Қырғызстан өз азаматтарына уақытша Ресейге бармауға кеңес берді

Қаракөз Амантай 03 мам. 2024 14:54 2581

Қырғызстан Сыртқы істер министрлігі өз азаматтарына Ресей Федерациясына барудан уақытша бас тартуды ұсынды, деп хабарлайды Dаlanews.kz.

Бұған дейін Тәжікстан Сыртқы істер министрлігі де осы мақсатта халқына ескерту жасаған еді.

"Қырғызстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен шетелдегі мекемелері Ресей Федерациясындағы ахуалды және оның Қырғыз Республикасы азаматтарының құқықтық жағдайына әсерін бақылауда.

Сонымен бірге министрлік Ресей Федерациясына баруға дәлелді себептері жоқ отандастарға бұрын енгізілген қосымша қауіпсіздік шаралары мен мемлекеттік шекара арқылы кіруді бақылау режимі күшейтілгенге дейін оның аумағына барудан уақытша бас тартуды тағы да ұсынады. Ал егер бару керек болса, Ресей Федерациясына  кіруге шектеулердің бар-жоғын алдын ала тексеріңіз", – делінген ҚР СІМ сайтында.

Орта Азиядан келген мигранттар мәселесімен айналысатын құқық қорғаушы Валентина Чупик "Агентство" ресейлік басылымына берген сұқбатында Ресейдің Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстан азаматтарына кіруден жаппай бас тартқаны сәуір айының соңында белгілі болғанын айтты.

"Ресейге келген мигранттарды 24 сәуірден бастап ұстай бастады. Ал 1 мамырға қарай Ресей әуежайлары мен жер үсті өткізу пункттерінде осы елдердің 4500-ге жуық азаматы кезекте жиналып қалды. Бұрын ұшақты айына бір рет рет қана кіргезбейтін жағдайлар болатын. Ал қазір аралығы тым жиілеп кетті", - дейді ол.

Чупиктің айтуынша, әсіресе Ресейге орамал киген әйелдер мен сақалы бар еркектерді кіргізбей жатыр екен.

Сонымен қатар ол ұсталғандардың төрттен бір бөлігі Тәжікстан азаматтары, жартысына жуығы Өзбекстаннан қоныс аударушылар, қалғандары негізінен Қырғызстан азаматтары екенін атап өтті.

Еске салайық, 22 наурызда кешкі уақытта Мәскеудегі "Крокус сити холл" концерт залында теракт болған еді. Қару асынған бірнеше адам қарапайым тұрғындарға оқ жаудыра бастады. Салдарынан, соңғы деректер бойынша, 143 адам қаза тапты. Осы жағдайға байланысты Ресей СІМ бір ай бұрын "Крокус Сити Холл" концерт залына жасалған шабуыл аясында қауіпсіздік шараларының күшейгенін жеткізді.

29 сәуірде Ресейдің Тәжікстандағы Елшісі Ресей шекарасында тұрып қалған жүздеген Тәжікстан азаматтарының жағдайына алаңдаушылық білдіріп, елдің Сыртқы істер министрлігінен нота жіберген болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар