Былтыр ақын Серікзат Дүйсенғазының ұлы өмірден өткен еді. Арада бір жыл уақыт өтті, ал сот отырысы әлі жалғасып жатыр. Ақынның өзі де әлеуметтік желідегі парақшасында ұлы мерт болған жерді көрсетіп, әлі күнге дейін сот отырысы өтіп жатқанын жеткізді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бір күн ішінде он сот отырысы өткен. Соның бірі қаралы оқиға болған жерде, яғни Елікті паркте өткізілген.
"Әлиханымның соңғы көрген жері. Осы жерде көшпелі сот отырысы өтеді. Ардақты ағайын, Әлиханымның соңғы демі үзілген жер. Анау талға соғылған ғой. Айналайын-ай десейші", - деді ол.
Серікзат Дүйсенғазының сөзінше, келесі тарап кінәсін мойындамай отыр.
"Елікті деген осы міне. Ешқайсын әлі жаппаған, ашық тұр бәрі. Мойындамайды, Шымбұлақта да, басқа жерде де солай дейді. Соттың алдында да жаңа дауласып қалдық. Бізде заң да, иман да - бәрі өте әлсіз екен. Соны байқап отырмын. Бұл жігіттерде әлі иман жоқ. Адам өліп жатса да, орманды қоршауға болмайды деп дау шығарып отыр", - дейді ақын.
Айта кетейік, бұған дейін ақын Серікзат Дүйсенғазы ұлы Әлиханның қазасына байланысты тергеу аяқталғанын мәлімдеді.
2023 жылы 2 қаңтарда өмірден өткен Әлиханның қазасына байланысты ұзаққа созылған тергеу жұмысын Ақмола облыстық Ішкі істер басқармасының тергеушілері 2023 жылы қазанда аяқтаған.
Серікзат Дүйсенғазының айтуынша, демалыс аймағындағы қауіпсіздік үшін бұл мекеме жауап бермейтін болып шыққан.