Жамбыл облысындағы жер сілкінісіне байланысты Үкіметтік жұмыс тобы жіберілді

Сағыныш Сардарова 28 нау. 2025 17:53 1704

Үкіметтік жұмыс тобы жағдайды сараптап, бағалау және жедел шаралар қабылдау үшін Жамбыл облысына жіберілді, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасы бойынша Жамбыл облысында орын алған жер сілкінісіне байланысты жергілікті атқарушы органдарға жағдайды талдау, жедел іс-шаралар қабылдау, келтірілген шығынды анықтау және бағалау мәселелерінде көмек көрсету үшін төтенше жағдайлар вице-министрі бастаған үкіметтік жұмыс тобы өңірге жіберілді.

Сондай-ақ, жұмыс тобы құрамында – Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және ТКШ істері комитетінің төрағасы, «ҚазҚСҒЗИ» АҚ филиалының басшылығы, Үкімет Аппаратының өкілдері бар. 

Премьер-министр бірінші кезекте әлеуметтік және тіршілікті қамтамасыз ететін нысандардағы, жол қатынастары мен өнеркәсіп кәсіпорындарындағы жағдайды басым тәртіппен бақылауда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар нысандарды тексеру, шығындарды бағалау және деректерді жинау бойынша мобилді топтардың санын көбейтуді тапсырды.

Айта кетейік, бүгін түнде Жамбыл облысының бірқатар ауданы мен Тараз қаласында жер сілкінісі тіркелді.
 
Жер асты дүмпуінің жоғары қарқыны 5 балл болды, бұл Меркі ауданындағы Меркі ауылында тіркелді.
 
Т.Рысқұлов ауданының Құлан ауылында жер сілкінісінің күші 4 балл, Тараз, Шу қалаларында, Қордай, Мойынқұм аудандарында 2 балл болды.
"Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жедел штаб құрылды. Облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек төрағалық еткен оның құрамына азаматтық қорғау қызметінің, жергілікті атқарушы органдардың, тиісті ведомстволардың өкілдері кірді.
 
Зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ. Аудандардағы нысандар штаттық режимде жұмыс істеп жатыр", - деп жазылған бұған дейінгі әкімдік хабарламасында.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар