Back

ДИКТАТОР ЖӘНЕ ДЕМОКРАТ 

Порошенко – Лукашенко. Украина – Беларусь.

Бауырлас елдер, бауырлас ұлт. Бірақ, бүгінгі өмірге, болашақ дамуға қатысты көзқарастары екі бөлек.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясында сөз сөйлеген Лукашенко «Батыс пен АҚШ әлемінен» қаймығатынын аңғартып алса, ағылшынша сөйлеген Порошенко өз баяндамасында негізінен Ресей агрессиясы туралы айтты.

 ЛУКАШЕНКО НЕ ДЕДІ?


092E4773-616C-4322-AA45-CC73601EE374_mw1024_s_n (1) Өркениет туралы

КСРО құлағаннан соң мемлекеттер арасындағы «қырғи-қабақ» жоғалады, әскери қақтығыстар тыйылады деп топшылағанбыз. Олай болмай шықты. Әлем әлі де тұрақсыз. БҰҰ-ның жұмысын жоққа шығармаймын. Бірақ… Күні кеше ғана ұйымның алдағы 15 жылға арналған жоспарын қабылдадық. 5 стратегиялық бағыттан тұрады. Бұлар: адам, ғаламшар, даму, бейбітшілік және әріптестік. Иә, маңызды. Бірақ орындаларына күмән көп. Өйткені адамзат өркениеті әлі де өткен дәуірде өмір сүріп жатыр. Ескі жаралар қайта қозуда.

БҰҰ дегеніміз – біз. Біздің іс-әрекетіміз қандай болса, әлем де сондай кейіпке енбек.

Халықаралық қатынастар туралы 

Халықаралық қатынастар өте нәзік дүние. Осы нәзік дүниенің жібі үзілгелі тұр. Халықаралық қауіпсіздік үлкен дағдарыста. Геосаяси ойындарға араласып кеткен күллі әлем қалқада жаңа әрі қауіпті террорлық топтардың пайда болғанын аңғармай қалды. Жаһандық ойыншылар бір-біріне сенбейтін, бір-біріне дес бермейтін болды. Бір-бірін тыңдағасы, сөзіне құлақ асқысы жоқ. Бұрынғы «қырқи-қабақ соғыстың» дәуіріне қайта айналып келдік. Анығы, алапат соғыстың алдында тұрмыз.

Демократия туралы

Бір мемлекет басқа бір мемлекетке өзінің даму үлгісін тықпалағысы, кіріктіргісі келеді. Мұның салдары қандай? Сырттан араласудың нәтижесінде «түрлі-түсті» революциялар бір елден бір елге көшіп қонып жүр, бір кезде тұрақты мемлекетті бір күнде хаостағы елге айналдыру «дәстүрге» енді. Мұның бәрін демократиямен көлегейлейтін болдық. Бірақ, уәде етілген демократияның орнына үлкен қайғы келді. Тұрғындардың туған отанынан қашуына тура келіп жатыр.

Лукашенко: Сырттан араласудың нәтижесінде «түрлі-түсті» революциялар бір елден бір елге көшіп қонып жүр, бір кезде тұрақты мемлекетті бір күнде хаостағы елге айналдыру «дәстүрге» енді.

Державалар жайында

Әлемді билегісі келген державалар өзінің күші мен экономикалық қуатын пайдаланып, белгілі бір елдегі ықпалын үлкейте, зорайта түскісі келеді. Сайып келгенде әлем әзір БҰҰ-ның халықаралық құқық принципінде бекітілген Жарғыдан бас тартудың алдында тұр. Хаостың көкесін сонда көреміз…

Ұрпақ туралы

Біз бәріміз де болашақтың, болашақ ұрпақтың алдындағы жауапкершілігімізді сезінуіміз керек. Нақтырақ айтсам, өзімізден кейін артымызға не қалдыратынымызды ойлануға тиіспіз.

Кейінгі кезде кейбір елдер «толық бостандық» туралы ұрандатып жүр. Мұндай бостандық қоғамды ұстап тұратын құндылықтарды қиратып жатыр. Отбасы, мораль, ар-ұят. Адам құқығын қорғаймыз. Үкіметті құлатып, бүтін бір мемлекетті қиратып жатқандар осы ұранмен ақталатын сияқты.

Қайталап айтайын, Беларусь жерінде анархия, хаосқа зорлық зомбылыққа ешқашанда жол берілмейді. Ешқандай лозунгтерге алданбаймыз, мұның ішінде демократия да бар.

Өз елі жайында

Адамзат ХХІ ғасырға көптеген әлсіз әрі тиімсіз мемлекеттермен аяқ басты. Әлсіз мемлекет деген не? Әлсіз мемлекетте заң орындалмайды, тұрақсыздық, теңсіздік, кедейлік жайлаған, жастардың өмір сүруге деген ұмтылысы жоқ.

Соңғы 20 жыл бойына біз, Беларусь мемлекеті әлеуметке бағытталған экономикалық тәуелсіз мемлекет құрдық. «Отан – отбасынан басталады». Біз бірінші кезекте отбасының мәселесіне көңіл бөлеміз. Кейбір елдерде дәстүрлі отбасының қабырғасы қиратуда. Жаңа әлеуметтік «новациялар» пайда болып жатыр… Демократияны жалау еткендер мұны табиғи, қалыпты дүние ретінде қабылдаңдар дейді. Олай болса ертеңгі күні баланы кім туады? Біз өз тарапымыздан немере, шөберелеріміздің бабалардан қалған құндылықтарды, дәстүр мен мәдениетті сақтауына барынша күш саламыз.

 ПОРОШЕНКО НЕ ДЕДІ?


por(1)

 Орыс агрессиясы туралы

Украина орыс агрессиясына қарсы тұра отырып жүйелік реформалар ендіруде. Кремль бізге кедергі болғысы келеді. Украин халқы таңдап алған демократиялық (еуропалық) даму жолын Ресей көре алмай отыр.

Қырым және Донбасс туралы

Қырымды басып алған ресейлік агрессия және Донбасстағы оқиғалар салдарынан мыңдаған адам өлді. Ресеймен арадағы соғыс Украинаға экологиялық және эпидемиологиялық қауіп төндіріп отыр. Соғыс жүріп жатқан елдің шығысындағы химиялық ошақтар аса қауіпті. Тіпті техногенді апат болуы мүмкін.

Соғыстың шығыны жайлы

Орыс агрессиясының салдарынан кедейліктің жаңа формалары, атап айтқанда – аяқасты және күтпеген кедейлік пайда болды. Шығыстағы соғыстың кесірінен 1,5 млн адам Украинаның өз ішінде қоныс аударуға мәжбүр болды. Украиндық Донбасстағы соғыстың әрбір күні бізге 5 млн. долларға шығады. Соғыс болмаса, біз бұл ақшаны елдің дамуына бағыттар едік. Қазіргі күні Украинаның өз ішінде қоныс аударуға мәжбүр болған 1,5 млн адам аймақтық қана емес, тұтас мемлекеттік деңгейдегі проблемаға айналып отыр.

Порошенко: Украиндық Донбасстағы соғыстың әрбір күні бізге 5 млн. долларға шығады. Соғыс болмаса біз бұл ақшаны елдің дамуына бағыттар едік.

Ол неден үмітті?

Әскери агрессиясы аяқталғаннан кейін Украина Донбасс пен Қырымды қол астына қайтарған соң миллиондаған адамдарға бұрынғы өмірі мен тұрмысына қайтып келуге жағдай жасау керек. Біз бұл міндетті орындауға әзірміз, алайда бізге халықаралық қауымдастықтың көмегі қажет.

Кеңестік идеология туралы

Біз орыс агрессиясына қалай қарсы тұруды ғана ойлап жүрген жоқпыз. Украина мен Еуропа одағының аясындағы келісімшарт негізінде украин қоғамының ой-санасын өзгертуге күш салып жатырмыз. Біріншіден, бұл коррупциямен күрес. Коррупциядан арылсақ, кеңестік психологиядан да құтыламыз. Қазіргі украин қоғамындағы «жаман әдеттердің» көпшілігі бізге коммунистік идеологиядан жұққан.

Тағы да Ресей туралы

Әзіргі әлемге агрессивті, озбыр, өзімшіл идеологиядан құтылатын кез келді. Мұндай идеологиялар әлі де өмір сүріп жатыр. Кімді меңзеп отырғанымды жақсы білесіздер. Мұндай идеологияларда адам құқығы мен бостандығы табанға тапталады. Мұндай идеологиямен өмір сүретін ел көрші мемлекетке шабуыл жасаса да онысын өз тарапынан ақтап алады. Өзіне кір жұқтырмайды. Мынаны түсіну керек: бейбітшілік пен бостандық болмай, ешқандай тұрақты даму болмайды.

Дайындаған, Думан БЫҚАЙ


 

Қызықты демотиваторлар…

1689825 1689826 1689930