2025 жылы 11 ақпанда Астанада 14 жастағы жасөспірім лифтіде 5 жасар балаға пышақпен шабуыл жасады. Оқиғаны тергеу кезінде кәмелет жасына толмаған жасөспірім психоневрологиялық диспансерде есепте тұрғаны анықталған.

Астана Полиция департаменті бастығының орынбасары Қуаныш Орынбетовтің айтуынша, балаға жасалған шабуыл бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Ресми мәліметке сүйенсек, Қылмыстық кодекстің 293-бабының 3-бөлігі «Денсаулыққа зиян келтіру үшін арнайы лайықталған басқа да заттарды қолданып немесе қолдануға тырысып жасалған, сол сияқты қылмыстық топ жасаған бұзақылық» бойынша соталды тергеп-тексеру басталған.

Бұл баптың санкциясы бес жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.

Ал қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шеккен бала бес жаста. Дәрігерлер алғашында оның жалпы жағдайын ауыр деп бағалады. Ал отадан кейін баланың жағдайы тұрақты екені айтылды.