Back

ҚАСҚАБАСОВ

Ұстазым,  академик  Сейіт Асқарұлы  – батыс пен шығыс мәдениетін қатар меңгерген,  сол биіктен өз  ұлтының руханиятына  терең үңіліп, байыпты баға бере алатын   зерек  тұлға.  Әдетте, кейбір кісілер батыс мәдениетіне ауып кетсе, өз елінің топырағына орала алмай будан күй кешеді, ал қазақы аяда қалғандары қазақбайшылықтан бойы аса  алмай, бөгде құндылық атаулыны жат көріп, тағы да  жарымжан халде жүреді.

Менің ұстазым Еуропаның классикалық өнеріне тағзым етіп, ұнатқанымен қоймай, халық өлеңінің небір үлгілерін өзі де шырқап, қоңыр кеште қоңыр домбырасымен сырласа алатын ерекше жан. Оған  мәдениет атаулы жат емес, орыстың частушкасын тойларда жатқа айтса,  қазақтың «угәй-айын»  кез-келген сәтте қалықтатып айта береді. Оның былайша бесаспап боп  қалыптасуына, кеңірек қарасақ, мәдениеттер типологиясын зерттеуге бағытталған фольклоршы мамандығы, өскен ортасы, оқыған мектебі,  ғылымға жолын ашқан ұстазының тәлімі әсер еткен болуы керек.

Ол  ұзын Ертіс  тулап құятын Зайсан  көлінің жағасында туып,  қарлы шыңы көк тіреген  Алтай тауының  баурайларында балалық шағын өткізеді. Соғыс жылдарында  анасы Скотимпортта еңбек еткендіктен,  бала Сейіт ат жалын ерте тартып мініп, туыстарымен бірге мал айдаумен шұғылданады. Оған жылқышының қара қосы, қойшының қоңыр күркесі, аңшының қара бақыры  сол кезден-ақ етене таныс болады. Сейіт ағаның анасы Әужан ақындық қабілеті бар, өлең жазатын, ән салатын арқалы жан болған екен. Ағаның халықтың  ән-жырына құштар болуы ана әлдиімен бірге дарыса   керек.

Сейіт ағаның әкесі Асқар атамыз  соғыс басталардан бұрын Зайсанда ұжымшар басқарады. Әужан анамыз Сейіт аға құрсағына біткенде, бір қара еркек қойды көзі шалып, соған  жерік болады да, Асқар атамыз оны сойып, жұбайына жегізген деседі. Эпостағы аналарымыз  болашақ батыр өмірге келерде  айрықша аңның етіне жерік болатыны белгілі. Сол секілді Сейіт ағамыздың өмірі де ғажайыптардан бастау алады. Фольклордағы өзгеше туу рәсімі орындалған соң ғажайып бала Сейіт өмірге келеді. Сейіт ағаның ештеңеден жасқанбайтын, турашыл  қайсар мінезі сол қойдың қара өңінен жұқса, жомарт та жылы табиғаты сол қасиетті малдың берекетінен дарыған секілді көрінеді маған.

Сейіт аға сұлулыққа құштар, эстет, сезімтал жан. Ол Арқаның әндерін асқақтатып айтады. Әсіресе,  туған жері Зайсан мен Марқакөл әндерін біздерді  көргенде елжіреп шырқайтыны бар. Өлең поэтикасын керемет талдайды, өзі де өлең жазады. Өлеңнің ішкі бітіміндегі қарама-қайшылық, мифтік диалектика туралы көптеген ойтамызық тастайды шәкірттеріне. Мұндай қызықты тұжырымдарын «поэзиялық  образ логика емес, керісінше логикаға қарсы құрылады» деп түйіндейді.

Сейіт аға нағыз ғалым болғандықтан, білімнің қадірі мен қасиетін, қиындығы мен қызығын бір адамдай парықтап, парасатты ой тастап отырады. Ол ешқашан да кеуде соғып, мен бәрін білем деп тоқмейілсіп көрген емес. Шәкірттеріне «Білетінім бір тоғыз, білмейтінім тоқсан тоғыз», «кітапты көп оқыған сайын өзіңнің аз білетінің көріне бастайды», «қателесем деп қорықпа, қателесуге әркімнің қақысы бар,  қателік дұрыстықты тудыруға себеп, күдік ғылымды дамытуға түрткі» деп жастарға кішіпейілдікпен, кешіріммен  қарайды. Шәкірттерінің буыны бекіп, жасқаншақтыққа ұрынбай, ғылым көкжиегіне   қанат қағып кетуге баулып, талпындырып отырады.

Сейіт ағаның ең үлкен қыры – жастарды тәрбиелеу, білетінін шәкірттеріне жалықпай үйрету. Оған бұл мінез ұстазы,  профессор Н.С.Смирновадан жұқса керек.

Сейіт ағаның аса бай кітапханасы бар. Ол шәкірттеріне білгенін және құнды кітаптарын ешқашан аямайды. Әдетте кейбір ғалымдар бір тақырыпты меншіктеп алып, ол туралы біреу жазса, сол адаммен жауласып, жағаласып жүреді, немесе архивтен бір құжат тапса, соны өмірбақи малданып, басқадан қызғанумен өтеді. Бұндай қылық ондай жандарды қызғаншақтық пен іштарлық дертіне шалдықтырып, тұйыққа тірейді. Мұндайлар  туралы белгілі ғалым һәм  жазушы ағамыз М.Мағауин «Архив қазынасы» деген әңгімесінде жақсылап жазғаны бар. Ондай адамдар басқалар менен аз білсе екен деп мысықтілеумен жүрсе, Сейіт аға керісінше шәкірттерім менен артық білсе екен деп, жастарға салмақ салып, қамқорлық жасайды, қаламын ұштай түседі. Ол өз біліміне, еңбегіне толық   сенімді болғандықтан да  ізін қуушылардың өзінен артық қабілетті болуын армандайтын шын ұстаз. Тегінде, ғылым деген дарынды тұлғалардың тудыратын жасампаздығы ғана емес, сан ғасырлар бойы ұжымдық ізденістен туатын ортақ сипаты бар дүние екенін ағаның алдын көргенде түсінесің.  Сонымен бірге қандай бір жеке  халықтың өзіндік дара ғылымы жоқ, ол – әлемдік ақыл-оймен сабақтасып, құндылықтармен, озық теория мен әдіснама, дерекқорымен бір-бірін нәрлендіріп тұратын құбылыс.

Ой-санага


Академик Сейіт Қасқабасов

Қазақ фольклортануындағы көрнекті ғалымдар С.Қасқабасов пен Е.Тұрсыновты КазПИ-ге 1-курсқа түскен күнінен бастап, Н.С.Смирнова Мәскеу бағдарламасымен арнайы дайындапты, кейін ұстазымыз бұл  тәсілді өзінің жас шәкірттеріне де қолданғаны байқалады. Жастық ізденістері бірге өткен фольклортанушы екі ағамызды зиялы орта кезінде «тандем» деп атапты. Олардың басқа әріптестерінен негізгі бір ерекшелігі – екеуі де филология факультетінде орыс тілінде дәріс алуы және Н.С.Смирнова секілді атақты ұстазға шәкірт болуы деп  айта аламыз.

Қазақ филологиясындағы кейбір жағдайларға қарап отырсақ, күні бүгінге дейін оқшауланып,  өз қазанында өзі қайнап,  өзін-өзі қызықтауға тап болғандай аңыс сезіледі. Кезінде О.Сүлейменовтің «Ауылдан келген балалар университетте қазақ филологиясына оқуға түседі, томағатұйық танымда қалады, ақыры өз ауылынан басқаны бағалай алмайтын райондық деңгейдегі патриотқа айналады» деп айтқаны ащы да болса шындық деуге болар. Ал бұл үдерістен  басқа кепте, өзгеше қисында тәлім алған С.Қасқабасов пен Е.Тұрсынов қазақ фольклортануына жаңаша серпін әкелді, соны бетбұрыс жасай алды деп бүгіндері тұжырымдай аламыз. Бұл екі ғалымның алдында ескінің соңы, жаңаның басы боп тұрған,  А.Байтұрсынұлы, С.Сейфуллин, М.Әуезов, Е.Ысмайыловтан жалғасқан алтын шынжырдың  дәнекер буыны – М.Әуезовтің  төл аспиранты, халық өлеңінің білгірі, филология ғылымдарының докторы Б.Уахатов  тұр деуге болады. Сейіт аға  белгілі ғалым  М.Ғабдуллин басқарып отырған Фольклортану  бөліміне диссертациялық жұмысын ұсынғанда еңбегіне оң пікір білдіріп, болашағына тілекші болған Б.Уахатов  еді.

Сейіт аға бізге ғылым әлемінің әліппесін үйретуде жұмысты  қарапайым деңгейде бастады. Ол жаңадан ғылымның табалдырығында тұрған бізді басымыздан сипап, аялап, балапандай баулып, күн сайын қадағалап қана қоймай, ең әуелі конспект жасауды үйретті. Біртіндеп  тәлім-тәрбиені күрделендіре түсті. Бір аптада екі рет белгілеген кестесі бойынша конспектімізді тексереді, оқыған кітаптарымыздан емтихан алады, сұрақтар қояды. Біз оқушыдай түрегеліп тұрып жауап береміз, ұстазымыз бізді  жылы мейіріммен өзіне баурап, бауыр бастырып алғаннан кейін, «басқа жаққа қашпайтынымызға» көзі жеткен соң,  қатқыл мінез танытып, қаһарлана түсетін болды. Академиктің алдында елдің көзінше тірсегің дірілдеп,  тік тұрып жауап бересің,  тапсырма  уақытында орындалмаса, жұмысқа көңілі толмаса,   тұздықты сөздермен сыбап тастайды. Шыны керек, ғылымға өз басым  Сейіт ағаның ақ шашын  сыйлап  қорыққандықтан, ар-намысым оянған себепті еріксіз келген болуым керек. Сейіт ағаның 70 жылдық мерейтойында  «Айқын» газетіне берген  шағын сұхбатымның аты «Қорқып та, сыйлап та тұрамыз» деп қойылуы бекер емес еді.

Сейіт аға кабинетте сұсты, қаһарлы,  ашуланғанда жолбарыстай жанары жарқылдап, қайратты шашынан да айналаға ызғарлы қырау, қылау шашылып тұрғандай сезіледі. Ол – темір тәртіп дәуірінде өмір сүрген, өмірдің мәнін тәртіп деп қана ұққан адам. Ал біздер (өз басым)  «тәртіпсіз», мейлінше еркіндеуміз. Сейіт ағаның айтқанына сәл көнбейін десең, ол өзіңнен білімді, дана адам,  бәрін болжап, біліп тұрады, қарсы келейін десең, оның адамгершілігі, кісілігі  өзіңнен асып жатыр. Ол сонымен бірге адамның ішкі ойын, мінезін оқитындай психолог. Жер жанаты Жетісуда, қасиетті Қаскелеңде нағашысының қолында өскендіктен «Жемісі бар ағаш иіліп тұрады, жемісі жоқ ағаш қайқайып, қақайып тұрады» деп тәмсіл айтып, мансаптың  ызбарлы биігін мансұқтап, қарапайым қалыпқа түсе қалатыны тағы бар. Не өзіңді, не ұстазыңды алдай алмайсың. Ақыры еріксіз мойынсал болып, көндігесің, ғылым мұхитының көкшулан толқынынан сескеніп, қорқып, шанағыңның тар екенін білсең де, Аллаға, одан кейін ұстазыңа сеніп, тәуекелге бел буады екенсің. Аяғында оның айтқанына көніп, той-томалақты күрт сиретіп,  жарқылдаған жиын-топырға да бармай,  журналистік-публицистикалық мақалалар жазып баспасөзде көрінбей, академия мен үй арасын ғана жол қылып, шытырман кітаптар аралының  арасында өмір сүресің. Әрине, басында ақынмын деп «айға атылып» жүргендіктен, азаннан кешке шейін сұр кабинетте сарылып отыруға бірден төселе алмайсың. Бұл кезеңде Сейіт ағаның «ғылымды бас қана емес, негізінен батпандап отырған сабырың жасайды» деген сөзі сені төзімге шақырады.

«Жалғыз жалау жалтылдап, Тұманды теңіз өрінде» дегендей  кітапхана қабырғасында қамалып, алыптармен арпалысып отырасың. Дүниежүзінің ғұламаларымен үнсіз тілдесіп,  небір дана ойларға тоғытыласың,  академиялық ауыр ғылымның салмақты  табиғаты еңсеңді біртіндеп езе бастайды.

Мен академияға алғаш келгенде өздері бәрін біліп тұрса да,  ештеңе жазып, ешқандай еңбек қорғамаған, қорғағысы да келмейтін самарқау да сартап оқымыстыларға кез болып, таң-тамаша болғаным бар. Академиялық ғылымның ауыр жауапкершілігін иығымен сезінген олар үнсіз жүргенді жөн көргенін кейіннен білдім. Бірақ бұл тұйыққа тап болғанда Сейіт ағаның «Білгенім бір тоғыз, білмегенім тоқсан тоғыз», «әркімнің қателесуге қақысы бар, бұрыстық дұрыстыққа себепші болады» деген сөздері көңіліңе үміт ұшқынын шашады, ұстазыңның мейірбан жүзі мен сенімді көзі,  саған ұқтырған  күрделі түйіндерді шешетін  теориялық-методологиялық қисындары қалам алуыңа, қайраттанып жазып кетуіңе демеу береді. Ол мұндай тұста библиографиялық көрсеткіш ұсынып, фольклортану мектептерінің  кезеңдері, өкілдері, олар ұстанған түрлі бағыттар мен концепциялар туралы дәріспен сусындатады. Алуан түрлі ғылыми көзқарастар, олардың арасындағы талас-тартыс, біздерге қандай жол қолайлы екендігіне бағыт береді. Ол өзі ұсынған еңбектер тізімін  «тұманды теңізде адастырмайтын компас» деп   айтқаны әлі есімде.

Бір мезгілде А.Н.Веселовский, В.Я.Пропп, Е.М.Мелетинский, В.М.Жирмунский, Э.Тэйлор, Дж. Фрезер, Леви-Строс  секілді даналарды оқып шыққан соң өзіме деген сенімім азайғанын айтқанымда Сейіт аға: «Олар да сендей адам, демек сен де олардай бола аласың. Қорықпа, олар басқа материалды қарады, солай болды, сенің нысаның басқа. Ешқандай ғалымға табынушы болма, барлығын өзіңе әріптес ретінде сана, өз нысанын жақсы меңгерген адам – сөзсіз жақсы ғалым болады» деп ақыл-кеңес берген еді.

Әрине, біз Қасым ақын айтқандай: «Бірден Пушкин болмай-ақ, Баймұқанша бастадық».

Сейіт ағаның  кітапханасы  өте бай, онда 5 мыңнан астам кітап бар. Фольклортану, этнография, сөз өнері, түркологияға қатысты сирек кездесетін салалық кітаптар жүйелі жиналған. Сейіт аға бұл кітаптарды тынымсыз пайдаланып, кейбірінің ішіне ақ қағаз қыстырып, пікірлерін  үнемі түсіріп жүретіні де аңғарылады. Әдетте Сейіт ағаны жұмыста кездестірсең, ызғарлы секілді сезіледі.  Ал үйіне барсаң жүзінен  шуағы төгілген  мейірбан қарияға тап боласың. Сейіт аға  құтты мешіт үйіндей қасиетті шаңырағына енгенде жан дүниесі барақат тауып,  асыл жары, өмірлік арқатірегі Тамара жеңгеміз бен немерелерінің қасында жаздай жадырап  шыға келеді екен. Шапанын жамылып, ақ домбырасын қолына алып, қоңыр әуенге басады. Немерелері келсе, айналып толғанып шуағын шашады. Талай ғажайып еңбектері дүниеге келген кабинетінің есігінен аттағанда ерекше  шабытты күйге түсіп, саған деген ықыласы да жүз есе арта түскендей болады. Тамара тәтенің ақ пейілімен ақтарылып жайған көл-көсір  дастарқанынан дәм татқан соң  академик ағамыз кабинетінде қабылдап, алдымен өзінің жазып жатқан зерттеулерінің жай-күйі туралы саған есеп береді, одан кейін  ғана өзіңе берген  тапсырмалар  туралы сұрай бастайды.

Ағайдың кітаптарына қызығасың, ал қалаған кітаптарыңды көруге, ақыл-кеңес алуға, үйіңе әкетіп оқуға рұқсат етіледі. Шығарыңда оларды блокнотына ай-күнін қойып, тізімдеп алады. Иә, бұл кітапханадан ғылымға келген талай өрелі ағаларымыз тәлім алыпты. Бізден бұрын З.Сейітжанов, К.Матыжан, Ш.Керім, А.Әбдісадық,  одан ілгері Б.Майтанов, С.Негимов, Н.Әлімбай, С.Қорабай бастаған буын да  қызығын көрген деседі. Жазушылар да ағайдың кітаптарына құмар болады. Мәселен, бір шетін жағдай – В.М.Жирмунскийдің «Тюркский героический эпос» деген кітабын А.Сүлейменов ағамыз алыпты да, қайтаруға мұршасы болмапты. Осы кітаптан басқа небір ғажап дүниелердің барлығын Сейіт ағаның кітапханасынан алып оқуға, қарап танысуға мүмкіндік туғанына бүгіндері мың шүкір етемін.

Сейіт аға академиялық дәстүрде тәрбиеленіп, ғылым кеңістігіне самғап,  ұстазы Н.С.Смирнованың мейірбан тәрбиесін көрген бақытты жан.  Қазір артына өзі де өнегелі мектеп қалыптастырған үлкен жүректі көшбасшы тұлға.

Әрқандай ғылымның шыңы, барар асуы – классификация десек, Сейіт аға осы күрделі де ауыр жұмысты атқарып, жанрлар теориясын ашқан кәсіби  маман болғандықтан  қазақ фольклорын жүйелеу, жанрға бөлу, түрге жіктеу, түгендеу жұмысын табысты жүргізді. А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышынан» басталған бұл күрделі жұмыс Сейіт ағайдың жалпы редакциясымен, тікелей жетекшілігімен жарық көрген «Қазақ фольклорының тарихы» (2008) атты ұжымдық монографияда тиянақтала түсті деуге болады.

Әсіресе, ол қазақ халық прозасының жанрлық жүйесін жасады, бұл үлгі туысқан халықтар үшін де тағылымды болды. Қазақ фольклорының әрбір жанрына жеке монография арнау – бүгіндері 100 том болып жарық көрген бай мұрамызды ғылыми нысанға айналдыру, игеруге жол ашатын кешенді жұмыс. Осы салада Сейіт ағаның жолын жалғастырған кейінгі буын ғалымдар да тер төгіп келеді. Атап айтқанда, қазақ  көне-наным сенімдерге қатысты  фольклорынан Б.Абылқасымов, отбасылық  ғұрып фольклорынан К.Матыжан, қазақ дастанынан Б.Әзібаева, жұмбақтан Ш.Керім, тарихи жырдан А.Әбдісадық, жер-су аңыздарынан А.Паңгереев, антикалық мифтен Р.Әлмұхановалар докторлық еңбек қорғаса, ауыз-екі әңгімеден П.Әуесбаева ғылыми диссертация жазды. Ал маған ұстазым  «Қазақтың халық прозасы» зерттеуінің миф деген бір тарауын тәбәрік етіп ұсынды.

Бүгіндері С.А.Қасқабасов алаш жұртының абызына айналды. Ол басқарған «Бабалар сөзі» жүзтомдығы әлем мәдениетіне қазақ жұртының қосқан інжу-маржаны екенін зиялы қауым бағалап отыр. Бірде ақын ағамыз Серік Тұрғынбеков «Қасқабасовтікі қасқа жол, басқалардікі басқа жол» деген еді. Бұл әдемі айтылған әзілдің  астарында ақиқат жатқанына оның таудай еңбектерін тамашалап қарасаң көзің жете түседі.

Ақеділ Тойшанұлы,

Халықаралық Түркі академиясының ғылыми қызметкері,

филология ғылымдарының кандидаты