Депутат "қаржы жымқырудан алдына жан салмайтын өңірлерді" атады

Сағыныш Сардарова 26 нау. 2025 14:27 963

Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевқа депутаттық сауал жолдап, білім беру саласында көбіне қай өңірлерде жемқорлық тіркелетінін айтты, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Депутат ресми деректерді келтірді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметі бойынша 2023 жылдың басынан бері білім беру саласында 303 қылмыстық іс тіркеліп, жалпы шығын 17,5 млрд теңгеге жеткен.

"Көп қаржы жымқыру дерегі Жетісу, Түркістан, Қызылорда, Алматы облысында және Алматы қаласында анықталды. Бұл аймақтарда қаржылық бақылау әлсіздігі байқалады.

Деректі терең талдайтын болсақ, 249 адам жауапкершілікке тартылған. Олардың арасында 10 білім бөлімінің басшысы, 2 колледж директоры, 28 мектеп директоры, 21 балабақша басшысы және 136 есепші бар. Педагогикалық кадрды іріктеудің жаңа ережесі енгізілгеніне қарамастан, бұрынғы заңсыздықтарды айналып өту және жемқорлық тәуекелін тудыру мүмкіндігі сақталып отыр", - деді депутат.

Темір Қырықбаевтың айтуынша, халық арасында мектепке жұмысқа орналасу үшін директорға немесе басқарма қызметкеріне «заңсыз сыйақы» беру қажет деген қауесет желдей есіп жүр.

"Оңтүстік өңірде жұмыссыздық статистикада көрсетілгеннен әлдеқайда жоғары. Ауылдық жерлерде мектеп, балабақша, клуб үйінен басқа жұмыс көзі тапшы. Сондықтан мұғалім болуға талпынатындар тым көп. Тіпті лаборант немесе техникалық қызметкер болу үшін де заңсыз ақша беру жағдайлары кездеседі. Сонымен қатар, қызметкерлердің жұмыстан шықпау үшін жалақысының бір бөлігін беру фактілері туралы да айтылып отыр.

Шынтуайтында, мұғалім – тек білім беруші ғана емес, болашақ ұрпақтың адамгершілік құндылығын қалыптастырушы тұлға. Ал кәсіби біліктілігі төмен мамандардың, тіпті заңсыз жолмен жұмысқа орналасқандардың сабақ беруі білім жүйесіндегі адалдық пен кәсіби этиканың бұзылуына әкелетіні анық", - деді ол.

Депутат Үкіметке мынадай шараларды қабылдауды ұсынды:

1) «Электрондық мектеп» сынды электрондық жүйелерді енгізіп, білім беру саласындағы кадрларды басқарудың бірыңғай электрондық базасын құруды тездету;

2) Жұмысқа орналасу процесінің ашықтығын қамтамасыз етіп, педагогикалық кадрларды іріктеудің ашық және әділ жүйесін қамтамасыз ету;

3) Қоғамдық бақылауды күшейту маңызды. Яғни ата-аналар комитеті және басқа қоғамдық ұйымдардың білім беру процесіне және қаржылық қызметке қатысуын кеңейту.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар