Маңғыстау облысындағы көне Бекет Ата жерасты мешіті көгілдір отынға қосылды

Ақтоты Жапатова 26 нау. 2025 12:02 929

Бейнеу ауданында орналасқан көне Бекет Ата жерасты мешітіне табиғи газ берілді. Салтанатты шараға облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай қатысты, – деп хабарлайды Dalanews.kz

Жоба жеке кәсіпкердің қаражаты есебінен 2025 жылдың қаңтарында басталып, үш айға жуық уақыт ішінде толық аяқталды. Жалпы ұзындығы 3,4 шақырымды құрайтын газ құбырының тартылуы – мешітке келушілер үшін қолайлы жағдай жасап қана қоймай, тарихи нысанның сақталуына да оң әсерін тигізбек.

Шарада сөз сөйлеген Бекет Атаның жетінші ұрпағы Ташов Қалымбегі ата бүгінгі табиғи газдың тартылуы – ата-бабалар аманатына деген құрметтің белгісі екенін атап өтті.

- Бекет Ата мешітіне табиғи газ тартылуы – бұл тек тұрмыстық қолайлы жағдай ғана емес, бабалар мұрасына деген құрметтің айқын көрінісі. Киелі орындарымыздың сақталуы – болашақ ұрпаққа аманат. Осы игілікті іске атсалысқан жандарға алғысым шексіз, берекеміз арта берсін, - деді Ташов Қалымбегі ата.

Бекет Ата жерасты мешіті – Қазақстанның жалпыұлттық сакралды нысандарының бірі. 1771-1775 жылдары тұрғызылған бұл ерекше сәулет туындысы жартасқа ойылып салынған және үш бөлмеден тұрады. Мешіттің негізгі бөлмесі дөңгелек пішінде жобаланып, төбесі жазық күмбез тәрізді жасалған. Оның сыртқы келбеті қазақтың дәстүрлі киіз үйіне ұқсайды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар