Ғылымды байғұс жасап жібердік - танымал саясаткер

Сағыныш Сардарова 25 сәу. 2024 16:41 2039

Саясаткер, қоғам белсендісі, "Байтақ" жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртай Қазақстанда ғалымдардың мәртебесі төмен екенін, төтенше жағдайлар кезде оларды осы іске тарту керек екенін айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Қазақта сөз бар. "Қойшы көп болса қой арам өледі" дейді. Депутаттар бір жағына тартып, Үкімет бір жағына тартып, қоғамдық ұйымдар бір жағына тартып, халықтың арасында жүргендер блогер болып, таңғаламын, өздерін ақылды, супер адам сияқты көрсеткісі келеді. Ақымақтар ғой. Қарапайым заттарды істей алмайтын адамдар өздерін ақылды көрсеткісі келеді.

Біз су шаруашылығында ең бірінші ғалымдарды жұмылдыруымыз керек. Жаңай Сағин деген ғалым партиямыздың ғылыми кеңесіне қатысты. Қазір Америка құрама штаттарына көшіп кеткен. Сол жақта тұрады. 30 жылдың ішінде ғылым академиясын жауып, ғылыми институттарымыздың бәрін быт-шытын шығардық. Ғылыми институттар болғанның өзінде министрлікке қарады. Министрдің өзіне емес департаменттің басшысына, комитеттің бір маманына қарады. Сөйттік те ғылымды байғұс жасап жібердік. Ғалымдар грант аламыз деп ана жаққа шапты, мына жаққа шапты. Сөйтіп, ғылымдарымыз жоқ болды. Кеңес одағында бірінші буын ғалымдарымыз болды. Екінші буын да болды. Үшінші буын жоғалды. 90-жылдары жабайы капитализм енген кезде ғылымның быт-шытын шығардық.

...Ғалымдармен жұмыс жасау үшін Үкімет, министрліктер көкірегін көтеріп, өздерін жоғары санамауы керек, оларды түсіне білуі керек. Бізде заңдық нормада ғалымдардың беделі төмен", - деді сарапшы "Адырна" ұлттық порталына берген сұхбатында.

Сондай-ақ, саясаткер төтенше жағдайдан пайда көріп қалғысы келетіндер бар екенін де айтты. 

"Төтенше жағдайларда кім пайда көруші? Төтенше жағдайлар болмаса, Төтенше жағдайлар министрлігінде жұмыс жоқ болып қалады ғой. Әкімдердің де қоржынына, қалтасына ақша түспей қалады. Олар, әрине, сондай жағдайды тудырады. Соған еріксіз барған сияқты болып көрінеді де жеке мүддесіне байланысты шешіп алады. Жемқорлық агенттігі мұны жақсылап зерделесін. Қап жетпей қалып, халық қиыншылық көргеннен байитын адамдар бар. Байитын адамдар - төтенше жағдайдан пайда көретін адамдар. Жемқорлыққа қарсы агенттік солармен күресу керек. Сиыр ұрлаған, бұзау ұрлағандарды емес, солармен күресу керек", - деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін 1981-1995 жылдары Қазақстанның су шаруашылығын басқарған Нариман Қыпшақбаев елдегі төтенше жағдайға пікір білдірді. Инженер, гидротехник Қыпшақбаев осы салада мамандар қаңғырып кеткенін айтты.

"Министрлікті күшейту керек. Су шаруашылық мекемелерін облыстық деңгейде, аудандық деңгейде күшейтуіміз керек.

...Су мамандары қаңғырып кетті. Оны да бірнеше жыл айттым. Астанада отырып егіс егу, Астанадан отырып егістікті суару дегенді түсінбеймін. Бәрі ауылда, облыста болу керек. Канал сонда, су сонда, жер сонда, шаруа қожалықтары да сонда.

Су маманы сонда болу керек. Астананың маңайында соның бәрін жинақтау деген ауруға ұшырады. Ел ақылдасатын мамандар табылмай жатыр", - деді ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар