"Полигондар мәселесі шешілмей жатыр". Олжас Бектенов Экология министрлігін сынға алды

Қаракөз Амантай 26 нау. 2025 10:10 908

Қазақстандағы тұрмыстық қалдықтар полигондарының жағдайы сын көтермейді. Премьер-министр Олжас Бектенов елдегі полигондардың 20 пайызы ғана талаптарға сай екенін айтып, осы бағыттағы жұмыстың баяу жүргізіліп жатқанын қатаң сынға алды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Қазіргі таңда полигондардың жай-күйі қандай? Мендегі ақпарат бойынша, олардың небәрі 20 пайызы ғана белгіленген талаптарға сай келеді", – деді Үкімет басшысы.

Ал Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.

"2023 жылдың соңында Үкімет қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру мақсатында кешенді іс-шара жоспарын бекітті. Аталған жоспар аясында 100 жаңа полигон салу көзделген. Қазіргі уақытта 7 полигон пайдалануға берілді, 23 полигонның жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалды. Тағы 18 полигонның құжаттары рәсімделу үстінде. Қалған 52 полигон бойынша биыл өңірлер қаржы бөліп, жобалау жұмыстарына кірісуі тиіс", - деді ол.

Министр экологиялық талаптардың қала мен ауылдық елді мекендерге бірдей қойылуы белгілі бір қиындықтар туындататынын атап өтті.

"Ауылдық жерлерде талаптарға сай полигон салу үлкен қаржыны қажет етеді. Осыған байланысты Экологиялық кодекске өзгерістер енгізу және полигондарды қаржыландыру үшін утильдік алым қаражатын пайдалану мәселесі қарастырылуда", – деп қосты министр.

Алайда Үкімет басшысы осы жұмыстардың баяу жүргізіліп жатқанын атап өтіп, министрлікке әкімдіктердің қызметін тиімді үйлестіру қажеттігін ескертті.

"Атқарылған жұмыстар туралы есеп бар, бірақ көзге көрінерлік нәтиже байқалмайды. Министрлік бұл салада белсенділік танытуы тиіс. Өкінішке қарай, әзірге ондай ұстанымды көріп отырған жоқпыз", – деді Олжас Бектенов.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар