Back

Тәуелсіздікке үлкен үлес қосқан тұлға

Тәуелсіздік жылдары еліміз тарихи тұрғыдан қысқа мерзім ішінде ғаламат табыстарға қол жеткізгені белгілі. Осы әрбір жеткен жетістіктің артында түрлі салада жан аямай қызмет еткен азаматтардың еңбегін байқауға болады. Қазақстанның тәуелсіздігін нығайтып, ел үшін тынымсыз еңбек еткен аптал азаматтардың бірі – Әділмырза Бейсебайұлы Маралов. Ол барша Қазақ жерін алтын бесігіне балап, өмірінің соңына дейін еңбектен қол үзбеді. Ол шебер ұйымдастырушы, көрнекті ғалым ретінде еліміздің тамақ өнеркәсібінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан санаулы азаматтардың бірі.

Қоңыр күзде айнала алтын түске боялып, ағаштардың жапырақтары сусып жерге түскенде ҚР Ұлттық Инженерлік академиясының белсенді мүшесі, еліміздегі жеңіл өнеркәсіп саласының білікті маманы, ғылым мен өндірісті ұштастыра отырып,   оның көрнекті ұйымдастырушысы болған Әділмырза Бейсебайұлын еске алатын болдық. Жүректе сақталған, көңілде өшпестей болып орын алған Әдекеңнің жарқын жүзі көз алдымызға  елестеп, тәтті естеліктерден күш-қуат алатындаймыз…

Асыл азаматтың жарқын бейнесі көзден кетсе де онымен сыйлас аға-іні, әріптес-замандас болған жандардың көңілінен өшкен емес.

Әдекең ғылым саласында алға қойған мақсаттары мен ғылыми-зерттеу жұмыстарын іске асыруда ҚР Ұлттық Инженерлік академиясымен және оның президенті  академик Б.Жұмағұловпен  тығыз жұмыс істеді. Ол академиямен бірлесіп, жеңіл өнеркәсіп саласының маңызды тармағы саналатын тамақ өнеркәсібін дамытуға өлшеусіз үлес қосты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Еліміздің ең ірі қалалары – Астана мен Алматыда азық-түлік белдеуін қалыптастырып, бұл өнімдердің сапасын жоғарылатуды және Еліміздің тұтынушылық сұранысын  қамтамасыз етуде ғалымдардың  көңіл бөлу керектігін тапсырған еді. Бұл тапсырманы орындауда да Әділмырза Бейсебайұлы білек сыбана кіріскен болатын. Ол Қазақстан Республикасының Ұлттық Инженерлік академиясында  Тамақ өнеркәсібі мен халыққа тұтыну тауарлары Бөлімшесінде   маңызды ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуге мұрындық болып, тамақты жаңа технологияларды өндіріске енгізіп, Алматының ырысын арттырды.

IMG_0247Өткен жылы ҚР Ұлттық Инженерлік академиясының президенті Бақытжан Жұмағұлов Ресей астанасы Мәскеуде орналасқан Халықаралық инженерлер академиясының жылдық сессиясының Төрағасы қызметін  атқарған тұста Дүниежүзінің 42 елінен келген ғалымдардың алдында  Әділмырза Мараловтың маңызды ғылыми-зерттеу жұмыстарын талдап, таразылап түсіндіргенде әлемнің әр қиырынан келген ғалымдар Әдекеңнің ғылыми еңбектеріне қатты қызыққан болатын. Осы тұрғыдан алғанда Әділмырза Бейсебайұлының маңызды ғылыми жұмыстары өз ішімізде ғана емес, сырт елдерде де жоғары бағаға ие болғанын байқауға болады. Осылайша көрнекті ғалым, шебер ұйымдастырушы көзінің тірісінде еліміздің абыройын асқақтатып, қазақ ғылымының өрісін кеңейткенін ерекше атап айтуға болады.

Алматыдағы, сол кезеңдегі ел астанасындағы нан өнімдері комбинатын басқарған Ә.Маралов тәуелсіз еліміздің өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосты. Өз мекемесіндегі жұмысты уақыт талабына сай ұйымдастыра білген Әділмырза Мараловтың басшылығымен «Нан өнімдері комбинаты» да жекешеленіп, 1992 жылы «Алтын Диірмен» ашық акционерлік қоғамына айналдырып, елдің ырысын арттырғанына куә болдық. Қиын кезеңде жүздеген жұмысшылардың жалақысын тауып, миллионнан астам тұрғыны бар алып шаһардың азық-түлікпен қамтамасыз етуде жан аямай күрескен аптал азамат қашанда ел мүддесін жоғары қоя білді. Бозбала шағынан жұмыс істеп, «еңбек нанының» қадірін бір кісідей білетін Әдекең талай қиындықты абыроймен еңсеріп, жұрттың ықыласына бөленгеніне бәріміз куә болдық.  Маңызды кәсіпорынның бірінші басшысы болып қызмет еткен Әділмырза Бейсебайұлы өндірістің озық әдістеріне баса назар аудара отырып, корпорация шығаратын барлық өнім түрлерінің өндірісін жаңа, заманауи деңгейге көтеру арқылы кәсіпорынның негізгі бағыт-бағдарын сақтады.

Өндірістік қызметтермен қатар Әділмырза Бейсебайұлы қоғамдық-саяси істерге де белсене қатысты. Ол ұзақ жылдар бойы Алматы қаласы мәслихатының депутаты, «Нұр Отан» партиясының депутаттық фракциясының жетекшісі, «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық бөлімшесінің Саяси кеңесі бюросының мүшесі, Алматы қаласы Түрксіб ауданының депутаттық тобының  төрағасы қызметтерін атқарғанын бәріміз білеміз. Тек Түрксіб ауданы көлемінде ғана емес, жалпықалалық мәселелерді шешуге белсене қатысқан Әділмырза Бейсебайұлы өндірістік және қоғамдық қызметті көлемді ғылыми жұмыстармен шебер ұштастыра білді. Депутат ретінде өз ісіне жауапты әрі ұқыпты ол айналасындағыларға қашанда қамқорлық танытып, қолынан келгенінше көмек қолын созды. Аз ғұмырында адамдықтың үлгісін көрсетіп, халық қалаулысы мәртебесін көтерген аптал азаматтың жарқын бейнесі, өнегелі істері бәріміздің жүрегімізге жатталып қалғаны анық. 2001 жылы «Алтын-Диірмен» корпорациясын заман талабына сай басқарып, өндірісте заманауи жаңалықтарды енгізген Әділмырза Маралов Өнеркәсіпке Жәрдем берудің еуропалық қауымдастығының (SPІ) алтын медалі мен есімдік сертификатына ие болды. Ол Қазақстан экономикасын өркендетуге қосқан үлесі үшін Елбасының Жарлығымен 2008 жылы «Құрмет» орденімен, мерекелік медальдармен марапатталды.

Соққан желдей, аққан селдей зымырап өте шыққан қайран жылдардың қайтып келмесі анық болса да, сол бір нұрлы белестердің  көңілден кетпейтін, жүректен өшпейтін мағыналы да мәнерлі, сағынышты да әсерлі сәттері кейде көз алдында Көкше теңіздің көгілдір айдынындай, Іленің иірімді толқынындай үйіріліп тұра қалатыны белгілі. Иә, сағымды жылдар сағыныштың, тіпті тәтті мұңның елесі сияқты екен-ау.

Туған жерін, туып-өскен белін сағынбайтын адам болмайды. Әділмырза Бейсебайұлы –  көпті көрген көнекөз кісі ғой, әдебінен жаңылмайды, көп көсемсіп сөйлей бергенді де ұнатпайтын. Бірақ туған ел, өскен жер туралы пайымы бөлек болатын. Әсіресе, оның туған жер, атажұртқа деген перзенттік құрметі шексіз екені байқалып тұрушы еді. Бұл сезім оның бүкіл саналы ғұмырының алтын қазығы іспетті. Қария көңілдің дария шалқар сезімі телегей екендігін біз де бірте-бірте ұғына түскендейміз.

Табиғаты сұлу, ауасы жұпар, шөбі құнарлы өңір көне Тараздың кескін-келбетіне сай оның адамдарының да жүзі шуақты, дені қуатты болып келеді. Бұл – табиғи заңдылық қой. Өзі де ширақ, пысық Әдекең өз ауылының адамдары шетінен ақжарқын, сауыққой, жайсаң көңіл, жомарт жандар болып көрініп тұратын. Әдекең өзінің саналы ғұмырында өзіні осы жайдарлы мінезінен айныған емес. Ауылдан үйіне біреу келе қалса, еңкейген қартынан бастап, еңбектеген баласына дейін аман-есендігін сұрап, білгісі келіп тұратын. Асылы, ата-бабаларымыздың қанына сіңген осындай жақсы қасиеттерінің жұрнағын жоғалтып алмауға Әдекең сынды азаматтардың дәнекер болып жүргендерінің өзі үлкен бір ғанибет еді.

Ол өнегелі өмірі, өрелі ісімен, азаматтық-адамгершілік болмысымен соңына жарқын із қалдырған мемлекетшіл тұлғалардың бірі болды. Көне Тараз топырағынан түлеп ұшқан Алматы қалалық мәслихатының бірнеше шақырылымының депутаты, Алматыдағы «Алтын Диірмен» корпорациясын ширек ғасыр басқарып жұртшылықтың ықыласына бөленген Әділмырза Бейсебайұлы тегіне қарасаңыз, қазақ тарихының кіндігіне айналған ежелгі Тараз топырағымен тығыз байланысты.

Көне заманнан бері Талас, Әулиеата, Жамбыл атанып, Тәуелсіздік тұсында тарихи Тараз атауын қайта иемденген оңтүстіктің қаласы қаншама тарихқа куә болды десеңші. Қасиетті Тараз топырағында дүниеге келіп, елге қамқор, жерге қорған болған небір ерлердің бүгінгі тұяғындай Әділмырза Маралов та осы ордалы Отанның перзенті. Осы тарихи топырақта дүниеге келіп, ес біліп, еңсе тіктеді. Көпбалалы шаңырақтың ұланы кәмелет жасына толысымен еңбекке араласты.

Еңбек жолын 1970 жылы Жамбыл шарап зауытында слесарь болып бастаған бозбала еңбекпен тапқан нанның дәмін шын мәнінде білді. Еңбекпен табылған ас атасы – нанның кейінгі өмірінің тура мағынасындағы өзегі болатынын бозбала Әдекең ол кезде ойламаған болар. Десе де, Әділмырза Мараловтың кәсібі мен еңбек жолы тамақ өндірісі, оның ішіндегі бидай-нан саласымен жалғасқаны рас. Бұл оның еңбек адамынан ел ағасы, халық қалаулысы болғанға дейінгі білім, еңбек жолы.

Әділмырза Мараловтың жоғары білім жолы Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі институтында өтті. Институтты ойдағыдай бітірген жас маман Жамбыл облыстық нан өнімдері басқармасының техникалық бөлімінде инженер қызметін бастады. Жоғары білімін тәжірибемен ұштастырған ол Бірлік нанқабылдау мекемесінің бас инженері қызметін атқарды.

1981-1983 жылдары Шу қалалық партия комитетінің өндірістік-көлік бөліміне нұсқаушы болып шақырылған Әділмырза Мараловтың партиялық-ұйымдастырушылық саладағы алғашқы қадамдарының да негізі қаланғандай. Кейін халық қалаулысы, корпорация басшысы сияқты жауапты тірліктердің бастауы іспетті.

Айтқандай, Ә.Мараловтың еліміздің жеңіл және тамақ өнеркәсібі саласындағы кәсіпорын басшылығы қызметі осы 80-жылдардан басталады. 1983-1989 жылдарда Жамбыл облысы Шу аудандық нан өнімдері реал базасының директоры, 1989 жылдың тамыз айында баламалы сайлау негізінде Алматы нан өнімдері комбинатының директоры болып сайланды. Бұл кеңестік-партиялық жүйенің әлсіреп, алып елде демократия, халық пікірі қанат жайған кезең болатын.

1990 жылдар жетпіс жылдан астам уақыт билік құрған кеңестік жүйенің, осыншама уақыт жалғыз өзі билік еткен коммунистік партияның соңғы тұяқ серпер жылдары болды. Осы жетпіс жылдан астам уақытта барын ортақ қазынаға салып, Мәскеу деген орталықтың бөліп бергенін ғана місе тұтқан 15 республика тарих талабымен тәуелсіздікке қол жеткізген тұс болатын. Алып империяның түпсіз қазанын нанмен толтырған негізгі республика Қазақстан да 1991 жылы егемендікке қол жеткізді. ҚазақКСР-ның 1930 жылдарда өзі ашаршылықта болса да, барын орталыққа жібергеніне, 1940-1950 жылдарда Ұлы Отан соғысының негізгі тылы болғанына, тың игеріп, кеңес халқының аузын ақ нанға жеткізгеніне тарих куә.

Адам жаны, бейне ашылмаған арал іспетті. Ол аралда тынысты ашатын жұпар ауасын жұтып, кемпірқосақтай құбылған жасыл әлемде алшаң басып, өзінше тіршілік еткен, өзгеше өмір соқпағын сызған тірі жан иелері өріс тауып өріп жүреді. Адам мен табиғаттың будандаса, орайласа өмір сүруі осындай-ақ болар деп ойлайсыз!

Абай атамыз айтқандай, Әдекең «атаның баласы емес, адамның баласы» бола білген жан еді. Оған Құдай берген ұлы мінез – қарапайымдылығы, бауырмалдығы, кәрі-жасқа бірдей мейірбандығы еді.

Жақсы адам елдің басшы серкесіндей,

Жұғымды болар елге еркесіндей.

Жақсының жүзі жылы, сөзі майда,

Халқының қалың жүнді көрпесіндей, – деп Сүйінбай ақын жырлағандай, жеке басының асыл да айнымас адамгершілік қасиеттерімен жан-жағына сәуле шашып, жылылық ұялатып тұратын ақ жүректі, нар тұлғалы асыл азаматтың асқар асулары мен жеткен биіктері жайлы қанша айтсаң да таусылмайды.

«Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» дейтін ұлы қағида қазығына сөзі мен ісін байлап өскен Әдекең қайда жүрсе де, қандай қызметтің құлағын ұстаса да ойын тура айтар мінезі мен табандылығы, ауылшаруашылығының жай-жапсарын мықты білетін кәсіби қабілет-қарымының кеңдігі мен тереңдігі әрқашан байқалып тұратын. Қай қызметті атқарса да ол адалдығымен, қабілет-қарымымен әрі кәсіби шеберлігімен дараланды. Осылайша туып-өскен жеріне, қадірін ұққан еліне адал қызмет қылудың үлгісін танытты. Елі үшін аянбай тер төгіп, абыройлы азамат, ел ағасы атанды. Қашанда, қай лауазымның тізгінін ұстаса да биязы мінезінен ауытқымай, білсем, білген үстіне біле түссем деген ұсынақты ұстанымынан танбады. Ең бастысы, көкірек көзі ашық, һәм көргені мен түйгені көп мол қазыналы, зерек те зерделі жан шын мәнінде аға ұрпақтың атына заты сай лайықты өкілі ретінде таныла білді.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын…» демекші, Әділмырза Бейсебайұлы ауыл өмірін, ел тынысын, халқымыздың салт-дәстүрін, шұрайлы тілін жақсы білетін ол қай тақырыпта әңгіме қозғалса да оған еркін араласып, өз ойын ашық білдіріп отыратынымен ерекшеленетін.

Жүктелген міндетті абыроймен атқарып, көптің алғысы мен ризашылығына бөленіп, тәжірибесін толыстырып, елге аға болған азамат іскерлігін көрсетіп, білім-білігін ортаға салып, қажыр-қайратын ортақ мүдде жолына жұмсады. Қандай іс тапсырылса да тосырқай қарамайтын, жаңалық атаулыны жатсынбайтын, қай шаруаны атқарудан да тартынбайтын, батыл кірісіп кететін Әдекең еліміз егемендігін, мемлекетіміз тәуелсіздігін алған, экономикада нарықтық қатынастарға көшкен кезеңде де бірталай жұмыстың басын қайырды. Ол өмірінің соңына дейін қатардан қалмай, өмірдегі бар көрген-түйгені мен жиған-тергенін кейінгі ізбасарларына, қала берді ұрпақтарына жалғастыруды мұрат тұтты.

Әділмырза Бейсебайұлындай ұлтжанды азаматтың арамызда жоқтығы анық байқалады. Бірақ оның істеген ісі, жайдары мінезі жүрегіміздің  тереңінде мәңгіге тұнып қалған. «Жақсының соңында жақсы із қалады» деген бабаларымыз.  Әділмырза соңына жақсы іс, жақсы із, ұлағатты ұрпақ  қалдырып кетті.  Ол отбасында адал жар, балаларына асқар тау әке, немерелеріне  сүйікті ата бола білді.

 

 

Жомартов Ә.Ч., ҚР Ұлттық Инженерлік Академиясының вице-президенті, академик

Ізбасаров Д.С., ҚР Ұлттық Инженерлік Академиясының Тамақ өнеркәсіп және халыққа тұтыну тауарлары Бөлімшесінің төрағасы, академик