Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Қазақстан бүгінде тектоникалық саяси өзгерістер кезеңін өткеріп жатқанын айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның сөзінше, бүгінгі саяси процестерді сараптау үшін кешегі тарихқа көз жүгірту аса маңызды. Сайыров ескі жүйеде билік сол кездегі Президенттің қолына шоғырланды деп те сынады.
"1990 жылдардың басында елімізде нақты плюрализм мен демократияға бағытталған іс-қадамдар болды. Парламент пен атқарушы билік арасында тепе-теңдік болып, конституциялық құрылысты бақылап отыратын институттар жүйелі жұмыс атқарды.
1995 жылғы Конституция экономикалық реформалар мен әлеуметтік тұрақтылықты жеделдеткенімен, саяси жүйеміз жекелеген топтар мен кейбір тұлғалардың мүддесіне жұмыс жасап кетті. Сөйтіп билік толықтай сол кездегі Президенттің қолында шоғырланып, Парламент формальды рөл атқарды", - деді ол.
Депутаттың айтуынша, осылайша азаматтар мен билік арасында байланыс үзіліп, қоғамдық процесстер бір бағытта ғана жүрген.
"2010 жылдан бастап Қазақстанда саяси дағдарыс ашық түрде өршіді. Мәселен, жер реформасына қарсылық және халықтың әлеуметтік жағдайының төмендеуіне наразылық ретінде кейбір әлеуметтік топтар бас көтерді", - деді Сайыров.
Мәжіліс депутаты Тоқаевтың билікке келуіне қатысты да пікір білдірді.
"2019 жылы осындай күрделі кезеңде билік басына Қасым-Жомарт Тоқаев келді. Ол билікке келісімен "Қазақстанда саяси реформалар жасамай, еліміздің тұрақты экономикалық дамуын қамтамассыз ету мүмкін емес", – деп мәлімдеді.
Мемлекет басшысының бастамасымен Саяси реформаларды жоспарлау үшін арнайы Ұлттық Кеңес құрылды. Ұлттық Кеңес елдегі ушығып тұрған саяси процесті эволюциялық жолмен шешуді көздеп, Президент өкілеттілігін Парламентке беру, оппозиция рөлін арттыру, Конституцияға өзгерістер енгізу және билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік мәселелерін қарастырды.
Президенттің каденциясының басты мәселесі – елімізде қалыптасқан "жеке басқа табынушылық" процессін жойып, мемлекет пен қоғам арасындағы жаңа тұрпатты, халықтың қоғамдық мүддесіне сәйкес келетін саяси жүйе қалыптастыру", - деді ол.
Сайыровтың сөзінше, бұл реформаларға ескі жүйе дәуірінде Қазақстанның саяси сферасына, экономикалық жүйесіне дендеп кіріп алған олигархиялық, бюрократиялық топтар қарсы болған.
"Мемлекеттің ішінде саяси реформаларға қарсы пиғыл мен реваншисттік топтар пайда болды. Осы реваншисттер 2019 жылдан бастап жүргізіліп жатқан реформаторлық курсқа жүйелі түрде қарсылық білдіріп келді. Бұл қылмыстық топтың тіміскі әрекеттері Қаңтар оқиғасындағы ауыр жағдайларға алып келді.
Қаңтар кезеңінде ел Президенті Қазақстан мемлекетін ауыр алапаттан құтқарып қалды! Қаңтар оқиғалары саяси реформаларға жаңа пәрмен берді. Осы жерде баса айтатын мәселе, жоғарыда айтылғандай, саяси реформалар 2019 жылы басталған!" - деді депутат.