынан Исламның Орталық Азия мектебінің ұстанымдарын қайта жаңғыртуда көшбасшы бола алатынын дәлелдеуде.

Бұл ретте Шариғат негізі (фиқһ), Ислам этикасы (ахлақ), негізгі діни ұстанымдар, Ислам негіздері туралы мол мұра қалдырған ханафи мектебінің белді өкілдерінің тізбегі мен олардың еңбектерін қайта зерттеу жұмысын бастап кеткенімізге біраз болды.

Ортақ тарихымыздан белгілі жайт: Әбу Ханифа мәзһабы Орталық Азияда үстемдікке ие болды.

Ханафи мектебінің белді өкілдері, мысалы, имам Мұхаммед әл-Бұхари, Әбу Мансұр ас-Самарқанди, Әбу Мансұр әл-Матуриди, Әбу Насыр әл-Фараби, Әбу Әли ибн Сина, Жүсіп Баласағұни, Қожа Ахмет Иасауи, әс-Сарахси, Әли ибн Осман әл-Уши секілді т.б. ғұламалар мұсылмандық дәстүрлі мектептің қалыптасуына зор ықпал етті.

Жаһандық деңгейде әйгіленген ғалымдар мен ғұламалар және олардың артында қалған орасан зор діни-тарихи еңбек күллі мұсылман үмбетінің мақтанышына айналды. Қазірде дүниежүзі мұсылмандары Орта Азия мұсылмандарын ілгеріде аты аталған тұлғалардың тікелей ізбасарлары деп санайды. Бізге берілген осынау мәртебе баршамызға зор жауапкершілік жүктейтіні анық.

Қазақ мұсылмандығы туралы

Иә, қазақ мұсылмандығы туралы айтқанда, Сайрам, Түркістан, Бұқара, Самарқан және алғашқы Қазақ хандығының астанасы болған Сығанақ сияқты ортағасырлардағы қалаларды, рухани, діни ордаларды ерекше мақтанышпен мысал етеміз.

Біле білсеңіз, Исламның тамыры жайылған Мәуреннаһрда жергілікті дін ғұламалары діни шешімдер мен қаулылар шығарып отырған.
Қазіргі таңда аты аталған ортағасырлық ғұламалардың діни-шежірелік еңбектерін қазақтың кең даласынан шыққан ағартушы даналарымыз, ойшылдарымыз – Шәкәрім Құдайбердіұлының, Абай Құнанбайұлының, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының, Ыбырай Алтынсариннің рухани мұраларымен сабақтастырып, ұштастырыпелге жеткізуде ҚМДБ қойын-қолтық жұмыс істейтін ғалымдар мен дін қызметкерлері белсенділік танытып келеді.

Осы арқылы қазақ мұсылмандығының қалыптасқан рөлін арттыру мәселесі назарда ұстаудамыз. Анығы, бұл міндет жәнем ақсат. Көз қорқақ, қол батыр дейді. Осынау идеяны жүзеге асыруға біздің қауқарымыз да, қабілетіміз де жетеді.

Тарихқа үңілсек…

Ислам өркениетінің сыйлы ғалымдары мен ойшылдары дәл осы діни-ғылыми салада Орта Азиядан шыққан ғұламаларының туындыларын пайдаланып, ислами қайнар көздің бірі ретінде әрдайымбасшылыққа алып отырған.

Иә, тарихты жасау оңай емес. Адам өмірі қамшының сабындай ғана қысқа, ал тарих жалғаса береді. Сол тарихты жазып, ұрпақтан ұрпаққа қалдыру – маңызы мен мәні бөлек мәселе. Бұл ретте бабаларымыздан қалған рухани мирасты, діни-ғылыми еңбектерді аударып, қайта басып шығу қажеттілігі туындайды.

Осы орайда көптен көңілде жүрген мына бір жайтты ортаға салсақ деп едік.

Кей кездері кейбір ел ағаларының аузынан: «Халықты бір мәзһабты ұстануға үндеу – қалған мәзһабтың құқығын шектеу емес пе?» – деген уәжді естіп қалып жатамыз. Анығы, бұл да болса, халықты адастыру. Әдейілеп болмаса да, аңдамай сөйлеудің салдары соған алып келеді.

Неге? Себебі, Әбу Ханифа мәзһабы – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстанған жолы. «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы Заңымызда да төл мәзһабымызға мәртебе берілді.

Әбу Ханифа мәзһабы туралы

Әбу Ханифа мәзһабы қазақтың, жалпы алғанда дала халқының табиғатына, болмысына жақын болды. Имам Ағзам – мәзһаб негізін қалаған даналардың ұстазы болған. Осынау либералды жолды таңдауымыздың тағы бір сыры – мәзһабымыздың жергілікті салт-дәстүрімізге құрметпен қарауында еді.

Қазақ тілінде айтылып жүрген «ғұрып» сөзі арабшада «әл-ъурф» деген сөзден шыққан. Араб тіліндегі «әл-ъурф» сөзі адамдарға үйреншікті болған, әдеттегі іс-әрекет, үрдіс деген мағыналарды білдіреді екен.

Ал шариғаттағы терминдік анықтамасы: «Ақыл-ойдың, логиканың құптауымен көңілдерге орныққан, адам табиғаты қабыл алатын нәрселер» (Әл-Маусуа әл-фиқһия әл-куәйтия, 30-том, 53-бет).

Бұл ғана емес. Мысалы, «әдет» сөзі де арабшада «әл-ъаада» деп аталады. Оның мағынасы: сіз бен біздің ғұмырымызда дағдыға айналған амалдар. Яғни, әдет пен ғұрыптың мағынасы бір арнаға тоғысқан деген сөз. Ал шариғат кітаптарында осы екі сөз бірдей қолданылған.
Алла Тағала қасиетті Құранның «Ағраф» сүресінде: «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет…» деп бұйырған. Шариғатқа қайшы келмеген ғұрып әрқашан, әр дәуірде құпталып отырған.

Дәстүр дегеніміз не?

Біле білсеңіз бұл сөз де арабтың тілінде «дустур» деп аталады. Демек, заң, ереже деген мағыналарды білдіреді. Бүгінгі тілмен айтқанда, Ата заң ұғымын береді. Бізге осынау ұғымдар шариғатымызбен ұштасқан кешегі дала заңдарын еске түсіреді. Осылайша, дәстүріміздің қуатты күшке ие болғанын байқаймыз.

Ақиқаты, бабаларымыз Исламды осыдан 1000 жылдан астам уақыт бұрын өз қалауымен, жүрек таңдауымен қабылдады. Міне, бұдан бері исламдық дәстүрлі діни мектеп, орта жол қалыптасты. Қазақтың топырағында бұрын-соңды діни алауыздық, келіспеушілік, түсінбеушілік болған емес.

Өкінішке орай, бүгінгі қоғамда, соның ішінде жастар арасында пайда болған әртүрлі діни көзқарастар мен ағымдар әуел бастағы бағытынан, тамырынан, алтын қазығынан алшақтай бастағанының айғағы деп айтар едік.

Осы ретте барлығымыз аға буын, орта буын, барша зиялы қауым өкілдері мен дін қайраткерлері бір жұдырыққа жұмылып, халқымызға жоғалтқанын түгендеп, құндылықтарын қайтаруда бірлесе еңбек етуіміз керек.

Сөзіміздің түйінінде Орта Азия дәстүрлі мектебінің рөлі мен маңызын тағы бір тілге тиек етсек. Бұл мектеп сыртқы діни ықпалға төтеп беретін тегеурінді күш, қазақ мұсылмандығының ұстыны, халықты бірлікке бастайтын берік жол, рухани тірек болуы керек.

Жыл санап емес, күн санап көрініс тапқан діни ағымдар осы рухани тірегімізге тіреліп, кері құлап, әлсіреп қала бермек. Бұл – діни дүрдараздыққа ырық бермейтін бабалар жолы.

Міне, ел танитын, қоғамдық пікір туғыза алатын азаматтар осы іске келгенде ауызбіршілік танытса екен дейміз. Ұсақ сөзді ұран еткеннен абырой таппаймыз. Қазіргі аға буын, орта буынды осынау жауапты іске қолдан келгенше қолдау білдіруге, тым болмағанда ағалық ақыл-кеңес айтуға шақырамыз. Себебі, келешек үшін, ұрпақ үшін бәріміз де жауаптымыз.

Серікбай қажы ОРАЗ,

наиб мүфти, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы