Back

Дархан ҚАЛЕТАЕВ: Футболшы жалақысы 300 мың доллардан аспауы тиіс

5a5bb26e40e6a4e8d8161a04a520e218-big«Астана» Президенттік кәсіби спорт клубы Қамқорлық кеңесінің басшысы Дархан Қалетаевпен болған сұхбаттың енді бір қызықты тұсына тоқталып, назарларыңызға ұсынсақ деп едік.

Дархан Аманұлы, «Астана» футбол клубының бұрынғы Қазақстан футбол федерациясымен қарым-қатынасы жақсы еді. Қазір сол сүттей ұйыған татулықтың қаймағы бұзылып, араға сызат түскендей…

– Ондай ештеңе жоқ. Егер менің жекелей қарым-қатынасымды білгілеріңіз келсе, мен қазіргі федерация президентімен бұрыннан таныспын. Соңғы 10-15 жылдан бері білемін. Басқа қызметте жүргенінде де, басқа салада еңбек еткенінде таныс болдық. Қарым-қатынасымыз жақсы. Тіпті доспыз десем де болады.

Өздеріңіз білесіздер, ҚФФ басшылары ауысқан соң, федерацияның бұрынғы Бас хатшысы һәм вице-президенті Саян Хамитжанов та қызметінен кетті. Мен Саянды да бұрыннан білемін. Содан оны «Астана» футбол клубына шақырдым. Бірден айтайын, Әділбек Жақсыбековтің ұсынысы бойынша. Әрі Саянның «Астана футбол клубына Жақсыбеков елордаға әкім болмай тұрып келгендігін айта кеткім келеді.

Иә, Саянды «Астана» футбол клубына шақырдым. Неге? Өйткені ол футболда көп жыл еңбек етті. Оның жұмысына әр түрлі баға беруге болады. Ол Қазақстан футбол федерациясында бірінші вице-президент болып, барлық жұмыстарды өзі атқарды. Яғни мол тәжірибе жинады. Оның сол телегей-теңіз тәжірибесін клубта жүзеге асыруға болатын еді. Мен Саянға ашық айттым: «сен туралы әр түрлі, яғни оң пікір де, теріс пікір де айтылып жүр, міне – клуб, мүмкіндіктері жаман емес, бюджеті де жұпыны емес, тек өзіңнің іскер маман екеніңді дәлелде, нәтиже көрсет».

Хамитжанов

Дархан Қалетаев: Жалпы, былтыр Саян сенімді ақтай алды, тәп-тәуір нәтиже көрсетті. «Астана» футбол клубы ел чемпионы болды.

Жалпы, былтыр Саян сенімді ақтай алды, тәп-тәуір нәтиже көрсетті. «Астана» футбол клубы ел чемпионы болды. Еурокубокта да өрнекті ойын үлгісін көрсетті.

Ал қазіргі федерация басшыларымен қарым-қатынасымызға қайта оралар болсам, мен футболымыз қарыштап дамып, өркендей берсін деген ниеттемін. Федерацияны сынау үшін емес, қақсай беру үшін емес, ұсыныстарымды тықпалай беру үшін емес, аяқдобымыз алға жылжи берсін деп ойлаймын. Тоқмейілсу болмаса екен деймін. Міне, біз Еуропамыз (УЕФА құрамындамыз), бюджеті жоғары клубтарымыз пайда болды, Еурокубоктарда нәтижелі ойын өрнегін көрсете бастадық деген ойлардан аулақ болып, бір орында тұралап қалмай, алға жылжи берейік деп ойлаймын. Бүкіл ел бойынша футболды дамыта беруіміз керек.

Әрине «мұның бәрі оңай емес, футболымызды көтеру үшін ондаған, тіпті бірнеше ондаған жылдар керек» деген пікірлерді түсінемін. Солай да шығар. Келісемін. Сонша уақыт керек те шығар-ау.

Бірақ біз қазір футболда көп нәрсені өзгерте аламыз. Өйткені бәрі де бізді қолдайды. Футбол федерациясының құрметті президенті болып табылатын Елбасы да, Үкімет те, басқа да лауазымды тұлғалар да, халық та, қоғам да, бәрі де-бәрі де ел футболының қарыштап дамығанын қалайды. Бәрі де көмектесуге дайын.

Ал мен балалар мен жасөспірімдер футболының аяғына тік тұрып кеткенін, жаңа мамандар жетіліп шыққанын көріп отырған жоқпын. Бұл тұрғыда менің көптеген ұсыныстарым бар. Тіпті жеке бағдарлама қабылдау керек деп ойлаймын. Бұл мәселені көтеріп, жетілдіре түсіп, тіпті лоббилеу керек.

Ал ұлттық чемпионатқа қатысты ұсыныстарымның бірі футболшылар жалақысының ең жоғарғы шегін белгілеу екенін, өздеріңіз де білесіздер. Мен мұны дәл қазір енгізейік деп отырған жоқпын. Мысалы, алдағы маусымнан бастап, қолға алуға болады.

Неманья Максимович

Осыдан бірер күн бұрын «Астана» футбол клубының сербиялық жас ойыншысы Неманья Максимович жастар арасындағы әлем чемпионы атанды.

 Сонда жалақының ең жоғарғы шегі нақты қанша болуы керек деп санайсыз?

– Мен негізгі үш клуб үшін айттым. Әрі «Қайрат», «Ақтөбе» және «Астана» деп атап та шықтым. Жалақының ең жоғарғы шегі жылына 300 мың доллар болуы керек деп есептеймін. Ал қайсыбір клуб құрамын жалақысы бұдан да жоғары футболшымен күшейткісі келсе, 10 пайызын футболды дамытуға бөліп отырсын.

«Елорда клубы үздік ойыншыларыңызға жалақыны «Ақтөбе» клубындағыдай төлей алмайтын болғандықтан, осындай ұсыныс жасап отыр» деушілер де бар.

– Бірден айтайын, біз қаржыны үнемдейміз. Оны жасырмаймын. Қаражатты үнемдегіміз келеді. Біз көп ақша төлей аламыз. Оның үстіне, дәл қазір бізде екі акционер бар: Самұрық-Қазына» және Астана әкімдігі. Қайсыбір футболшыларға өте жоғары жалақы төлей аламыз. Бірақ ол кімге тиімді?! Сондықтан біз асыра сілтемей, қаржыны мақсатты түрде, ел спортына пайдалы бағытта жұмсағанды жөн көреміз.

Жалпы, осындай мәселелерді көтеруіміз керек. Жан-жақты саралап, оң шешімін табу керек. Федерация сол үшін. Атқару комитетінде үндемей отырмай, қызу талқылау керек. Тек Боранбаев, тек мен сөйлей берсек, дұрыс па? Онда Атқару комитетінің отырысына барып қажеті не?

Осы ретте «Ақтөбе» клубымен болған соңғы ойынға тоқтала кеткім келеді. Бірінші кезекте, Ақтөбе облысының әкімін сыйлайтындығымды, оның футболға деген ықыласына дән риза екенімді айта кетсем деймін. Ақтөбе футболы мен осы өңірдің клубы үшін жасағаны көп.

Ал менің наразы болғаным, осы ойынға жас төреші қазылық етті. Мен көріп тұрған федерацияның қателігі – осы. Мұндай өте маңызды ойынға тәжірибелі төреші қазылық етуі керек қой.

Иә, кейіннен ҚФФ төрешілер мен нұсқаушылар департаментінің басшысы Маттео Трефолони дау-дамайға ұласқан ойын сәтіне түсініктеме жасады. Мен Трефолонимен дауласпаймын. Ол – өз ісінің маманы. Сондықтан оған қарсы уәж айтпаймын.

Бірақ менің ойым, маңызды ойындарға осының бәрін өзі дәлелдеп, түсініктеме бере алатын тәжірибелі төрешілерді қойыңыздар. Неге жас төрешілер үшін Трефолони мәлімдеме жасауы керек. Ол матч басында-ақ ойын тізгінін уысынан шығарып алды. Соның салдарынан Бауыржан Жолшиев жарақат алып қалды.  

Осы мәселеге қатысты кейбір мамандар сіздің ой-пікіріңізді федерацияға қысым көрсету деп те санайды.     

– Мен мұны қысым көрсету деп ойламаймын. Бұл – менің футбол жанкүйері ретіндегі жеке пікірім. Иә, мен «Астана» футбол клубы үшін күйіп-пістім.«Астана» футбол клубының жанкүйерімін. Мен сол үшін Атқару комитетінің отырысына әдейі барған жоқпын. Әдейі! Тек өз пікірімді баяндап, ресми хат жолдадым. Өйткені мен Атқару комитетінің отырысына барып, осы мәселені көтеретін болсам, қандай да бір шешім қабылданса, сонда «қысым көрсетті» деп айтуға болар еді. Ал Атқару комитеті менің пікірімді талқылаған да жоқ.

Осыдан бірер күн бұрын «Астана» футбол клубының сербиялық жас ойыншысы Неманья Максимович жастар арасындағы әлем чемпионы атанды. Финалда Бразилия қақпасына шешуші голды соқты. Сол голдың арқасында Сербия жастар құрамасы әлем чемппионы атанды. Осы ойындағы бірінші гол да Максимовичтің пасынан кейін соғылды. Енді оның бағасы өсетін шығар?

– Әрине, өседі. Ал ол бізге екі жарым жылға тиесілі. Міне, Максимовичті сатып, жақсы пайда түсіруге, көп ақша табуға болады. Енді оны сатып алғысы келетендер көбейеді. Ал өздеріңіз ақиқатын айтыңыздаршы, Саян Хамитжанов футболдан бірдеңе түсіне ме? Максимовичті тапқан, осындай талантты жазбай танып, Қазақстанға алып келген – Саян!  

Сұхбаттасқан Нұрғазы Сасаев