Анау айтқандай шығын жоқ – Байзақ ауданының әкімі

Dalanews 27 там. 2021 08:15 341

Жарылыс болған Жамбыл облысы Байзақ ауданының әкімі Бақыт Қазанбасов төтенше оқиға кезінде кейбір адамдардың қорқып, үйін тастай қашыпты деген мәліметті жоққа шығарды, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Оның айтуынша, бұл дабыра жұрттың алып-қашпа сөзі.

Жарылыс болған жерге жақын Байзақ, Отамойнақ, Базарбай деген ауылдарда кейбір адамдар өз бетімен үйін тастап қашқандығы туралы ел аузында дақпырт жүр. Мұны Байзақ ауданының әкімі жоққа шығарды.

"Төтенше жағдай орын алған аумақта үш елді-мекен бар. Қайнар елді-мекенінен 17 үй бар, ондағы 85 адамды түгелдей түндегі қабылданған шаралардың арқасында қаладағы №5 мектепке жеткіздік. Адам шығыны жоқ. Таңертеңнен бастап эвакуацияладық. Адамдар үйін тастап, бас сауғалап қашты деген болған жоқ. Бәрі үйінде болды. Бұл елдің артық әңгімесі, - дейді ол.

Бақыт Алпысбайұлының айтуынша, ауылда бүлінген заттар қазір қалпына келтіріліп жатыр.

"Жарылыс болған жерге жақын екі елді-мекенде, Жібек жолы ауылында 13 үйдің терезесі сынған. Қазір олар қалпына келтіріліп жатыр. Басқа, анау айтқандай шығын жоқ", - дейді ол.

Айта кетсек, 26 тамызда сағат 19.00 уақытында Жамбыл облысында жарылыстар болды. Бес адамның қаза тапқаны айтылады. Олардың барлығы әскери қызметкерлер. Зардап шеккендердің саны 90-ға жетті. Жергілікті халық мектептерге эвакуацияланды. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев отставкаға кетуге дайын екенін айтты.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар