Back

Аэрофонды технология немесе 1 гекатардан 40 тонна картоп алудың жолы

1 геатардан 40 тонна картоп алудың жолы

 

Ауылшаруашылығы өнімдері сапасын арттыруда сапалы тұқым дайындаудың маңызы зор. Бұл бағытта елімізде бірқатар жұмыстар қолға алынуда. Қазақстанда бидай мен өзге дәнді-дақылдардың жоғары сұрыпты тұқымдарын дайындау ісі жолға қойылған. Бүгінде Ақмола облысы Степногор қаласында «Ұлттық биотехнологиялық орталық» инновациялық жолмен сапалы картоп тұқымын дайындауда. Таяуда орталықтың директоры, жас ғалым Дархан Балапанов өздерінің тың технологиялары жайында әңгімелеп берді. Енді білікті маманның ой-пікіріне құлақ түрсеңіздер.

 

– Дархан Серікұлы, қазіргі таңда өзіңіз басқаратын «Ұлттық биотехнологиялық орталығы картоптың сапалы тұқымын өндіріп жатқанын білеміз. Бұдан қарапайым шаруаларға қандай да бір пайда бар ма?

– Сапалы картоп тұқымының пайдасы шаш етектен. Әдетте біздер еккен картобымызды күзде қазып алғанда оны сұрыптап, келер жылға біраз тұқым алып қаламыз ғой. Жалпы, картоптың сапалы тұқымы 6 жылға дейін өзінің өнімділігін жоғалтпайды. Ал бұдан кейін картопқа біраз вирустар мен түрлі аурулар еніп, өнімділігін төмендейді. Кей жылдар аз өнім алып қалғанда, шаруалар бұған ауа-райының қолайсыздығы кері әсер еткенін айтып жатады. Ал картоптың тұқымына мән бермейтіні жасырын емес.

Ал картопты кең көлемде өсіретін ірі кәсіпорындар сырт елдерден тұқымдық картоптарды сатып әкеліп, пайдаланады. Бірақ өзге елдердің тұқым өндірушілері бізге таза тұқымдарын сатпайды. Олар екі-үш пайдаланған картоптан алған тұқымын береді. Осы мәселені ескеріп, біздің «Ұлттық биотехнология орталығы» шаруаларымыз үшін картоптың таза тұқымын өндіру ісін қолға алған болатын. Қазіргі жер емген шаруаларымыз таза тұқымның пайдасын көріп жатыр.

– Сонда сіздер сапалы тұқымды қалай аласыздар?

– Бұл үшін біздер картоптың таза жасушасын бөліп алып, арнайы зертханада өсіреміз. Картоп жасушасын біраз жетілгеннен кейін оны аэрофонды технологияға отырғызамыз. Яғни, клеткалар зертханалық жағдайда сұйықтықтың ішінде өседі. Бұл аралықта картоптың өсіп жетілуіне қажетті дәуірмендер мен гармондарды арнайы дозаторлар арқылы жібереміз. Осылайша үш айлық күтімнен кейін картоптың таза минитүйнегін алуға болады. Әдетте картопға түрлі вирустар мен аурулар топырақ пен ауадан жұғып, оның өнімділігіне кері әсер етіп жататыны белгілі. Біздер тұқымдық картоптарды дайындағанда таза жасушасын алып, топырақсыз ортада өсіреміз. Осылайша вирусқа шалдықпаған таза тұқымдық картоп аламыз. Біздер оны минитүйнектер деп атаймыз. Егер қарапайым картоптың бір түйнегінен 8-10 түйнек алсақ, біздің таза тұқымдық минитүйнектерден 80 түйнек картоп алуға болады. Осыдан-ақ таза тұқымның қаншалықты өнімді болатынын бағамдауға болады.

– Дархан мырза, сіздердің таза тұқымдық минитүйнектеріңіз қанша жылға дейін өнімділігін сақтайды?

– Таза тұқымдар жерге егілгеннен кейін оның өн-бойына біртіндеп вирустар ұя сала бастайтыны белгілі. Бірақ орталықтың дайындаған тұқымдық картоптары 6-7 жылға дейін өнімділігін сақтайтынымен ерекшеленеді. Қазіргі таңда бұл технология дамыған елдерде кеңінен қолданылуда. Алдағы уақытта Қазақстан да инновациялық технологияларға иек сүйеп, ауылшаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға күш салуы керек. Қазіргі таңда шаруаларымыз жаңа технологияның мәнін түсініп, өздеріне қажетті картоп сорттарының тұқымдарын тазартып алып жатыр.

Картоп

– Сонда аэрофонды технологиямен картоптың кез келген түрінің тұқымын тазартып бере ала ма?

