Жолдау педагог-кадрларға жаңаша серпін берді

Dalanews 03 қыр. 2021 05:32 1018

«Балалар бұл жол басы даналыққа, жүріңдер түсіп байқап қаралық та, бұл жолмен бара жатқан өзіңдей көп, соларды көре тұра қалалық па?!», – деп тіл білімінің атасы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, 1 қыркүйек жалпы адамзат баласы үшін үлкен мерекеге толы қуаныш әкелетіні баршамызға аян. Өйткені бұл күн барлық ғылым-білімге апарар баспалдақ іспетті.

Жаңа оқу жылы басталып, барлық педагог қауым жаңаша бастамамен өз жұмыстарын бастар алдында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» тақырыбындағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауы бүгінгі мерекенің маңыздылығын арттырып жібергендей болды десем артық айтқандығым емес. Себебі ел Президентінің жыл сайынғы Жолдауынан білім саласы ешқашан тысқары қалған емес. Қайта қазақ білімі мен ғылымының қарыштап дамуының негізгі тетігіне айналып келеді. Өздеріңізге белгілі «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданған күннен бері бұл сала қызметкерлеріне деген мемлекет қамқорлығы еселене түсті. Мектептер мен жоғары оқу орындарын жаңа үлгідегі техникамен жабдықтау, мұғалім мамандығында оқитын студенттердің шәкірт ақысын арттыру, осы салаға бөлінетін гранттар санын көбейту секілді игілікті істер жыл сайын артып келеді.

Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында: «Биылғы қаңтар айынан бастап педагогика саласы қызметкерлерінің жалақысы 25 пайызға көбейді. Алдағы үш жылда осы мақсатқа тағы 1,2 триллион теңге жұмсаймыз. Қабылданған шаралар жемісін беріп жатыр. Педагогикалық мамандықты қалап, оқуға түскендердің орташа балы күрт өсті. Біз ұстаздарды қолдау саясатын жалғастыра береміз», деген жолдар бар. Сондай-ақ ол қазіргі қоғамның көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқанын, сондықтан педагоика саласының мамандары үнемі жаңа заманның озық технологиясымен үнемі қаруланып отыру керектігін де қатаң тапсырды. Президент өз Жолдауында: «Қазіргі жаһандық өзгерістер кезеңінде түлектің білімі еңбек нарығына шыққанға дейін-ақ жеткіліксіз болып қалуы әбден мүмкін. Сондықтан, құзырлы министрліктің алдында оқу бағдарламаларын жаңа жағдайға бейімдеу міндеті тұр. Бұл – кезек күттірмейтін шаруа», деген сөзі осы салада мамандар даярлайтын педагогикалық жоғары оқу орындарына артылған үлкен жауапкершілік екені айтпаса да түсінікті.

Бұл жайында биылғы «Білім мен ғылым – елдің тұрақты дамуының кепілі» тақырыбында өткен республикалық тамыз конференциясында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймамбетов: «Қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» Заң жүзеге асырылып келеді, педагогтердің еңбек жағдайлары жақсартылып, еңбекақысы артты. 2022 жылғы қаңтарда балабақша, мектеп және колледж педагогтерінің еңбекақысы тағы 25 пайызға артатынын, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша төрт жылда педагогтердің еңбекақысы 2 есе өсетінін жеткізді. Жылдың ең басты жаңалығы биылдан бастап педагогтер жұмысқа конкурстық негізде қабылданатын болады, – деген еді. Бұл, әрине, ендігі жерде жоғары оқу орындарының бәсекеге түсетіні сөзсіз. Себебі конкурстық негізде жас мамандарға сұраныс артылған жерде еліміздің педагогикалық жоғары оқу орындарының да мәртебесі анықталатыны анық. Сондықтан да біздің бітіруші түлектеріміз тек өз ісінің білгір маманы ғана емес, ұлттық құндылықтарды да бойына сіңіре білгені жөн. Өйткені өткен жылғы тамыз кеңесіне қатысқан ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ұлттық құндылыққа қанығып өскен өреннің танымы терең, діні берік болады. Ата-бабалар аманат еткен ұлан-ғайыр даланы аман сақтау - ең алдымен жас буынға артылған зор үміт. Кейінгі ұрпақ Тәуелсіздігіміздің туын әрқашан биік ұстауы тиіс. Сондықтан білімі терең, ойы озық ұрпақты тәрбиелейтін мұғалімдер қауымына зор жауапкершілік жүктеледі», – деген болатын.

Біздің қарашаңырақ білім ордасы да биылғы жаңа оқу жылын жаңаша форматта ұйымдастыру жолында көптеген бастамалар жүзеге асырылып жатыр. Біз жаңа оқу жылының қарсаңында  университетіміздің барлық профессор-оқытушылар құрамына «Сандық педагог-2» жазғы мектеп онлайн курсын ұйымдастырдық. Мұндағы мақсатымыз біз даярлайтын білім алушылар мемлекет сұранысын қамтамасыз ету үшін ең біріншіден, оларға дәріс беретін профессор-оқытушыларымыз қашан да өз білімдерін ұдайы жетілдіріп отыруы тиіс. Өйткені бүгінгідей қарыштап дамыған  қоғамның өзі цифрлық білімді терең меңгеруді қажет етіп отыр. Біздің университетіміз осындай үлгідегі курстарды былтырғы оқу жылының қарсаңында «Цифрлық педагог» айдарымен қолға алған болатын. Сол уақытта университетіміздің 780-нен астам оқытушылары осы онлайн курстарына қатысып, цифрлық сауаттылығын арттырды.  Біз былтыр профессор-оқытушылар құрамына  ZOOM, Disсord, Meet, Univer  платформалары арқылы  онлайн дәрісті қалай ұйымдастыру керектігі жайында екі апталық курстар ұйымдастырсақ, биылғы оқу жылында сол курстарды одан әрі жетілдірдік. Биылғы жаңа оқу жылы қарсаңында университетіміздің «Тесттілеу» орталығының ұйымдастыруымен Ms. Teаms платформасында қалай жұмыс жасау керектігі туралы онлайн-курстар өткізілді. Бұл курстан профессор-оқытушылар құрамы WordWаll, Kahoоt және тағы басқа сервистердің көмегімен Ms. Teаms-та онлайн дәрістерді қалай ұйымдастыру керектігін және жаңа сабақты бекіту кезеңінде немесе практикалық сабақтарда кері байланысты ұйымдастыру, студенттердің білімін бағалау жолдарын еркін меңгеріп шықты. Алдағы уақытта осы платформалар көмегімен студенттерге дәріс, семинар сабақтарын жүргізетін боламыз.

Сонымен қатар университетіміздің педагогикалық мамандықтарында білім алып жатқан бітіруші курс студенттеріне 1-14 қыркүйек аралығында жаңартылған білім  беру бойынша екі апталық курстар өткізіледі. Бұл курстарды «Назарбаев Университеті» мен «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығында біліктіліктен өткен мамандар дуальды оқыту жүйесі, электронды күнделік және т.б. жайында дәрістер беретін болады.  4 курс студенттері бір жыл көлемінде мектепте педагогикалық практикада болады. Оларға аптаның дүйсенбі мен сенбі күндері университетте дәріс, семинар сабағы ұйымдастырылса, қалған сейсенбі мен жұма аралығанда толық мектеппен байланыста болады. Бітіруші студенттерге өздері білім алатын институт пен практикадан өтетін мектеп әкімшілігі тарапынан жетекші кураторлар бекітіледі. Сол бекітілген жетекші-мамандар жыл бойы сол студенттің педагогикалық практикасын қадағалайтын болады. Бітіруші курстарды жыл бойы мектепте педагогикалық практикадан өткізу ҚР Білім және ғылым министрлігінің дуальды оқыту бағдарламасы негізінде биыл 3-ші жыл қатарынан ұйымдастырылғалы отыр. Бұл бағдарлама негізінде қолға алынған бұл жұмыс өз нәтижесін беріп келеді, айталық дуальды оқыту бағдарламасы негізінде бірінші 2019/2020 оқу жылында жыл бойы мектепке барған практикант-студенттеріміздің 107-сі сол практика өткен жерінде әрі қарай маман ретінде қалса, былтырғы 2020/2021 оқу жылында 297 студент жұмысқа орналасты. Сонымен бірге биыл біздің университетімізді 2910 білімалушы бітіріп шықты. Осы бітіруші түлектердің 2133-і (73%) мамандығы бойынша білім алса, 777-і (27 %) басқа түлектер. Педагогикалық мамандықтар бойынша бітірген 2133 студенттің 85% ұлттық біліктілік тесттін ойдағыдай тапсырды. 23 педагог 6 ай оқуды аяқтап, қайта даярлау сертификатын алды. Биылғы оқу жылында да бұл көрсеткіштер одан сайын артатыны сөзсіз.

Жалпы, қарашаңырақ білім ордасы Президент Жолдауында көрсетілгендей бәсекеге қабілетті сапалы маман даярлау жолында ғы жұмысын одан әрі жетілдіре береді.

Хайрулла Жәнібеков, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры, профессор

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар