Ресейліктерге Қазақстанда берілген ЖСН жаппай жойылып жатқаны рас па?

Сағыныш Сардарова 28 нау. 2025 16:09 2449

Әлеуметтік желілерде Ресей азаматтарына Қазақстанда берілген ЖСН-нің (жеке сәйкестендіру нөмірі) жаппай жойылып жатқаны туралы ақпарат тарады. Ішкі істер министрлігі Көші-қон қызметі комитетінің басшысы Аслан Аталықов бұл ақпаратты растады, бірақ мәселенің мән-жайына тоқтала кетті, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

«ЖСН-дер кері қайтарылып жатқан жоқ, олар рәсімдеу кезінде заңбұзушылық анықталғандарға қатысты жойылуда. Қазір тексеріс жүріп жатыр. Қай бап бойынша қылмыстық іс қозғалғанын нақты айта алмаймын, бұл – тергеу департаментінің құзырындағы мәселе. Тергеу аяқталған соң, мүмкін әріптестерім толық ақпарат бере алады. Тергеу ісінің құпиялығы бар, іс әлі аяқталған жоқ, тексеру мен анықтау жұмыстары жалғасуда», – деді Аталықов.

Желіде тараған ақпаратқа сәйкес, ЖСН-ді қашықтан рәсімдеуді еліміздегі екінші деңгейлі банктердің бірі жүргізген. Ал заң бойынша ЖСН-ді рәсімдеу үшін өтініш беруші азаматтың өзі жеке келуі міндетті. Яғни қашықтан рәсімдеу – заңсыз әрекет. Аталықов банк атауын нақтыламады, бірақ Қазақстан бойынша мұндай жағдайлардың «оннан астамы» анықталғанын жеткізді.

«Бұл бірен-саран жағдай ма, әлде жаппай сипат алды ма?» деген журналистердің сауалына комитет басшысы: «Қазір осы фактілердің бәрі тексеріліп жатыр. Әзірге нақты күдіктілер де жоқ. Тергеу жалғасуда», – деп қысқа қайырды.

Комитет басшысының айтуынша, Қазақстан заңына сәйкес, рәсімдеу кезінде ереже бұзылса немесе ЖСН алған шетелдік ел аумағында тұрмайтын болса, тиісті органның өтініші бойынша ЖСН күшін жоя алады.

ІІМ ұсынған ақпаратқа сүйенсек, биыл 9 мың Ресей азаматы Қазақстанда ЖСН алған. Жалпы елімізде тұруға ықтиярхат алған ресейліктер саны – 87 мыңға жеткен.

Айта кетейік, былтыр елімізде 435 408 шетел азаматына ЖСН берілген. Оның ішінде Ресей азаматтары – 233 013, Өзбекстаннан – 121 719, Қытайдан – 25 654, Тәжікстаннан – 13 846, Қырғызстаннан – 9 308 азамат тіркелген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар