Ораза – рухани тазару айы ғана емес, қаржылай сауатымызды арттырып, ақшамен ара-қатынасымызды реттейтін керемет кезең. Байқасаңыз, дәл осы бір айда адамдардың көбі шығындарын еріксіз қысқартады, қажетсіз дүниелерден бас тартады.
Мұны нақты есеппен тарқатып көрейік. Мысалы, оразаға дейінгі күнделікті қаржылай әдеттерімізді алайық. Әдетте бір адам күніне екі рет сырттан тамақ ішсе, орта есеппен бір тамақтануы 2000-2500 теңге деп есептегенде, бір күнде 5000 теңге жұмсайды. Бір айда бұл сома 150 000 теңгеге жетеді. Ораза кезінде бұл шығын бірден қысқарады. Себебі кешке үйде жасалған ас әлдеқайда арзанға түседі. Тіпті үйде ауқаттанудың өзін күніне 1500 теңгеге есептесек, 30 күнде 45 000 теңге кетеді. Сонда бір ғана тамақтанудың өзінен 105 000 теңге үнемделеді.
Сонымен қатар ораза кезінде адамдар көбіне көңіл көтеру шараларына баруды азайтады. Мәселен, кино, кафе немесе басқа да ойын-сауыққа аптасына 1 рет барсаңыз, орта есеппен 10 000 теңге жұмсайсыз делік. Айына – 40 000 теңге. Ораза айында бұл әдетті уақытша доғара тұрып, орнына тегін, пайдалы іс-шаралар немесе рухани мазмұндағы кездесулерге қатысуға болады. Осы арқылы қосымша тағы 40 000 теңге қалтаңызда қалады.
Енді, тағы бір назар аударатын шығын – кофе мен тәтті-дәмділерге кететін қаражат. Күн сайын кофеханадан кем дегенде бір шыны кофе алатын болсаңыз, бағасы шамамен 1000-1200 теңге аралығында. Бір айда тек кофе үшін кемінде 30 000 теңге шығынданасыз. Ораза уақытында кофені үйде дайындап, айына орта есеппен 5000 теңгеден асырмай-ақ тұтынуға болады. Сонда тағы 25 000 теңге үнемделеді.
Жоғарыда келтірілген есепті біріктірсек, тек бір айда ғана 170 000 теңгеге жуық ақша үнемдеуге болатыны анықталып отыр. Ал енді бұл үнемделген ақшаны қаржылық мақсаттарыңызға бағыттап, оны әрі қарай инвестицияға немесе депозитке салсаңыз, қаржылық жағдайыңызды біртіндеп жақсартуға нақты қадам жасайсыз. Егер бұл соманы ай сайынғы депозитке салып отырсаңыз, жыл соңына қарай 2 миллион теңгеге жуық жинақ пайда болады.
Психологиялық тұрғыдан алғанда да, ораза кезінде адамның қаржыға деген көзқарасы өзгереді. Бұл кезеңде қажет пен қажетсізді ажыратып, ақшаны басқару дағдыларыңыз күшейеді. Адамның өз-өзін басқару қабілеті артқанда, ақшаға деген құрметі мен жауапкершілігі де артады. Бұрын мән бермеген ұсақ шығындарға мұқият боласыз, қаржыны мақсатсыз шашудан тыйыласыз. Яғни, ораза ұстап отырып, адамның қаржылық әдеттері реттеліп, ақша жұмсаудағы ұқыптылығы қалыптасады.
Осылайша, ораза тек рухани жағынан емес, қаржылық жағынан да байып, ақшаны саналы басқаруға көмектесетін бірегей кезең. Бұл уақытты тиімді пайдаланып, қаржылық сауатыңызды арттыруға, өміріңізге ақшаның оңай келуіне жағдай жасауға әбден болады. Сондықтан, ораза ұстап, рухани ғана емес, материалдық жағынан да байып кету әбден мүмкін!