Маңғыстау облысы кедейлік деңгейі бойынша көш бастап тұр

Кәмшат Тілеухан 27 нау. 2025 11:24 907

Halyk Finance сарапшыларының Қазақстандағы кедейшілік туралы кезекті есепті жарияланды. Ондағы статистикаға сәйкес, кедейшілік, көбіне көпбалалы отбасыларды және ауыл-аймақтарды маңайлайды. Яғни, бала саны артқан сайын шығын көбейіп, отбасы жұтаңдай түседі. Сондықтан қаржы институты осы бағыттағы әлеуметтік қолдау механизмдерінің тиімділігін зерделеу маңызды мәселе деп санайды. Өңірлік бөліністе кедейшілік шегі, әсіресе Түркістан және Маңғыстау облыстарын қамтиды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Қазақстанда кедейлік деңгейі төмендеп келе жатқаны ресми деректерде жиі айтылғанымен, бұл реттегі көрсеткіштердің астарына үңілсек, әлеуметтік картина жағдайдың әлдеқайда күрделі екенін аңғартады. 2024 жылдың IV-тоқсанында елдегі кедейлік деңгейі 4,8%-ды құрап, III-тоқсандағы 5,1%-дан аздап төмендеген. Әдетте, жыл соңында әлеуметтік төлемдер мен жалақыға қосымша сыйақылардың тағайындалатыны белгілі. Сондықтан кедейлік статистикасында маусымдық оң көрініс байқалады, алайда оның уақытша құбылыс екенін дұрыс түсінуіміз қажет. Қазіргі уақытта елдегі кедейліктің ең ауыр зардабын тартып отырған санат – көпбалалы отбасылар. Отбасындағы адамдар санының артуы кірістің жан басына шаққандағы мөлшерін азайтып, өмір сүру сапасын төмендетеді. Бір адамнан тұратын үй шаруашылығында кедейлік деңгейі бар болғаны 0,12% болса, бес немесе одан көп мүшесі бар отбасыларда бұл көрсеткіш бірден 8,92%-ға жетеді. Бұл көрсеткіш - тек цифр ғана емес, еліміздегі көпбалалы отбасылардың шынайы әлеуметтік бейнесін ашатын ащы шындық. Отбасылардың бала саны көбейген сайын кедейлік шегі де арта түседі", - дейді Halyk Finance Аналитикалық орталығының басшысы Мәдина Қабжалалова.  

Кедейліктің географиялық картинасы еліміздегі әлеуметтік-экономикалық ахуалдың біркелкі емес екенін айқын аңғартады. Мәселен, Астана мен Алматы сияқты ірі қалаларда кедейлік деңгейі салыстырмалы түрде төмен: Астанада - 2,1%, Алматыда - 3,5%. Дегенмен, осы ірі қалаларда әлеуметтік топтар арасындағы табыс алшақтығының рекордтық деңгейге жетіп отырғаны да жасырын емес.

Мысалы, Алматыда ең бай тұрғындардың 10 пайызы ең кедей 10 пайызға қарағанда орташа есеппен 7,31 есе көп табыс табады екен. Бұл көрсеткіш Астанада 5,98 есені құрайды.

"Яғни, қалаларда кедейлік ресми түрде төмен болғанымен, әлеуметтік тепе-теңдік тұрғысынан алғанда, жағдай соншалықты тұрақты емес. Қалалардың табыс құрылымындағы мұндай теңгерімсіздік әлеуметтік шиеленістерге алып келуі мүмкін екенін ұмытпау қажет", - дейді сарапшы.

Өңірлердегі жағдай бұдан да күрделі. Түркістан облысында халықтың 8,4%-ы, ал Маңғыстау облысында 7,9%-ы кедейлік шегінен төмен өмір сүреді. Бұл өңірлерде орташа табыстың өмір сүру минимумынан сәл ғана жоғары екендігі анықталып отыр

Табыстың сатып алу қабілеті әртүрлі: Қарағанды ​​облысында табыс ең төменгі күнкөріс деңгейінен 2,7 есе жоғары болса, Түркістан облысында 1,4 есе ғана жоғары.

Қалалық жерлерде кедейлік деңгейі (3,6%) ауылдық жерлерге (6,8%) қарағанда екі есе дерлік төмен. Сонымен қатар, Маңғыстау облысының ауылдық жерлерінде республикадағы ең жоғары кедейлік деңгейі – 11,9%, бұл сол өңірдегі қала тұрғындарының кедейлік деңгейінен – 3,2% тым алшақ. Жалпы, қалалық жерлердегі орташа табыс (116 455 теңге) ауылдық жерлерге (84 437 теңге) қарағанда 1,4 есе дерлік жоғары.

Қазақстандықтардың ең ауқатты 10%-ы барлық табыстың 25%-ын алады, бұл ең кедей 10%-дан 6,4 есе көп. 20% халық барлық табыстың 40%-ын алады, бұл ең кедей 20% -дан 4,5 есе дерлік көп.

Кедейлік деңгейі ірі қалаларда дәстүрлі түрде төмен болғанымен, онда табыс теңсіздігі урбанизацияланбаған аймақтарға қарағанда әлдеқайда жоғары. Табыстың ең жоғары алшақтығы Алматы қаласында (коэффициенті – 7,31), Астана қаласында (5,98), ал ең төмені – Маңғыстау, Атырау, Түркістан облыстарында (тиісінше 2,68; 3,41; 3,36) байқалады.

Тұтыну мен шығынды кіріс топтары бойынша қарастыратын болсақ, ең аз қамтылған халықтың 10%-ы ақшалай шығындарының 59%-ға жуығын азық-түлікке жұмсайтынын көреміз, ал ең бай 10% халық табыстың 42,5%-ын ғана тамаққа жұмсайды. Сонымен қатар, соңғысы азық-түлікке жатпайтын тауарларға әлдеқайда көп ақша жұмсайды, шамамен 26,5%, ең кедей 10%-да бұл көрсеткіш - 19,8%.

Ал аталған проблемаларды шешу үшін еліміз кешенді әлеуметтік-экономикалық саясатты жүргізуі қажет. Біріншіден, көпбалалы отбасылар мен ауыл тұрғындарына нақты қолдау көрсету бағдарламаларын тиімдірек ету керек. Екіншіден, өңірлердің экономикалық потенциалын арттыратын инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруды ұлғайтып, бизнесті қолдау шараларын ауылдық жерлерге бағыттау қажет. Үшіншіден, табыс теңсіздігін азайту үшін еңбек нарығындағы әділетті жалақы саясаты мен салықтық ынталандыру механизмдерін қайта қарастыру маңызды деп ойлаймыз.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар