Тоқаевқа жалған ақпар берген Тұрғымбаевтың соты ашық өтуі керек - заңгер

Сағыныш Сардарова 02 мам. 2024 11:46 656542

Заңгер, құқық қорғаушы Амангелді Шорманбаев елде кейінгі кезде болып жатқан бірқатар маңызды жайтқа қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

29 сәуірде билік пен лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланып, ауыр зардаптарға әкеп соққаны үшін бұрынғы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ұсталды. Бас прокуратура қылмыстық істе мемлекеттік құпия мәліметтер болуына байланысты соталды тергеп-тексерудің басқа деректері жарияланбайтынын хабарлады. Осы тұста сарапшы Шорманбаев экс-шенеунік Тұрғымбаевтың ұсталуына қатысты пікір білдірді.

"2022 жылғы 5,6,7 қаңтардағы Қауіпсіздік комитетінің бүкіл мүшесінің сол күндегі іс-әрекеттері тәуелсіз түрде тергелуі керек. Әрине, соның ішінде Тұрғымбаев та бар. Қауіпсіздік комитеті мүшелеріне кіретін тұлғалардың және олар басқарып отырған органдарының сол кездегі іс-әрекеттері, қандай бұйрық бергені, қаншалықты заңды болғаны, заңсыз болғаны - соның бәрі тергеуден өтуі керек. Жеке-жеке істер қозғалатын болса, онда түгел не болғанын, кім кімнің бұйрығын орындағанын, кім кімнің бұйрығын орындамады, кім қылмыс жасады, кім жасаған жоқ - оның бәрін біле алмаймыз.

Ол істер құпия түрде өтсе, биліктегілердің өз-өздерімен текетірес жасап жатқанының көрінісі болуы мүмкін деп ойлаймын. Жабық түрде өтсе (Тұрғымбаев ісі - еск.), қандай айып тағылатыны, іс жүзінде солай ма, жоқ па, оны біле алмаймыз. Ол кісінің әрекеттері нақты қандай зиян келтіргені туралы жалпы қоғам болып білуге толықтай құқығымыз бар, білуіміз керек. Менің болжамым бойынша бұл іс те (Тұрғымбаев ісі - еск.) жабық өтеді. Ол құпия түрде өтетін болса, бұл жерде саяси астары бар екенін көрсетуі мүмкін", - деді сарапшы.

Құқық қорғаушы қазір қоғамды алаңдатып отырған Бишімбаев ісіне қатысты ұстанымын айтты.

"...Билік өз жұмысын көрсету үшін кейбір осындай істерді ашып көрсетуіне мәжбүр болады. Әйтпесе мемлекетке ешкім сенбейді. Біздің билік бүкіл жүйені ашып көрсетуге дайын емес. Себебі былықтар өте көп. Сол себептен спектакль түріндегі кейбір-кейбір істерді көрсету арқылы қолдан жасаған ашықтықты (көріп отырмыз - еск.). Қоғам тарапынан біз бүкіл сот жүйесін ашуды талап етуіміз керек. Себебі бірен-саран көрсетілген істер қоғамның билікке сенімін ешқашан да арттырмайды. Ол уақытша ғана эффект береді. Іс біткеннен кейін оны ұмытады", - деді ол.

Сонымен қатар, Амангелді Шорманбаев судьяларға қатысты қандай мәселелер бар екенін айтты.

"Мен білетін бірнәрсем бар, судьялар отставкаға шыға алмайды. Отставка қаншама жыл өткеннен кейін ғана беріледі. Отставкаға дейін судьялар кез келген уақытта жұмыстан шыға алу, жұмыстан айрылу мәселесінен қорқады. Себебі отставкадан айрылады. Жұмыстан шығады да кәдімгі адам сияқты жұмыс істей бастайды, яғни олардың материалдық жағдайлары қамтамасыз етілмейді. Сол себептен 40-тан асқан судьялар осы мәселеге қатты алаңдайды және де басқа бір мәселелер бар. Жемқорлар көп. Олар пара алады. Пара алады да, органдар оның бәрін, қай істе кімнен алғанын біледі. Сол себептен олардың үстінен компромат өте көп болуы мүмкін. Ұлттық қауіпсіздік, полиция болсын, Антикор болсын, солардың қолында судьяға қарсы компромат болса, судьяның шешімімен олар билейді. Осы мәселенің бәрінен арылу үшін үлкен реформа керек", - деп түйіндеді заңгер.

Айта кетейік, бұған дейін Досым Сәтпаев "Самат Әбіш ағасының арқасында "аман" қалғанын, бірақ Тұрғымбаевқа мұндай тарту жасалмайтынын мәлімдеді.

Сәтпаевтың пікірінше, экс-министрге Самат Әбіш секілді қызметтік өкілеттікті асыра пайдаланды деген айып тағылған.

"Самат шымылдықтың ішіндегі, ел көзінен тасада жүргізілген келіссөз арқасында абақтыдан аман қалды. Бірақ Тұрғымбаевқа мұндай тарту жасалмайды. Жазадан құтылып кеткен Назарбаевтың немере інісінен кейін билік өз кінәсін жуып-шаюға тырысады. Ашығын айтқанда бұл екеуі де Қаңтардан кейін іле-шала қамауға алынып, қазір зынданда жатуы тиіс еді. Бірақ бұл Қазақстан ғой. Тоқаевты шатастырған Тұрғымбаев президенттің кеңесшісі болып кетті, тіпті ШЫҰ-да да шамалы уақыт жұмыс істеді. Яғни, осы уақытқа дейін билік "Тұрғымбаевты не істейміз" деген сауалға бас қатырып келді. Жазалаймыз ба әлде рақымшылық етеміз бе деген мәселе күн тәртібінде тұрды", - дейді Сәтпаев.

Оның айтуынша, Жаңа Қазақстан оппозиция өкілдерін бұлайша мәймөңкелетпейді. Осы екі жыл ішінде жүйе билікке қарсы белсенділерді топ-тобымен ұстап, соттап, түрмеге жапқан.

"Бұл билік үшін бірен-саран оппозиция белсенділері жүйенің саяси қарсыласы ретінде Тұрғымбаевқа қарағанда әлдеқайда қауіпті екенін көрсетеді. Экс-министр Қаңтардағы қантөгіс үшін бірінші кезекте жауапты және сол үшін дереу жазаға тартылуы тиіс тұлға еді. Соған қарамастан ол екі жылдан астам уақыт бойы еркіндікте жүрді. Яғни, кімді түрмеге жабуды, кімді соттауды, кімді жазалауды немесе кешіруді биліктің өзі ғана шешеді деген сөз", - дейді Сәтпаев.

Сонымен қатар, ол Тұрғымбаев соты да жабық жағдайда өтуі мүмкін екенін болжады.

"Самат Әбіштің, Қайрат Сатыбалдының соты Бишімбаевтікі секілді ашық, тікелей эфирде өтуі керек еді. Халық үшін Қуандықтың процесіне қарағанда "ескі Қазақстанның" қылмысын әшкерелеу маңызды. Түсінгенім, Тұрғымбаевтың соты да жабық жағдайда өтеді. Ашық сот отырысын өткізу билікке тиімді емес", - дейді Сәтпаев.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар