2049: Сарапшы Бишімбаевқа ауыр үкім шығарына сенімді

Көркем Алдабергенова 06 мам. 2024 12:30 3770

Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісіне қатысты сот тергеуі де, сот жарыссөздері де аяқталып, бүгін айыпталушылар соңғы сөздерін айтты. Сарапшылар Бишімбаевтың өмір бойына сотталуы қаншалық мүмкін екенін айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Чемодан госсекретов" телеграм арнасының мәліметінше, Бишімбаев шартты түрде мерзімінен бұрын босату құқығынсыз 20 жылға сотталуы мүмкін.

"Яғни ол бостандыққа қартайған шағында, 60 жасында шығады. Әдетте Қазақстанда әйелін өлтіргендер орта есеппен 15 жылға сотталады. Ал бұл жағдайда прокуратура азаптау болғанын дәлелдей алды. Оған Бишімбаевтың телефонында табылған видеолар да дәлел. Өмір бойына сотталмайды, оның үстіне мұны Нүкенованың ағасы ғана талап етіп отыр.

Процестің ашық өтуі билік үшін ұтымды болды: осылайша қазақстандықтар сот, адвокаттар қалай жұмыс істейтінін көріп, сот жүйесі мен прокурорларға сенім арта түсті", - делінген жазбада.

Ал саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің сөзінше, Бишімбаевтың қорғаушылары оны шартты түрде мерзімінен бұрын босату құқығымен 10-15 жылға соттауды сұраған болуы мүмкін. Бұл экс-министр 7-8 жылдан кейін бостандыққа шығуы мүмкін деген сөз.

Алайда, саясаттанушының сөзінше, бұл болжамның орындала қоюы екіталай.

"Себебі оның қылмыс жасағанын, қатыгездікпен өлтіріп, көмектеспегенін дәлелдей алатын айғақ тым көп. Ал өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы әдетте бірнеше адамды өлтіргендерге, кішкентай балаларды өлтіргендерге және қоғамға қауіп төндіретін қылмыскерлерге тағайындалады.

20-25 жыл аралығында жаза тағайындалуы әбден мүмкін. Барлық факторды ескерсек шартты түрде мерзімінен босату құқығы берілмейді. Бәрін сатып алуға қауқары жететін 44 жастағы Бишімбаев ширек ғасырға сотталуы мүмкін. Өмірі темір тордың ар жағында өтеді. 2049 жылы 69 жасында бостандыққа шығады", - дейді сарапшы.

Еске салайық, бүгін екі айыпталушы да - Бишімбаев пен Байжанов сотта соңғы сөзін сөйледі.
Келесі сот отырысы 10 мамырға, сағат 10:00-ге шегерілді.
"Келесі сот отырысында алқабилердің қатысуымен соттың шешуіне жататын сұрақтарды талқылау және тұжырымдау өтеді. ҚПК-нің 653-бабының 1-бөлігіне сәйкес сұрақтарды талқылау және тұжырымдау уақытында алқабилер сот отырысы залынан шығып кетедi", - деп хабарлады Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі өкілдері.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар