Алматы облысында зираттарды талқандап жүрген адам ұсталды. Бұл туралы полиция мәлімдеді, – деп хабарлайды Dalanews.kz.
Вандализм дерегі бойынша қылмыстық іс тіркелген.
"Күдікті ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Қазір болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу жүргізіліп жатыр. Әлеуметтік желілерде тараған, күдіктінің салафизмнің діни ағымына қатысы бары туралы ақпарат алдын ала тексеріс барысында расталмады. Тергеу аяқталғанға дейін мерзімінен бұрын қорытынды жасаудан және тексерілмеген мәліметтерді таратудан бас тартуды сұраймыз", - деп жазылған хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін журналист Диас Нұрақын Алматы облысы Саты ауылында бір жігіт зиратты талқандап тастағанын айтып, әлеуметтік желіде видео жариялады.
Кадрларда әр жерде шашылған зират тастары көрінеді.
"Көлсайдың түбіндегі Саты ауылын соқыр сенім кезіп жүр. Осы ауылдың бір жігіті "дінімізге қайшы" деген желеумен зиратты талқандап тастапты. Өлген адамдардың құлыптастарын қиратып, жан-жаққа лақтырып кеткен", - деп жазды ол.
Диас Нұрақынның сөзінше, жақындарының қабірі қорланғанын көрген аядай ғана ауыл тұрғындары ашулы.
"Осындай әсіредіншілердің кесірінен ел арасына іріткі түседі. Бір есерсоқ бүтін бір ауылдың берекесін қашырады. Бір құмалақ бір қарын майді шірітеді. Мұның бәрі - тикток имамдардың, уағызшыл ұстаздардың кесірі. Бір ғана кітап оқып алған, көкірегі соқыр адамдар соларға сеніп, асыл дінімізді ластап бітті", - деп жазды журналист.
Мәжіліс депутаты, заңгер Абзал Құспан бұл жағдайда заңға сәйкес жауапқа тартуға болатынын мәлімдеді.
"Қылмыстық кодекстің 314-бабымен қудаланатын әрекет, жергілікті органға жүгіну керек", - деді ол.