Back

Джон Керри неге келді?

АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Орталық Азияға неге келді? Оның іс-сапарының мақсаты неде? Ол Орталық Азияда не жоғалтты?

«Әрине, әріптестік, ынтымақтастық туралы әңгімелер айтылғаны анық. Бірақ, бұл маңызды емес. Бұл Джонның өзіне де маңызды болмауы мүмкін. Оның келісінің түп-төркіні тереңде жатыр» дейді  «Қала мен Дала» газетіне пікір білдірген саясаттанушылар.

 Ресейдің көзқарасы

семенСемен УРАЛОВ, саясаттанушы:

Керри – Ходорковский, Саакашвили, Әблязов сияқтыларды іздеуге келді…

Орталық Азия. Бұл аймақ – Америка үшін ерекше маңызға ие. Себебі, Ауғанстанға жақын. Таяу Шығыста соғыстың бағыт-бағдарына қараңыз. Ирак, Сирия, Сауд Арабиясы, Иран, Түркия, Йемен, Израиль, Ливан…былайша айтқанда азаматтық соғыс пен интервенцияның аумағы кеңеюде. Ислам әлемін соңғы 30 жыл жүйелі «бомбылап» жатыр. Ауғанстаннан бастады. Бәрі осы жерден бастау алған. Оларды бүгін «ИГИЛ» деп атайды, 80-жылдары оларды «моджахедтер» немесе «душмандар» деп атаған. Қазіргі Сирияда, Ауғанстанда, Иракта жүріп жатқан соғыс сыртқы күштердің араласуының нәтижесінде бұрқ етті.  Мұны қолдап отырған да сол сыртқы күштер. АҚШ басқа да ислам елдерінің ішінде гибридті соғыстың таралуына мүдделі. Келесі кезекте – Орталық Азия және Қазақстан…

Керридің келгенінен Орталық Азияға қандай да бар нақты пайда болады деп ойламаймын. Американың бұл аймақта экономикалық жобасы жоқ, Вашингтон нақты бір дүние ұсына алмайды. Сапардың басты мақсаты – іскерлік (бизнес) және саяси элитамен тіл табысу. Неге? АҚШ-қа өзінің ықпалын кеңейту, күшейту үшін сөзге көнетін саясаткерлер мен бизнесмендер керек.  Бірақ, олардың тағдырын қараңыз. Ходорковский, Әблязов, Березовский (марқұм болып кетті) және Ющенко…Жоқ, бұларды басыбайлы құл қылады деген сөз емес. АҚШ-та әлгіндей саясаткерлерді білдіртпей, өзіне тартып алатын түрлі бизнес тәсілі бар. Сенбейсіз бе? Бір кезгі грузин президенті, қазіргі Одессаның әкімі Саакашвилидің карьерасына қараңыз. Оның қалыптасуына, өсуіне бастан-аяқ көмектескен Америка. Сондықтан Керри Орталық Азияға жергілікті іскерлік және саяси элитамен танысу үшін, бірінші кезекте олардың арасында ақылға көнетіндерді қағазға түртіп алу үшін келді.

Ресейге Керридің келгенінен қауіп жоқ. Себебі, АҚШ Орталық Азия мен Қазақстанға ештеңе ұсына алмайды. Демек, ешқандай экономикалық байланыс жоқ болса, ендеше ешқандай әріптестік те жоқ. Бұл дегеніміз – АҚШ-тың бұл аймаққа қатысты көздеген мақсаты басқа дегенді білдіреді. Қандай? Өзінің Ауғанстандағы ықпалын күшейту, онымен қоймай Түрікменстан, Өзбекстандағы ықпалын кеңейту.

эскиз-карикатуры-Қазақстан, Тәжікстан және Қырғызстан Ресеймен бірге ортақ әскери одақта. Тиісінше, бұлардың мүддесі ортақ. Бұл –аймақтағы қауіпсіздікті сақтау, тереңдетілген еуразиялық интеграция, кедендік шекараны ашу, тауардың еркін айналымы. Ал АҚШ-тың аталған аймақта біздің ұстанымға сай келетін мүддесі бар ма? Жоқ. Сондықтан Керридің келгенінен де ешқандай пайда жоқ, бұдан жаңа мүмкіндік ашылмайды. Керісінше, аймаққа қатер төндіруі мүмкін. 

Оның келгенінен ештеңе өзгермейді. Түрікменстандағы жағдайға қатысты қандай да бір ілгерілеу болатын шығар. Соңғы кездері Ашхабадтың Ауғанстанмен арадағы шекарасында маза жоқ. Түрікмендерге жаңа одақтас керек, демек. Ал өзбек президенті Ислам Кәрімов өз елінің басқа ешбір мемлекетпен әскери одаққа бірікпейтінін айтқан. Керри Кәрімовтен үміттенбей-ақ қойсын.

 Орталық Азиядағы АҚШ «қызығып» отырған тағы бір ел – Моңғолия. Бірақ, моңғол экономикасы басыбайлы Қытайға тәуелді, сондықтан ол жақта Керри Пекиннің қарсылығына тап болады. Бұл бізге қатысы жоқ ойын. Бұл жақта мүлде басқа партия ойналып жатыр.

 

Юлия Якушева2Юлия Якушева, саясаттанушы:

Қазақстан бізді сатпайды

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Орта Азиядағы барлық мемлекеттерді аралап шықты. Мұның үлкен мәні бар. Американың Мемдепартаменті бізге телеарналардан көрсетілген әріптестік байланыс үшін ғана келген жоқ. Стратегиялық тұрғыдан қарастырсақ Керри сапары аймақтағы АҚШ-тың ықпалын күшейту және екіншісі: Ресейдің ықпалын азайту. Жалпы бұдан бұрын Орта Азияға Жапония үкіметбасшысы келіп кеткен болатын. Ал Жапония Американың ең жақын әрі ең сенімді әріптестерінің бірі. Болашақта Жапония АҚШ-қа 12 мемлекеттен тұратын Транстынықмұхиттық еркін сауда аймағын қалыптастыруға көмектеседі. Америка осы арқылы Азия-Тынықмұхит аймағында Қытайға «соққы» жасамақ. Осының нәтижесінде Орталық Азияға Қытайдың экономикалық ықпалы төмендейді. Бұл тарапта Джон Керридің: «Орта Азияда Инвестициялық және энергетикалық жобаларды жүзеге асыруға әзірміз» деуі тегін емес.

Әрине, бұған аталған аймақта орналасқан мемлекеттер қалай қарайтыны әзір белгісіз. Иә, олар америкалық инвестицияға қызығады. Бірақ, бұл тарапта нақты қандай да бір келісімге қол қойылған жоқ.  Меніңше, Түркменстан мен Өзбекстан Америкамен әскери әріптестікке қол қоюға әзір. Ал Қазақстан өзінің сыртқы саясаттағы бағдарына берік.Ол өзінің жақын әріптестерін сатпайды…

 

Қазақстан не дейді?

Даурен 1Дәурен СӘКЕНҰЛЫ, саясаттанушы:

Келді-кетті, бұл – әдепкі жұмыс сапар

Негізінде Орталық Азия өте күрделі әрі өте маңызды аймақ. Бізге «қызығып» отырған әлемдік державалар бар және бола да береді. Бұл Ресей, АҚШ, Қытай…Орталық Азияға қатысты әрқайсысы өз стратегиясын құрып қойған. Осы арқылы аймақтағы ықпалын кеңейтуді көздейді. Аталған аймақта айтарлықтай ықпалға ие болса, кейіннен тұтас Каспий аймағына, Таяу Шығысқа және Оңтүстік Азияға қатысты жоба-жоспарларының жүзеге асарын біледі, өйткені. Демек, Орталық Азия геосаяси тұрғыдан аса маңызды стратегиялық кеңістік деген сөз.

Американың мемлекеттік хатшысы Дж.Керридің іссапары әдепкі сапар. Кейбіреу ойлағандай мұның астарында Американың «әлемді билеу» атты астыртын әрекеті жатқан жоқ. Көрдіңіздер, куәсіздер саяси, бірақ негізінен сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық саладағы әріптестік мәселесі көтерілді.

Орталық Азия Керриді жақсы қарсы алды. Бұл аталған аймақта орналасқан барлық елдердің АҚШ-пен әріптестікке әзір екенін білдіреді…

 Керридің сапары АҚШ пен Орталық Азия елдерінің арасындағы бүгінгі және болашақтағы байланыстарды дамытуға, жетілдіруге жол ашады. Оны барлық мемлекет басшыларының қабылдауы тегін емес. Орталық Азиядағы барлық ел басшылары аймақтағы тұрақтылықтың сақталуына мүдделі. Бұл – түсінікті. Бірақ, АҚШ бізге қатысты өзінің мемлекеттік мүддесіне сай ұзақмерзімді стратегиясын әлдеқашан жасап қойған.

trip-mapРесей Керридің келгенін жамандыққа жорып жатыр. Керри бүлдіргісі келсе, бұған себеп табар еді. Мысалға, мүдделері тоқайласпай отырған аймақтағы мемлекеттің бірін қолдап, енді біріне «сенікі дұрыс емес» десе жетіп жатыр. Ол өйткен жоқ. Демек, Америкаға да бұл аймақтың тыныштығы қажет.

Керридің сапары нәтижелі болды деп ойлаймын. Күллі елдің сыртқы саясатының сөзін сөйлейтін адам Орталық Азияға келсе мұның бүгіндік қана емес, ертеңгілік те маңызы бар.

АҚШ-тың Орталық Азиядағы ықпалы күшті емес. Аймақты өзінің «стратегиялық тылы» санайтын Ресей мен Қытай біздегі барлық оқиғаларды қадағалап отыр. Кейбір ресейлік сарапшылар сөз еткендей, Керридің келгенінен Орталық Азиядағы кейбір елдердің сыртқы саясаттағы бағдары өзгермейді. Жалпы бұлай ойлаудың өзі қисынсыз сияқты. Американың сөзін сөйлесе, бұл Ресей мен Қытайға жақпайды. Орталық Азиядағы ешбір ел мұндай «радикалды» қадамға бара қоюы неғайбыл. 

 

Қырғызстан қалай ойлайды?

Денис Бердаков 4Денис БЕРДАКОВ, саясаттанушы:

Қырғызстан Керриге ренжулі

Ұлттық мүддесіне сай келетін мәселелерге түсіністікпен қараса, Қырғызстан кез келген мемлекетпен әріптесуге әзір. Бұған осы жолғы сапарында Керридің көзі жетті. Бір нәрсе байқалып қалды: Американың Мемлекеттік департаментіне Қырғызстанмен арадағы әріптестікті қайта жандандыру немесе жақсарту қажет болып тұр. Осы жаздағы жағдайды білесіздер, Америка қырғызстандық қорғаушы Азимжан Асқаровға «Адам құқығын қорғаушы» премиясын бергесін мұны «арандату» деп санаған қырғыз билігі Америкамен арадағы дипломатиялық қатынастарды үзген. Керри сол жолы АҚШ-тың неге бұлай еткенін айтып, «ақталған» болды. «Қырғыз билігі бізді дұрыс түсінбепті. Мемлекеттік департамент бұл премияны Асқаровтың бір елдегі ғана емес, жалпы адам қорғау құқығындағы сіңірген еңбегіне байланысты берді», – деді Керри. Демек, Америка Қырғызстанға «кел, қайта достасайық» деп отыр. Бұдан кейін қырғыз билігінің геосаяси мақсат-мұраты өзгеруі мүмкін бе? Таңғаларсыз, бірақ жоқ.

Дәл қазір Қырғызстанға АҚШ емес, Ресей қажет. Неге? Себебі, Ислам мемлекетінің қаупі күшеюде, тұтас Орталық Азия турбулентті жағдайға жақын тұр. Оның үстіне қазіргі президент командасының (парламенттің) өзі ресейшіл. Әрине, бұл АҚШ-пен арадағы әріптестік нашарлай береді деген сөз емес.

Дәл қазір Қырғызстанға АҚШ-та, Ресей де, Қытай да қауіпті емес. Қауіп елдің өз ішінен. Билікке «жегіштер» тағайындалса, жетіп жатыр. Билік дегеніміз – ақша. Әлгіндей «жегіштер» (бұлар жай «жегіштер» емес саяси кландар) ақшаға таласса, бұл өз кезегінде президенттің рейтингіне әсер етіп, саяси элита арасындағы ұрысқа ұласады. Бұл – Қырғызстанға қызығушылығы бар сыртқы күштер, корпорациялар және террористік топтар үшін билікті төңкерудің ең тиімді амалы.

 

Константин ЛАРИОНОВ, саясаттанушы:

ларионов 1Керри – тапсырманы орындаушы ғана…

 Кейбіреулер Керридің келгенін АҚШ-тың Орталық Азиядағы ықпалының әлсіреп бара жатқанымен түсіндіреді. Бәлкім, шынымен де солай шығар. Себебі, АҚШ-тың сыртқы саясатында мынадай стратегия бар: «уысынан шығып бара жатқан аймақтарды көзбен көреді». Демек, Керри Орталық Азияға келуі арқылы Американың бұл аймақтағы ықпалының не себепті әлсіреп бара жатқанын көзбен көру үшін және бұл жақта не болып жатқанын білу үшін келді. Керри Орталық Азиядағы 5 мемлекеттің әлеуетін бағалап кетті. Әрине, оған Мемлекеттік департамент қана емес, Америкадағы бірқатар ірі инвесторлар да өтініш айтқаны анық. Орталық Азияға келіп-кеткен Керри әлгі инвесторлаға нақты қай салаға қаржы құюға болатынын айтады. Бұл да ықпалды күшейтудің бір жолы.

Керри келе отыра АҚШ-тың Орталық Азияға қызығушылығы төмендемегенін көрсетті. Бірақ, Америка нақты неге назар аударып отыр, оның қызығушылығы неде? Мұны білмейміз. Негізінде, білу, зерттеу керек.

 

Тәжіктер не түйді?

Хайрулло МирсаидовХайрулло МИРСАИДОВ, саясаттанушы:

Орталық Азияны саяси катаклизм күтіп тұр

Керридің келгенін ешқандай саясатқа сыйғызбайтындарға таңғаламын. Орталық Азия үшін жаңа күрес басталды, негізінде. Керридің сапары осыны дәлелдейді. АҚШ Ресейге қарсы майданның үшінші шебін (Украина мен Сириядан кейін) ашты. Жапония премьер-министрі Синдзо Абэнің Орталық Азияға сапары Керридің келісінің алдындағы барлау болатын. Миллиондаған доллар тұратын келісімшарттар ұсынған Жапония Орталық Азиядағы кейбір елдерді Батысқа жығып берді. Осылайша Керридің жұмысын жеңілдетті. Иә, Тәжікстан мен Қырғызстан Жапониядан түк алған жоқ. Абэ келді, кетті. Болды. АҚШ бұл елдерді Ресейдің одақтасы санайды.

АҚШ-тың Орталық Азияға қатысты үлкен стратегиясы бар. Соның бірі – мемлекеттердің арасына от салу. Бұл – менің болжамым, бәлкім сіз келіспеуіңіз мүмкін.

Американың ең негізгі мақсаты – Орталық Азия, оның ішінде Ферғана аймағын экстремизм мен терроризмнің ошағына айналдыру. Бірақ, мұны Путин болдыртпай отыр. АҚШ-тың бұған қатысты жоба-жоспарын Ресей білмейді емес. Сондықтан Америка аталған аймақтағы жағдайды тұрақсыздандыруға ашық бара алмайды. Орталық Азиядағы тұрақтылықтың сақталуына жалғыз Ресей емес, Қытай да мүдделі. Байқар болсаңыз, аймақтың қазіргі күнгі ең басты инвесторы осы – Қытай, Ресейді екінші кезекке сырғыды. Осылайша Путиннің екі проблемасы бар. Бірі – АҚШ, екіншісі – Қытай.

АҚШ Еуразиялық одаққа қарсы екенін әлденеше рет айтқан. Украиндағы оқиғалардың өзі АҚШ-тың Ресейге қарсылығы, тиісінше Ресейдің Украинадағы ықпалын күшейтуге тырысуының нәтижесінде бұрқ етті. Ферғананы бекер айтқан жоқпын. Соңғы 2 жылда үш мемлекеттің шекарасымен шектесетін бұл аңғарда көптеген шекаралық қақтығыстар болды. Батыс талас тудырып отырған аумақта Қырғызстанға жол салуға көмектесіп, отқа май құйды.

Қорыта айтсам, қауіп бар. Орталық Азияны саяси катаклизм күтіп тұр. Оның үстіне аймақтағы  бірқатар мемлекет басшылары ауысуы мүмкін….Бүгін болмаса да, болашақта. Ал мұндай жағдайда аймаққа талас күшейе түседі.

 

Хурсанд Хуррамов 1Хурсанд Хуррамов, саясаттанушы:

Керри «кешігіп» келді…біз Ресейдің вассалына айналып үлгердік

Қысқа да нұсқа айтайын. Әлемдік саясат дегеніміз – үлкен ойыншылардың арасындағы бәсеке. АҚШ-қа не маңызды? Аймақтағы Ресейдің ықпалын азайту, Орталық Азиядағы елдердің тұтастай Ресеймен интеграциялануына жол бермеу және Қытайдың экономикалық ықпалының күшейюіне тосқауыл қою. Негізінде, АҚШ кешігіп қалуы мүмкін. Тіпті, Керри «кешігіп келді» деп айтуға болады. Бірақ, «ештен кеш жақсы».

Керри келді. Бірақ, ол Орталық Азияның мемлекет басшыларына не ұсынды? Сайып келгенде АҚШ-тың экономикалық және саяси үлгісі неғұрлым тартымды болған сайын, соғұрлым Ресейдің ықпалы азая түсетінін Керри жақсы біледі. Бірақ, Орталық Азия мемлекет басшыларының арасында осылай ойлайтындар бар ма? Мәселе осында. 

 

Дайындаған, Думан БЫҚАЙ