"Аяушылық танытсаңыздар..." Бишімбаевтың анасы сот жарыссөзінде көзіне жас алып қалды

Сағыныш Сардарова 03 мам. 2024 16:45 7227

Әйелін өлтірді деп айыпталып отырған экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот жарыссөзі жалғасып жатыр. Сот жарыссөзінде прокурорлар да, жәбіреленуші тарап та, айыпталушы тарап та сөз сөйледі. Соның бірі - Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекова. Ол - ұлына қатысты қылмыстық істе қоғамдық қорғаушы, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сот жарыссөзінде Бишімбаевтың анасы көзіне жас алып, ұлы үшін дұға жасайтынын жеткізді.

"Ана ретінде ұлыма дұға жасаймын. Ол трагедияға айналған әрекет жасады. Қуандық жазаға лайық, дегенмен ол істеген әрекетіне сәйкес қана жазаға лайық. Жәбірленуші тараптың адвокаты сөз сөйлеген кезде ұлымды жаман жағынан сипаттады. Бұл алқабилерге жасалған қысым деп есептеймін. Жәбірленуші тараптың адвокаты Қуандықты қоғамның паразиті, ескі Қазақстанның өкілі деп атады, менің ұлым елді 30 жылдан аса уақыт билеген шенеуніктер үшін жазалануы керек деп есептейтінін де айтты. Кешегі сот жарыссөзінде жәбірленуші тарап бұл процес оны қарап отырғандарға және Қазақстанның элитасына сабақ болсын деді. Тек бірнәрсе сұраймын: бүкіл қоғамның күнәсін бір адамға - менің ұлым Қуандыққа артып қоймасаңыздар екен деймін. Әділ болып, аяушылық танытуларыңыз сұраймын", - деді Бишімбаевтың анасы.

Сонымен қатар, ол ұлы қай тұста кінәлі емес екенін айтты.

"Ұлымды ақтап тұрған жоқпын, әрекетін де ақтамаймын. ...Қол көтергені үшін, агрессия мен шыдамсыздық танытқаны үшін жазасын алсын, бірақ ол қасақана кісі өлтірген жоқ. Сондықтан әдейі адам өлтіру әрекеті бойынша жаза арқаламауы керек, - деді ол.

Бишімбаевтың анасы сөз арасында қазақстандықтардан кешірім сұрады. 

"Барлық аналардан, барлық қыздар мен арулардан ұлым Қуандық үшін кешірім сұраймын. Мені де кешіріңіздер. Маған өте ауыр. Салтанат қаза тапқан күннен бері маған да оңай емес. Ең алдымен Салтанаттың анасы мен әкесінен, жақындарынан кешірім сұраймын", - дейді Альмира Бишімбаева.  

Айта кетейік, Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық сотында Қуандық Бишімбаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша бірнеше сот отырысы өтті. Оны дүйім жұрт Жоғарғы соттың YouTube каналынан онлайн тамашалады.

Азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген айыппен сотталып жатқан экс-министр Қуандық Бишімбаевты адвокат Лейла Рамазанова, Назкен Құсайынова, Ерлан Ғазымжановтар қорғап жатыр.

Ал марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді мен оның отбасының адвокаттары – Жанна Оразбахова мен Әлия Омарова.

27 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алқабилер таңдалған еді. Алқабилер алқасына 12 адам іріктелді: 10 – негізгі құрам, 2 – қосалқы. Содан кейін ашық сот отырыстары басталды.

Сонымен қатар, Қуандық Бишімбаев сотта Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтіргенін мойындамады. Бұл оқиға 2023 жылы 9 қарашада Астана қаласындағы BAU мейрамханасында болды.

Бишімбаевқа екі бап бойынша айып тағылды:

  • аса қатыгездікпен кісі өлтіру (15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру);
  • қинау (4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе осы мерзімге бас бостандығынан айыру).

Қуандық Бишімбаевқа қатысты 24 сәуірде өткен сот отырысында сот тергеуі аяқталғаны белгілі болды. Ендігі кезек сот жарыссөзінде. Айта кетейік, Бишімбаевқа қатысты сот жарыссөзі ертең де жалғасады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар