"Артық қылам деп, тыртық қылды". Экс-министрдің әйелі де істі болып жатыр

Dalanews 19 қаң. 2024 09:26 2177

Астанада бұрынғы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен оның әйелі Ғалия Ысқақоваға, сонымен қатар адвокаты болған Мұстахим Төлеевке қатысты сот отырысы басталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Экс-шенеунік 2023 жылы 20 маусымда аса ірі көлемде пара алды деген күдікпен бас бостандығынан айырылды. Кейін оның адвокаты Мұстахим Төлеевке де алаяқтық жасады деген айып тағылды.


Сонымен қатар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Мұхамедиұлының жұбайы Ғалия Ысқақова пара беруге оқталғанын мәлімдеді.


Антикордың хабарлауынша, Төлеев экс-шенеуніктің жазасын жеңілдету және қамаудан босату үшін оның әйелінен 460 мың доллар көлемінде пара алып, оны соттың лауазымды қызметкерлеріне ұсынбақ болған. Тергеу барысында аталмыш соманың 255 мың доллары тәркіленді.


Кейін Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты тағы бір сот отырысы өтті.


Осыған байланысты елордада Арыстанбек Мұхамедиұлы, Олжас Хайруллаев, Абай Сатыбалдин, Леонид Кочетов, Алмас Нұразхан, Азамат Көшенов, Айым Сәдуақасова және Гүлзат Жуаспаеваға қатысты негізгі сот процесі жалғасуда. Тергеуде екі мәселе қарастырылуда. Бірі - “Дипломат” қонақүйіне жасалған рейд, екіншісі - “Алтын адамның шеруі” көрмесін өткізуге байланысты тергеу. Айыптаушы тарап көрмеге қатысты жаңа жағдайлардың анықталғанын айтты. Алайда айыпталушылар кінәсін мойындаудан бас тартып отыр.


Тергеушілердің айтуынша, бұрынғы қожайын 2019 жылы Мұхамедиұлынан көмек сұраған. Осы тұста Мұхамедиұлы жәбірленушіге 2,5 миллиард теңге бөліп, кәсіптің 71 пайызын сенімді басқарушыға беруді талап еткен. Содан соң экс-шенеунік қонақүйді түгел бақылауға алуды ұйғарған.


2023 жылдың 20 маусымында “Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі” халықаралық көрмесінің жобасын жүзеге асыру кезінде қаржы жымқырғаны үшін Арыстанбек Мұхамедиұлы өмір бойына мемлекеттік қызметте еңбек ету құқығынан айырылып, 8 жылға қамауға алынды. Сондай-ақ мемлекеттік наградаларынан да айырылды. Ал оның орынбасары Алмас Нұразхан, “Экспонат” ЖШС директоры Азамат Көшенов және осы компанияның есепшісі Айым Сәдуақасова 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот Мәдениет министрлігінің азаматтық талап арызын ішінара қанағаттандырып, 43 миллион теңгені бірлесіп өндіруді міндеттеді.


2023 жылдың 5 шілдесінде Мұхамедиұлының адвокаты Мұстахим Төлеев екі айға қамауға алынды.


Ол бұрынғы мәдениет министрінің ісі бойынша пара алды деген күдікке ілінді. Шенеуніктің әйелі Ғалия Ысқақова да тергелді. Антикор бұрынғы Мәдениет министрінің «Көшпенді» фильмі үшін бекіністің сатылуына қатыстылығын тексеріп жатыр.


2024 жылдың қаңтарында қылмыстық іс сотқа түсті.


Арыстанбек Мұхамедиұлы қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі (қылмысқа оқталу) – 367-бабы 4-бөлігі (пара беру) бойынша күдікке ілінген. Әйелі Ғалия Ысқақова 368-баптың 1-бөлігі (парақорлыққа делдал болу), Мұстақым Төлеев 190-баптың 4-бөлігі 2-тармағы (алаяқтық) бойынша сотқа тартылған. Сот отырысында адвокат қылмыстық-процестік кодекстің талаптары бұзылғанын алға тартып, істі прокуратураға қайтаруды сұрады. Ал Ғалия Ысқақоваға қатысты “үйқамақта ұстау” түріндегі бұлтартпау шарасын “елден шықпау түріндегі қолхатқа” ауыстыруды сұрады.


Еске салайық, экс-шенеунік Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты 2023 жылдан бері бірнеше қылмыстық іс сотта қаралып жатыр. Ұлттық музейге қатысты іс бойынша экс-министр 8 жылға сотталды. 


Сурет “Азаттық радиосынан” алынды

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар