Қошанов Мәжіліс отырысында Қаңтар оқиғасына тоқталды

Сағыныш Сардарова 19 нау. 2025 10:53 1321

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Мәжілістің жалпы отырысында Президент реформаларының бір жеңісі халықты мазалайтын мәселелер көшеде емес, Парламент қабырғасында талқылануы екенін айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қошановтың айтуынша, мазмұнды, конструктивті талқылау мәдениеті қалыптасып жатыр. Сондай-ақ, Мәжіліс төрағасы Қаңтар оқиғасына да тоқталды.

"Қаңтар оқиғасы бойынша екі рет арнайы парламенттік тыңдау өткіздік. Ашық талқылау барысында тергеу амалдарының мәліметтері бүкпесіз жарияланды.

Оған Бас прокуратура, құқық қорғау органдары, құқық қорғаушылар және сол күндері ауыр шығынға ұшыраған кәсіпкерлер шақырылды. Елдің көкейіндегі көптеген сауалдарға жауап берілді", - деді Қошанов.

Сондай-ақ, Ерлан Қошанов Мәжіліс жанынан құрылған Қоғамдық палатаның жұмысын ерекше атап өтті.

"Қазір Қоғамдық палата үйлестіруші алаңға, негізгі заңнамалық бастамаларды тәуелсіз, кәсіби сараптау орталығына айналды. Осылайша, біз қоғаммен диалогтың жаңа форматына көштік. Бұл да Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстан құру идеясымен толық үндесіп жатыр", - деді ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар