Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи активтерді қайтару процесіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Dalanews.kz Ulysmedia.kz -ке сілтеп.
Басылымға берген сұхбатында депутат ресми мәліметтерде шетелден қандай активтер қайтарылып, қандай активтер қайтарылмай жатқаны жөнінде ақпарат жоқ екеніне назар аударды. Оның айтуынша, активтерді қайтару жөнінде толыққанды әрі тұшымды ақпарат жоқ.
Жалпы сома ретінде 2 трлн теңгеге жуық қаражат жөнінде айтылады. Ал қандай нысан елге қайтты, активтердің құрылымы қандай? Бұл жөнінде толық мәлімет берілмейді.
Ермұрат Бапидің сөзінше, прокуратура өкілдері активтерді қайтару процесін құпия жүргізіп жатыр. Сол себепті олар нақты ақпарат келтірмейтінін атап өтеді. Депутат мұның себебін тізімге кірген адамдарды үркітіп алмаудың амалы немесе алдымен келісіммен қайтару әдісі деп болжайды. Бұл процеске ол әзірге түсіністікпен қарайтынын жеткізді.
"Бірақ көп сұрақ бар. Мәселен инвестиция ретінде қайтып жатқан активтер бар деген ақпарат бар. Қалай дегенде де активтерді қайтару комитеті Парламенттің алдына келіп, бір есеп беретін уақыт келді. Халық үміт күтіп отырған Президенттің бір бастамасы ғой. Қайтқан малда қайыр бар дейді. Сомасы жөнінде айтылып жатыр. 2 трлн теңге дейді. Желбүйір бірдеңе ме, ауа ма – ол жағынан ешқандай хабарымыз жоқ, – дейді ол.
Айта кетейік, бұған дейінгі Мәжіліс отырысында да Ермұрат Бапи активтер ісінде ашықтықты талап етті.
"Жылыстаған активтерді қайтару туралы" заңды қабылдаған Парламент депутаттары бүгінде сол заңның орындалу барысынан бейхабарлығы да түсініксіз жағдай. Турасын айтқанда, біз активтерді қайтару процессіне қатысты мәліметтерді ақпарат агенттіктерінен немесе шетелдік пабликтерден емес, "бірінші ауыздан" естігіміз келеді", - деді депутат.