– Әрине. Қазіргі таңда Қазақстанда картоптың көптеген түрі өседі. Біздер картоптың барлық сортының тұқымын тазартып, шаруалардың мол өнім алуына мүмкіндік туғыза аламыз. Өйткені зертханалық жағдайда кез келген картоптың таза вируспен зақымданбаған жасушасын алып, соны өсіріп береміз ғой.

– Мұндай тұқымдардан өсіп шыққан картопты гендік модификацияланған өнімдердің қатарына жатқызуға бола ма?

– Жоқ. Аэрофонды технологиямен картоптың тұқымын гендік модификцияланған өнімдердің қатарына жатқызуға болмайды. Бұған үш қайнаса да сорпасы қосылмайды. Бұл – таза, табиғи өнім. Біздер картоптың жасушасына басқа бір заттың жасушасын енгізбейміз. Бар болғаны картоптың таза жасушасын алып, оны таза ортада, таза қоректік заттарды беріп өсіреміз. Болған, біткені осы. Керісінше, біздің өнімдерді табиғи өнімдердің қатарына жатқызған жөн шығар.

– Бүгінде сіздерге тұқымдық картоптарын тазартып беруге өтініш айтып жатқан шаруалар бар ма?

– Ұсыныс айтып, әріптестік қарым-қатынас орнатқан шаруалар өте көп. Орталық қызметкерлері олардың тапсырысын орындау үшін күн-түн демей, жұмыс істеп жатыр. Қазіргі таңда әр аймақ картоптың түрлі сорттарын тұтынады. Соған орай шаруалар ұсыныс жасайды. Егер олар дәстүрлі жолмен картоптық тұқымдарын тазартатын болса, олар 5 жыл уақытын жұмсайды. Бұл уақытта картоптың басқа түріне сұраныс артып кетуі мүмкін. Сондықтан шаруалар біздің көмегімізге жүгініп жатқан жайы бар. Алдағы уақытта біздер аэрофондық технологияны ірі шаруашылықтарға сатып, қызмет көрсету ауқымымызды кеңейтуді көздеп отырмыз. Өйткені дәл қазір орталықтың бүкіл Қазақстанға таза тұқымдық картоп дайындап беретін мүмкіндігі жоқ. Сондықтан өзіміз ойлап тапқан технологияны Қазақстанға кеңінен таратуды жоспарлап отырмыз.

– Сіздердің таза тұқымдық картоптарыңызды пайдаланған шаруалар қанша өнім алатынын айта кетсеңіз?

– Ұзақ жыл пайдалған картоптан алынған тұқымды бір гектар жерге ексеңіз, 15 тоннадан астам өнім аласыз. Ал аэрофондық технологиямен алынған минитүйнектік тұқымдарды бір гектар жерге егіп, 40 тоннаға дейін сапалы өніп алуға болады. Осыдан-ақ таза тұқымдық картоптардың шаруалар үшін қаншалықты пайдалы екенін байқауға болады. Бүгінде елімізде күзде картоптың бағасы 30-40 теңгеге дейін құлдырап кетеді. Өйткені таза емес тұқымнан шыққан картоптар ұзақ уақыт сақтауға жарамайды. Содан кейін шаруалар оларды күзде басым бөлігін сатып жіберуге тырысады. Нәтижесінде картоптың құны елімізде қыс пен көктемде 150-160 теңгеге дейін шарықтайтыны жасырын емес. Сондай-ақ, аэрофондық технологиямен алынған тұқымнан өсіп шыққан картоп жақсы сақталатынымен ерекшеленеді. Егер осы таза тұқымды бүкіл ел аумағында пайдаланатын болсақ, картоп бағасына шарықтауы мен шаруалардың шамадан тыс еңбектенуінен құтылуға болады.

– Дархан мырза, Қазақстанда жыл сайын қанша тонна картоптың тұқымы қажет? Сіздердің орталық елімізге қажет тұқымды дайындап шығаратын мүмкіндігі бар ма?

– Біздің есебімізше, елімізге жыл сайын 400 мың тоннадан астам картоптың тұқымы қажет. Қазіргі таңда «Ұлттық биотехнологиялық орталығы» жылына 10 мың тонна таза тұқымдық картопты өңдейтін мүмкіндікке ие. Сондықтан біздер аэрофонды технологияны еліміздегі фермерлер арасында таратып, барлық шаруа қожалықтарының таза тұқымдық картопқа қолжетімділігін арттыру бағытында жұмыс істеп жатырмыз.

Сұхбаттасқан Нұрлан ЖҰМАХАН,

«Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» АҚ Қоғаммен байланыс бөлімі.