Қазақстандық олигарх Машкевич өмірден өтті: ERG компаниясы мәлімдеме жасады

Қаракөз Амантай 22 нау. 2025 17:30 3692

Белгілі кәсіпкер және Eurasian Resources Group (ERG) негізін қалаушылардың бірі Александр Машкевич 72 жасында өмірден өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

ERG баспасөз қызметінің хабарлауынша, оның қайтыс болуына ұзаққа созылған сырқат себеп болған

“Ол 2014 жылдан 2024 жылға дейін ERG Директорлар кеңесінің төрағасы болды. Сондай-ақ, Машкевич ұзақ жылдар бойы “Еуразиялық банк” АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарды”, – деп хабарлады компаниялар тобының баспасөз қызметі әлеуметтік желілерде.

Айта кетейік, белгілі кәсіпкер ERG-ті Патох Шодиев, Ибрагимовтар отбасы және Қазақстан үкіметімен бірлесе басқарып, компанияның дамуына елеулі үлес қосты. ERG құрамына ТНК “Қазхром”, Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі, “Алюминий Қазақстан”, Қазақстан электролиз зауыты секілді ірі өндірістік кәсіпорындар кіреді.

Сонымен қатар Машкевич Шодиев және Ибрагимовтармен бірге «Еуразиялық қаржы компаниясы» АҚ, «Еуразиялық өнеркәсіп компаниясы» АҚ және «Еуразиялық өндірістік компаниясы» ЖШС-нің тең иесі болды. Ол Қазақстан Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің мүшесі әрі Қазақстан ат спорты федерациясының құрметті президенті ретінде де танымал еді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар