Тұрғымбаевтар генерал болса да, солдаттар - саясаткер Қосанов

Көркем Алдабергенова 03 мам. 2024 16:22 9291

Биыл 20 наурызда бірқатар медиа ресурстар ішкі істер министрлігін басқарған Ерлан Тұрғымбаевқа қатысты қылмыстық іс қозғалғанын жаза бастаған болатын. Деректерге сүйенсек, ол 361-баптың 1-бөлімі ("лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану") бойынша іс қозғалған, яғни Қаңтар оқиғасы кезінде қызметтік өкілетін асыра пайдаланды деп айыпталған еді. Бұл ақпаратты кейіннен ІІМ Ержан Сәденов растады. Бірақ артынша Бас прокуратура Тұрғымбаевтан тек жауап алынғанын айтты. Дегенмен 30 сәуірде Ерлан Тұрғымбаев ұсталып, бүгінде экс-министрге қатысты 2 ай мерзімге қамауға алу шарасы қабылданған болатын. Осы орайда Dalanews.kz тілшісі саясаткер Әміржан Қосановтан экс-министрдің ісіне қатысты пікірін білді.

Тұрғымбаев қандай министр болды? Өз қызметін атқара алды ма?

- Кез келген авторитар жүйеде күштеу органның, соның ішінде, ішкі істер министрлігі секілді қылмыспен күресетін құзырлы құрылымның ролі ерекше. Және де ол конституциялық және заңнамалық өкілеттіктермен бірге сол билікті сақтап қалу мен нығайту функцияларын атқаратыны белгілі. Халық тарапынан бақылау жоқ жабық жүйеде ол органдар саяси күрестің құралына айналып кетіп жатады.

Сол құрылымдардың барлық мүмкіндігі (оперативті іздестіру, тыңдау, аңду, із кесу және тағы басқа арнайы, басқа құрылымдардың қолынан келмейтінқұқықтық-техникалық әрекеттер) тек қана қылмыспен күрес не тәртіпті сақтау үшін ғана пайдаланылмайды. Ол құзыреттері биліктің конъюнктуралық мақсат-мүддесін қорғау жолында қолданылады. Сондықтан біздегі құқық қорғау органдарының және оның басшыларының қызметіне дәл осы тұрғыдан баға беру керек. Тұрғымбаевқа дейін де солай болған, қазір де солай, және, саяси реформалар шынымен қолға алынбаса, солай бола бермек. Бұл баға, бұл тезис отыз жыл бойына Қазақстанның күштеу органдарының басшысы болған кез келген министрге қатысы бар. Сол тұрғыдан қарастырғанда тұрғымбаевтар генерал болса да... солдаттар!

Экс-министр не үшін ұсталды деп есептейсіз?

- Әзірше ресми ақпаратты місе тұтамыз. Қалғанның бәрі – саяси астары бар, әркім өз мүддесіне сай таратып жатқан әңгімелер ғой.

Наурызда Тұрғымбаев құрықталды деген әңгіме тарап, кейіннен прокуратура экс-министрден тек жауап алынғанын айтты. Тұрғымбаев неліктен бірден ұсталмады деп ойлайсыз?

- "Бірден ұсталмады" дейсіз. Бірден не кейін ұсталуы үшін оған тағылар айып ресми түрде жариялануы тиіс қой. Өз басым Тұрғымбаевқа қатысты қалыптасқан жағдайдан ескі Қазақстан мен Жаңа Қазақстанның құқықтық, саяси, керек десеңіз, моральдық текетіресін көремін. Билікте болған және онымен ширек ғасыр күресіп келе жатқан менің білетінім сол: ішкі істер министрі болған кез келген адам жоғары жақтағы бастықтарының бұйрығысыз не рұхсатысыз маңызды шешім қабылдай алмайды! Ол санатқа президент, оның әкімшілігінің жетекшісі, премьер кіреді. Тұрғымбаев бүгінде Қанды Қаңтарға қатысы бар тұлғалардың ішіндегі аса маңызды адам. Ендігі мәселе оның өзіне келіп тіреледі: не, өз кінәсі болса, бір жаза, не жоғары жақтың бұйрығын орындаса, айып тағылар басқа да лауазым иелері тергеуге тартылуы мүмкін. Соның ішінде, отыз жыл бойына елді басқарып, құқық қорғау жүйесін ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап келген Нұрсұлтан Назарбаевтың да аты аталуы мүмкін. Бұл қатарға мен сол сыни  кезеңдерде президент әкімшілігінің басқарған аса құзыретті саяси тұлғаларды да қосар едім.

Тұрғымбаевтың қамауға алынуында саяси астар болуы мүмкін бе?

- Бәрі де болуы мүмкін! Саяси астар да, кланаларық тартыс та, қызметінде жіберген кемшіліктері не жемқорлық әрекеттері себеп болуы мүмкін. Тіпті ол президентке не оның маңайын жақпай қалуы да мүмкін. Сол себепті ресми ақпаратты күтейік.

Процесс қанша уақыт созылуы мүмкін? Тұрғымбаев ұзақ мерзімге сотталып кетуі мүмкін бе?

- Биліктің ішкі және сыртқы құпияларынан хабардар мұндай тұлғаларға қатысты шешімді нақты судья қабылдамайтыны бесенеден белгілі. Тұрғымбаевқа тағылып жатқан (және тағылуы мүмкін) айыптар, тереу мен сот барысы, соттың үкімі – бәрі-бәрі Ақорданың құзырында. Қалғанының бәрі, соның ішінде, Сіз бен біздің долбарларымыз, Тұрғымбаевқа қатысты жарияланып жатқан алуан-түрлі ақпарат, соның ішінде, шындығы да, өтірігі де, екеуі де аралас сараптамалар – далбаса боп қала бермек!


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар