Back

АҚПАРАТТЫҚ ТЕХНОЛОГИЯНЫ ИГЕРУ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

Халықаралық Ақпараттық Технологиялар (ІТ) университеті бертінде құрылған оқу орындарының бірі. Осыдан 6 жыл бұрын, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен ашылған болатын.

Негізі, Президент мұндай тапсырманы бекерге берген жоқ. Ел жаңарып жатыр, жер жаңарып жатыр. Әлем өзгеруде. Жаңа технологиялар бір кезгі «сәбеттік» ескі-құсқы құндылықтардың орнын алмастыруда. Бұл тұрғыда, әсіресе, 2009 жыл «технологиялық дүмпудің» кезі болды.


IMG_2482Дамир ШЫНЫБЕКОВ, Халықаралық Ақпараттық Технологиялар университетінің ректоры: 

БІЗ АҒЫЛШЫН ТІЛІН ТЕРЕҢДЕТІП ОҚЫТАМЫЗ

– Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті – бұл Қазақстанның Инновациялық стратегиясына жауап беретін және соған сай бәсекеге қабілетті ІТ мамандар әзірлеп шығаратын еліміздің жетекші оқу орны.

ІТ Университеті – Қазақстан ғана емес, Орталық Азия өңірінде үздік. Мұны мемлекет көріп отыр. Осы себепті биыл бізге Үкімет тарапынан 500 грант берілді.

Біз ағылшын тілін тереңдетіп оқытамыз. Біз Американың ұстанымын қолдаймыз, яғни, адамның жеке қасиеттері мен шығармашылық талантын шыңдаймыз.


БОЛАШАҚ – БОС СӨЗ ЕМЕС

1370_472925102786746_637842949_n

Бұдан сырт, «Қазақстан-2030», «Қазақстан-2050» Стратегиясы, Қазақстанның Даму стратегиясы, одан қалды «Нұрлы жол» бар. Бұлардың барлығы болашаққа бағытталған бағдарламалар.

Біздің, жалпы адам баласының түсінігінде болашақ дегеніміздің өзі бақытты өмір, жаңа технологиялар, дамыған әлем… Сайып келгенде, инновация, жаңа технологияларды енгізу атты ұғымдардың өзі болашақпен байланысты.

Бірақ, егер бұларды жүзеге асыратын сапалы кадр болмаса, болашақ дегеніміздің өзі әншейін бос сөз. Жаңаша ойлайтын, жаңа типтегі, жаңа кейіптегі кадрлар.

Міне, ІТ университетін құрудағы Президенттің көздеген ең басты мақсаты осы болатын.

Қазіргі күні бұл оқу орны әрі мемлекеттік, әрі жекеменшік.

Мемлекет тарапынан оқу орнындағы білім сапасын, оқу деңгейін Инвестиция және даму министрлігі қадағалайды.

Атап айтқанда, осы ведомствоға қарасты «Зерде» холдингі ІТ университетіндегі атқарылып жатқан жұмыстарды әрдайым назарында ұстайды.

Сосын, яғни келесі кезектегі құрылтайшы «Нұрсұлтан Назарбаев атындағы Білім қоры». Бұл қорға өздеріңіз білесіздер, Динара Назарбаева жетекшілік етеді.

Сонымен қатар, бұл университетте жеке бизнестің үлесі бар. Атап айтқанда, UIB (Халықаралық бизнес университеті) президенті Ерлан Сағадиев ІТ университетінің сапалы, заманауи білім беруін бақылауында ұстап жүрген азаматтардың бірі.

Мұның бәрін бекерге айтып отырған жоқпыз. Университетті екі шоқып, бір қарап отырған құрылтайшылар бар. Бастысы, бақылау бар. Бақылау, қадағалау болған жерде, тәртіп пен жүйе болады.

2009 жылы оқу орны ең алғаш ашылған тұста университетке мемлекет тарапынан 312 грант берілген еді. Ал биылғы жылы дәл осы гранттар саны 500-ге жетті.

Осы уақытқа дейін университет қабырғасында 5 техникалық, 2 экономикалық (менеджмент және қаржы) және электронды журналистика мамандығы ашылды. Сайып келгенде, дәл әзіргі күні университет қазіргі әлеуметтік-экономикалық ортаға қажетті  8 түрлі мамандық иелерін даярлап шығады.

Әрине, магистратура да бар.

Бұған информациялық жүйелер, бағдарламалық қамтамасыз ету және жобаларды басқару  саласы қамтылған. Ең бастысы, бұл салалар бойынша биыл грант беріледі. Ал былтыр мұндай болмаған еді.

Сонымен бірге докторантура да бар. Бұларға информациялық жүйелер және бағдарламамен қамтамасыз етудің есептік техникалар салалары енген.


ӘЛЕМ ЖӘНЕ ӘРІПТЕСТІК

carnegiemellonlocator_2400x1597Дәл әзіргі күні университет әлемнің беделді университеттерімен әріптестік байланыс орнатқан десек, артық емес. Дәлелдейік.

Бүгінгі таңда ІТ университетінің ең негізгі әріптесі Сarnegie Mellon университеті. Бұл оқу орны алыстағы алып құрлық Американың Питсбург қаласында орналасқан.

 Ең қызығы, университетке сенімді серіктес іздеуге мемлекеттің, Үкіметтің өзі атсалысқан.

ІТ университетінің PR және маркетинг департаментінің директоры Майраш Тайкенованың айтуынша, бүгінгі күні Сarnegie Mellon университеті ақпараттық технологиялар бойынша жаһанның ТОП-5 оқу орындарының қатарына кіреді.

 – Біз олардан өз саламызға қатысты бағдарламаларды сатып аламыз. Бұл оқыту курстары… Олардың iCarnegie деп аталатын оқу бағдарламасы бар.

Нақтылай кетейін, Қазақстандағы ІТ университеті атақты Карнеги университетінің тәжірибесін қолданып отырған әлемдегі 16-шы мектеп.

Сarnegie университетінің курстары Катарда, Қытайда және басқа да дамыған елдерде ерекше сұранысқа ие. Күллі ТМД кеңістігінде дәл біздің деңгейдегі ІТ университеті жоқ, – дейді Майраш Гомарқызы.

Әңгімені сабақтай түссек, аталған курсты сатып алған ІТ университетінің ұстаздары осы бағдарламалар бойынша өздерінің білімі мен білігін жетілдіреді. Яғни, осы курс бойынша сабақ бере алады деген құқыққа ие болады. Әрине, бұдан кейін ұстаздар өз білгендерін шәкірттеріне айтып жеткізері, олардың құлағына құюға тырысары анық.


ІТ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ НЕДЕ?KAZ1

Бастысы, бұл курс бойынша қаншалықты қанық білім алғанын тексеру үшін ІТ университетінің студенттері американдық тәжірибелі мамандардың алдында емтихан тапсырады. Ал американдық ұстаздар бұл үшін алыстағы АҚШ-тан Қазақстанға келеді. Емтиханды сәтті тапсырған студенттерге сертификат табыс етеді. Бұл – Сarnegie сертификаты.

Түсіндіре кетейік, қазір сіздің қолыңыздағы қызыл немесе көк диплом Қазақстанның өз ішінде ғана жарамды болуы мүмкін. Ал Сarnegie  сертификатын күллі әлем мойындайды.

Жалпы, біздегі жүйе мен шетелдік жүйенің арасында әлі де айырмашылықтар көп-ақ.

 ІТ университетінің студенттерімен әңгімелесе келе білгеніміз, әзіргі күні әлемде дәл осындай сертификаттар мойындалады екен, яғни, біздің қолымыздағы дипломнан да беделді…

Бұл сертификаттың ерекшелігі неде сонда?

 Майраш Тайкенованың айтуынша, бұл сертификат студенттің сапалы білім алғанын, білікті кадр екенін көрсетеді.

Ең қызығы, осы сертификатпен ІТ университетінің студенттері шетелге шыққанда ондағы оқу орындары мен мамандар оларды өз жерінде алып қалуға тырысады екен. Себебі, белгілі. Мұндай сертификатқа екінің бірінің қолы жете бермейді.

ІТ университеті бүгінге дейін дәл осындай сертификат алған екі толқынды түлетті. Биыл үшінші толқын американдық ұстаздар алдында емтихан тапсырып, атақты Сarnegie сертификатын қолына алуға үмітті.

Тағы бір ерекшелік.

 ІТ университетінде сабақ басынан аяғына дейін ағылшын тілінде өтеді. Біздіңше, бұл оқу орнының сабақ көшіне ілескенінің белгісі. Басқа алып қосарымыз жоқ.

ІТ университетінің философиясы неде? Олар жұмысқа тұратын кадрлар емес, керісінше, жұмыс орнын ашатын мамандар әзірлеп шығаруды көздейді. Яғни, бизнес, стартап жобалар жасайтын жастар.

Ал ағылшын тілі мұнда 3 жыл қатарынан аптасына 6 сағат жүреді. Шыны керек, Қазақстандағы бірде-бір университет бұлай оқытпайды. Осыншама жоғары деңгейде көңіл бөлмейді. Өкінішке орай, Қазақстандағы ағылшын тілін оқыту стандарты 2 жыл қатарынан аптасына 2 сағат. Бар болғаны…

Бұл оқу орнына түсуге талабы бар түлектерге айтарымыз ІТ университетінде әскери кафедра да бар.

Әрине, ақылы оқу да бар. Мұнсыз болмайды. Нарық заманы қанша дегенмен. Бірақ, көптеген ата-аналарды мұндайда оқудың құны мазалайтыны жасырын емес.

Оқу ақысының құны – 687 500 теңге. Жылдық оқу ақысы осындай. Электронды журналистика мен информатиканың жылдық оқу ақысы – 570 000.

Салыстырайық. Сүлейман Демирел атындағы оқу орнындағы ақылы оқу бағасы – 750 000.  КБТУ-да – 1 800 000! КИМЕП – 1 200 000 теңге!

Байқасаңыз, ІТ университетіндегі ақылы оқу құнының бағасы да байыпты. Қазіргі заманның талап, деңгейіне сай келеді. Асыра да айтылмаған, сонымен бірге тым төмен де емес.

Бұл университеттің өзге қазақстандық оқу орындарынан мынадай артықшылығы бар.

Біріншіден, сабақ ағылшынша өтеді.

Екіншіден, ұстаздар қауымы шетелден оқып келген қазақстандық жастар және шетелдік мұғалімдер.

Үшіншіден, Сarnegie бағдарламасы және сертификат.

Иә, мұнда оқу оңай емес. Себебі, бұл ақпараттық технологиялар университеті. Бұл математика, есеп-қисап…


APPLE – ІТ УНИВЕРСИТЕТІН ТАҢДАДЫ

apple0132Айтпақшы, әріптестер туралы әңгімемізді үзіп алған сияқтымыз.

ІТ университеті Малайзия оқу орындарымен берік байланыста. Мұның тиімділігі неде десеңіз, ІТ университетінде 2 жыл білім алған жас одан кейінгі 2 жылдық білімін Малайзиядан алады. Бүгінге дейін осы әріптестіктің арқасында 12 студент оқуын тәмамдап шықты. Және ең бастысы бір емес, бақандай екі дипломның иегері атанды.

Оқу орны сонымен бірге бизнеспен де қоян-қолтық араласады. Бұларды қазіргі тілмен вендорлар деп атайды.

Бұлар кім десеңіз, бізге тауар әкелетін Apple, Huawei, SAP,  Microsoft сияқты компаниялар.

Айталық, атақты Apple компаниясы Қазақстанда алғаш рет дәл осы ІТ университетінде өзінің тренингтік орталығын ашты. Бұдан басқа өзге де вендорлардың ұйытқы болуымен ашылған 12 зертхана бар.

 Сапа мәселесіне қайта оралсақ.

Ақпараттық технологиялар бойынша әлемде және Қазақстанның өз ішінде өтетін олимпиадаларда ІТ университетінің студенттері соңғы бірнеше жыл бойы бәйгенің алдын бермей келеді.

– Microsoft компаниясы өткізетін Imagine Cup халықаралық технологиялар конкурсы, ACM ICPC спорттық бағдарламалау байқауы, ABU Robocon роботтар байқауында біздің студенттер жыл сайын үздік орыннан көрінеді, – дейді оқу орнының ұстаздары. 

 Зертханалар туралы айтсақ.

Айталық, атақты Apple компаниясының бастамасымен ашылған зертхана. ІТ университетіне өз технологияларын сыйға тартқан Америкалық компания мұнысынан ұтылған жоқ. Қазір аталған оқу орнының студенттері заманауи ұялы смартфондарға, планшеттерге арналған бағдарламалар әзірлеуде.

Нәтиже бар.

Осы университеттің ұстазы Олжас Ахметов «Эйр Астана» әуекомпаниясының билетін ұялы телефон арқылы онлайн сатуға болатын қосымша (приложение) жасап шығарған.

2009 жылы оқу орны ең алғаш ашылған тұста университетке мемлекет тарапынан 312 грант берілген. Ал биылғы жылы дәл осы гранттар саны 500-ге жетті.

СІЗ ӘЛЕМДІК 4 ТРЕНДТІ БІЛЕСІЗ БЕ?

Қазір әлемде 4 тренд бар. Бұл бізге де қатысты. Бірақ, нарықтың ауқымы шағын болғандықтан үрдіс баяу жүруде.

1-шісі: Сloud computing. Бұл не? Мысалға, Дроббокс бағдарламасы бар. Осы арқылы сіз бүгінде өзіңізге қажетті мәліметті дискіге, флешкаға сақтап жүрмейсіз. Әлемдік ғаламтор архивіне саласыз.

2-шісі: Big Data. Мысалға, бізде электронды үкімет бар. Ондағы мәлімет қоры орасан. Дәл қазіргі күні осы мәліметтерді қолдана отырып белгілі бір қызмет түрін жасап шығаруға болады. Бұл тарапта ІТ университетінің студенттері e-gov мәліметін қолдана отырып еліміздегі балабақшалардың тізімін, ондағы бос орындардың, кезектердің есебін түзген.

3-ші: Мобильді қосымшалар. Біздегі интернет қолданушылардың саны қанша? Иә, 17 млн адам бар. Соның ішінде 7 млн адам интернет қолданушылар екен. Бұлардың ішінде ғаламторды тұрақты пайдаланатындардың саны 2 млн-ды құрайды.

Ал атақты Appstore қосымшалар дүкенін күллі әлем пайдаланады. Миллион, миллиард адам… Мобильді қосымшалар. Бұл да бүгінгі күннің тренді.

4-шісі: Интернет-заттар. Яғни, тауарды интернет арқылы сату. ІТ университетінің студенттері мұны да жете меңгеріпті.

Бірақ, бізде бұл нарық әлі де «өлі». Сауданың бұл түрі біздің нарықтың 1 пайызын ғана құрайды. Осы 1 пайызды ІТ университетінің студенттері иемденген!

Интернет сауда атты жаңа, заманауи бизнесті меңгерген ІТ университетінің жас кәсіпкерлерімен таныс болғыңыз келе ме?

Айталық, осы оқу орнының студенті Батырхан Тайкен ұялы қосымша арқылы гүл сатады. Яғни, бұл қосымшаны жүктеген адамдар гүл алу үшін дүкенге бармай, үйде отырып-ақ тапсырыс бере алады.

ІТ университетінің студенттері Қазақстандағы жаңа бизнес түрінің дамуына жол ашатын алғашқы толқын болуы әбден мүмкін.

Білсеңіз, Америкадағы жастардың 64 пайызы әзіргі күні осы интернет, ақпараттық технологиялар бизнесінде. Бұл тренд, басқа не дейміз. 

ІТ университетінің философиясы неде? Олар жұмысқа тұратын кадрлер емес, керісінше жұмыс орнын ашатын мамандар әзірлеп шығаруды көздейді. Яғни, бизнес, стартап жобалар жасайтын жастар.

Бұған бірінші кезекте университеттің өзі қолдау көрсетеді. Дәлел керек пе, айтайық. Қазіргі күні ІТ университеті аясында HackDay идеялар фестивалі өтеді. Фестиваль аясында 4 адамнан тұратын студенттер ұжымы өз идеяларын ұсынып, кейіннен оны жоба жүзінде іске асырады.

Биылғы жылы осы фестивальға Қазақстанның әр түкпірінен 1500-ден аса өнертапқыш жиналды. Өнім түрі:  ақпараттық технологиялар, кино және видео, контент, мультимедиа, ұялы қосымшалар және веб-дизайн идеясы.

Ақпараттық технологияларға қатысты мұндай жобалар университетте жетіп артылады. Жылына 60-70 жоба назарға алынып, оның ішінде 10-ға тарта жоба коммерцияланады екен. Көрдіңіз бе?

Осы уақытқа дейін университет қабырғасында 5 техникалық, 2 экономикалық (менеджмент және қаржы) және электронды журналистика мамандығы ашылды. Сайып келгенде, дәл әзіргі күні университет қазіргі әлеуметтік-экономикалық ортаға қажетті  8 түрлі мамандық иелерін даярлап шығады.

СІЗ ЕСТІП ПЕ ЕДІҢІЗ? 

IMG_1485

Халықаралық Ақпараттық Технологиялар (ІТ) университетінің студенттері жасап шығарған роботтар.

Қазақ клавиатурасын ойлап тапқан дәл осы ІТ университетінің студенттері. Диас Жүнісбеков және Ерғали Адамбаев.

 Бүгінге дейін бұл пернетақтаның 1000-нан астам данасы сатылып кетіпті. Алдағы уақытта бұл пернетақта барлық мектептер мен оқу орындарына таралмақ.

Ал осы университеттің тағы бір түлегі Әлібек Жақыпов хабарламаны құпияланған түрде жіберетін қосымшаны ойлап тауыпты. Қалай дейсіз ғой? Мысалға, сіз біреуге маңызды хабарлама жіберуіңіз керек. Бірақ, ол алушыға ғана арналуы тиіс.

 Әлібек ойлап тапқан бағдарлама ұялы телефон жазылған хабарламаны құпиялап тастайды. Жіберген адамның хатын оқу үшін алушыда да дәл осындай қосымша орнатылуы тиіс. Естуімізше, қазір бұл бағдарламаға еліміздің қауіпсіздік органдары қызығушылық танытып отырғанға ұқсайды…

Осы университеттің тағы бір дарынды студенті Дастан Арынғазы iBeacon деп аталатын құрылғы ойлап тапқан. Осы құрылғы арқылы белгілі бір ірі сауда орнына, оның бутиктері мен жеңілдіктеріне қатысты мәліметтер ала аласыз. Мұны басқа да мекемелерге орнатуға болады.

Тағы бір айта кетер жайт, ІТ университетінде Роботқұрастыру зертханасы бар!

Университет студенттері халыққа ақпарат беретін «Арман» және «Шолпан» деп аталатын гид-роботтар жасап шықты. Алдағы уақытта бұлар еліміздегі Халыққа қызмет көрсету орталықтарына орнатылмақ.

 P.S. Сөзімізді түйіндей айтсақ, бұл университет ең алдымен сапаға мән береді. Содан да шығар, бұл оқу орнын бітірген студенттердің 98 пайызы жұмысқа орналасады екен. Биылғы жылы оқу бітірген шәкірттердің 41 пайызы әлі диплом алмай жатып жұмысқа орналасып үлгерген. Былтырғы жылы бұл көрсеткіш 27 пайызды құраған еді. Бұл ненің белгісі? Бұл сұраныстың жоғары екендігінің көрінісі, әлбетте.

 

ТҮЛЕКТЕР НАЗАРЫНА! 

IMG_6682ІТ университетіндегі «Электронды журналистика» мамандығы электронды ақпарат құралдарына арналға мамандар даярлайды. Жаңа мультимедиялық, ақпараттық технологиялар бұл салаға қызыққан жастарды елең еткізері анық.

«Электронды журналистика» мамандығы құжат қабылдау мерзімі небәрі 10 күн: 20 маусым мен 1 шілденің аралығы. Шығармашылық емтихандар: 3 және 7 шілденің аралығы.

Пікірлер

пікір