Тоқаев Маңғыстаудан көңілі толмай оралды - сарапшы

Сағыныш Сардарова 21 сәу. 2025 10:35 21763

Өткен жұмада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстауға арнайы барып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде ауқымды кеңес өткізді. Ауызсу, экология, туризм, әлеуметтік сала, білім, денсаулық, т.с.с. салалар тегіс қамтылып, сыни пікірлер де айтылды. Саясаттанушы Данияр Әшімбаев Президенттің Маңғыстау сапарына қатысты пікір білдірді, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Кешірілмес күнә болады". Тоқаев Маңғыстауда не айтты?

Алдымен Президенттің Маңғыстауда айтқан кейбір сындарына шолу жасап шығуды жөн көрдік.

"Біраз шаруа жасалған. Жетістіктер аз емес, бірақ кемшіліктер де бар. Оны мойындау керек және ашық айту қажет" деген Мемлекет басшысы өңірдегі ең маңызды мәселелерге тоқталды:

  • Су тапшылығы: "Облыстағы басты міндеттің бірі – тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету";
  • Президент аймақтағы су құбыры мен кәріз желісінің тозуын аса күрделі мәселе деп атады;
  • Құрылыс нысандары: "6 үйдің құрылысы бітпей тұр. Орынсыз, яғни бей-берекет салынған құрылыс нысандары да бар";
  • "Жаңаөзендегі газ өңдеу зауыты құрылысының кешігуі – Үкіметтің өрескел олқылығы";
  • Экология мәселесі: "Аймақтағы полигондарда 200 мың тоннадан астам қоқыс жиналып қалған. Рұқсат етілмеген жерге заңсыз тасталған қоқыстар да көп";
  • Білім саласы: "Аймақта білім сапасын жақсарту үшін бірқатар шара қабылданды. Бірақ жұмыстың нәтижесі көңіл көншітпей тұр";
  • Денсаулық сақтау саласы: "Облыстың денсаулық сақтау жүйесінде кемшіліктер бар. ...Балалардың тамақтан жаппай улану деректері азаймай тұр. Бұл – әбден ұят нәрсе".

"Маңғыстау облысына келсек, біз бұл аймақты жедел дамудың үлгісі ретінде көрсетуіміз керек. Облыстың әлеуеті зор. Соны тиімді пайдаланбасақ, бәрімізге кешірілмес күнә болады", - деп түйіндеді сөзін Тоқаев.

Маңғыстауға қарқынды дамуға не жетпейді? Сарапшы пікірі

Саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың айтуынша, Мемлекет басшысының Шымкенттен кейін Ақтауға сапары бекер емес. Халық саны қарқынды өсіп жатқан бұл өңірдің мәселесі шаш етектен.

"Мемлекет басшысы өзімен бірге Президент әкімшілігінің басшысы мен оның бірінші орынбасарын, сондай-ақ, екі вице-премьерді ала келген. Шымкентте Президент жергілікті шенділер алдында сөйлесе, Маңғыстауда өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өткізді", - деді сарапшы.

Саясаттанушының пікірінше, Маңғыстау мәселесі көп өңір болғанымен, ол бірден мұндай бола қоймаған.

"Тоқсаныншы жылдар басындағы Жаңаөзен оқиғаларынан кейін өңір ұзақ уақыт тыныштықта болғаны мәлім. Алайда 2006 жылдан бастап аймақта әлеуметтік шиеленіс қайта тұтанды. Екі жылдан кейін атышулы Жаңаөзен ереуілі жергілікті элиталардың тендер мен салыққа таласы және орталық биліктің "қорқақтығы" кесірінен өршіген болатын. Сол жылдардан бері наразылық танытудың өзіндік "мәдениеті" қалыптасты", - дейді ол.

Алайда өңірде мәселе аз емес, Президент оларды шешу үшін бірнеше рет тапсырма да берген.

"Тоқаев тағы да бақылаусыз көші-қон ағынына назар аударды. Айта кету керек, туу көрсеткіші жоғары болуымен қатар, аймақ ішкі және сыртқы көші-қонның оң сальдосымен ерекшеленеді. Мәселе бұрыннан бар, бірақ оны ешкім шеше алмайды (немесе қаламайды).

Бірақ осы жолы Президент Тоқаев қалыптасқан ахуалдың терең себептерін сынай келе, "популизмге жол беруге болмайтынын" қадап айтты. Тоқаев өзінің бұрынғы тапсырмаларын іске асыру мәселесінде белгілі бір нәтижелер бар екенін, бірақ жүйелік кемшіліктер де бар екенін мәлімдеді. Анықтап қарасақ, бұл сөздің астарында қатаң сын жатыр", - деді ол.

Тоқаевтың сын тезіне алған басты мәселесі – ауызсу тапшылығы.

"Аймақтың осы бір созылмалы дерті туралы бұдан он жыл бұрынғы талқылауларды жергілікті БАҚ ауыр қабылдап еді, ал бүгін сол түйінді Тоқаевтың өзі мойындап отыр. Мемлекет басшысы істелген жұмыстарды тізіп, "нашар сумен жабдықтау – бүкіл өңірдің басты проблемасы" деген қорытындыға келді", - дейді саясаттанушы.

Одан бөлек Президент Ақтаудағы жылу мәселесін, газ өңдеу зауытының құрылысын, шағын және орта бизнестің дамуын, туризм мен логистика салаларын, сондай-ақ, өңірдің экологиялық ахуалын нақты атап өтті. Әсіресе, білім мен денсаулық сақтау саласындағы кемшіліктерді қатаң сынға алды.

"Тағы бір ерекше тоқталған мәселесі – "әлеуметтік алаяқтық". Бұл мәселе көтерілгеніне көп болған жоқ, бірақ жағымсыз статистика қалыптасқан сияқты. Өңірдің проблемаларына қайта оралсақ, Тоқаев: "бірінші талабым – адал жұмыс істеу" деді. Аймақтағы істердің жай-күйін сынау тұрғысынан бұл тұспал - өте ашық ескерту", - деп түйіндеді сарапшы.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар