"Болашақта міндетті түрде кинотуынды түсірілуі керек": Белгілі театр режиссері Бишімбаевқа қатысты пікір білдірді

Қаракөз Амантай 12 сәу. 2024 16:30 10492

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр режиссері, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Асхат Маемиров азаматтық некедегі әйелін өлтірді деп айыпталған экс-министр Бишімбаевтың ісіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Театрда аншлаг болып қалатын қойылымның бірі - “Гауһартас”. Дәл қазір осындағы Тастан мен Салтанттың оқиғасы Қуандық пен Салтанаттың оқиғасына ауысып кетті. Күнде театр тамашалап, сот көріп отырмыз. Жалпы "Гауһартас" өз алдына, Бишімбаевтың оқиғасынан не сабақ алуға болады?” деп жүргізуші сұрақ қояды.

Режиссер бұл қайғылы оқиға театр ұжымына ауыр соққы болып тигенін жеткізді. Айтуынша, қойылымды тамашалаған жандар терең ойға батып, ерекше әсерленіп шығады. 

“Өмірдегі Салтанаттың бастан өткерген оқиғасы біздің актерлерге қатты әсер етті. Оны келген адамдардың көпшілігі айтып кетеді. Бұл не? Сонда қазақ өзгермеген бе? 1967 жылы жазылған туынды. Одан бері қаншама уақыт өтті, қаншама өзен ақты, қаншама көл сарқылды. Неге өзгермейміз? Сондықтан бұл әрине жүректі ауыртатын жағдай.

Себебі бәріміздің әпкеміз бен қарындасымыз бар. Мұны жасаған жігіт қазақ жігітіне эталон бола алмайды. Оған байланысты бүкіл жігітті бірдей сызып та тастауға болмайды. Бірақ тұрмыс құратын қыздардың көпшілігін үрейлендіріп алған жоқпыз ба деген ой келеді. Мен қазір соны ойлап жүрмін”, - дейді өнер иесі Sadaq Media-ға берген сұқбатында. 

Оның сөзінше, бұл жағдай ұлттық тәрбиенің дұрыс дәріптелмеуінен орын алды.

“Қазір отырып алып бір отбасының тағдыры деп айтуға болмайды. Жалпы осы бір оқиға қазақ қоғамын дүр сілкіндіру арқылы көптеген мәселенің бетін ашып кетті. Әсіресе, мына әулеттегі әкенің, ананың тәрбиесін. Материалдық құндылық адамға бақыт сезімін сыйлай алмайды. Рухани құндылық болуы керек.

Кез келген адамда рухани негіз болуы керек. Сонда рухани тамыры мықты адам қоғамға да, ұлтқа да қызмет жасайтын азамат болады. Оның бірнеше шет тілін білгенінен не пайда? Егер ол бір аруды аялай алмаса, оны бақытты ете алмаса және ұлттық көзқарасы өте төмен болса? Сондықтан меніңше,  ұрпақ тәрбиесінде ұлттық рухани құндылықтарымыз салтанат құрмайынша, осы дүниелер қайталана береді. Бұл жүректі қатты ауыртады ”, - дейді ол.

Сонымен қатар режиссер алдағы уақытта осы оқиға желісінде қандай да бір туынды жарыққа шығуы керек деген ойын айтты.

“Менің ойымша, болашақта бұл туралы кинотуынды міндетті түрде түсірілуі керек деп есептеймін. Мұның “атын солай қалдыра ма, қалдырмай ма?” білмедім. Бірақ мұны адамнан жасырғаныңмен, Алладан жасыра алмайсың. Меніңше, біздің мемлекет те осыдай бір әділетті сот процесі қалай болуы керек екенін көрсетіп отыр деп есептеймін. Осы соттың аяғы және елдің көкейіндегі нәрсені орындайтынына мен сенемін.

Себебі тегіннен тегін ештеңе болмайды. Бір әттеген-айы сотты қасымыздғы көрші мемлекеттеріміз ғана емес, әлем қарап отыр. Мені сол қатты ойландырады. Ұят деген нәрсе болады. Сол ұяттан көп адам өртенді-ау деп ойлаймын. Қазақтың сүйекке таңба дегені сол. Мұндай жағдайларды, мұндай адамдарды елден алыстатын болған. Түрме тұрғызбаған. Біз бабалардың ұрпағымыз ғой, абақты салмаған”, - деп сөзін жалғады ол.

Осы тұста жүргізуші де оның сөзін қостай кетті. 

““Қара найза” деген қазақтың ұғымы бар ғой. “Қыз Жібекте” де Бекежанның бетіне түкіріп кетеді. Дәл қазір ел әлеуметтік желі арқылы Бишімбаевтың жеті атасына дейін тергеп, түкіріп жатыр. Сондай-ақ қоғамдық санада үлкен бір трансформация жүруде. Көп ер-азамат әйелдерін сыйламайды. Бұл феминистердің бас көтеруі емес, бұл жерде белгілі бір деңгейде қазақ халқы өзіне-өзі есеп беріп жатқандай кезең сияқты көрінеді”, - деді жүргізуші.

Ал өнер иесі “Бишімбаев ісі” қоғамдық санаға үлкен бір сілкініс болғанын атап өтті.

“Осындай дүниелер адамды ойландырады. Өзіміздің жан сарайымызға үңілеміз. Расында медальдің екінші жағы бар. Екінші жағы меніңше “мен ешқашан мұндай жасамаймын” деген сөз. Мұның аяғы не болады әке егіліп, ана аңырайтындай? Бұл қазір жасыратын жоқ ұлттың қасіретін, шерін көрсетті. Әсіресе, аналардың. Бұл процесті жүз мыңдаған адам қарап отыр. Неше күннен бері миллиондаған ортада бұл әңгіме болып жатыр.

Әсіресе, мына өскелең ұрпақ ешқашан осылай жасамаймын деген сияқты дүниелерді айтып отыр. Бәлкім, жауыздықтың тамырын, қайдан шығатынын, ошағын тану үшін, көру үшін, "жауыздық қайдан пайда болады? Зұлымдық неден шықты? Мейірімсіздік адамның бойында қалай болады?" деген дүниелер кейбір кезде осындай оқиғалар арқылы сараланып отырады. Не болса да біздің ұрпақты, біздің ұлтты, әсіресе ер-азаматтарды сілкіп алды”, - деп сөзін қорытындылады ол.

Еске салайық, күні кеше Астанада азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың тоғызыншы сот отырысы өтті.

Сот 12 алқабидің қатысуымен өтіп жатыр. Оның 10-ы негізгі, екеуі қосалқы. Олар 300 үміткердің арасынан таңдалды.

Бишімбаевқа екі бап бойынша айып тағылды: аса қатыгездікпен кісі өлтіру (15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру); қинау (4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе осы мерзімге бас бостандығынан айыру).


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар