Дәрігерлер 4 жасар қызды мүгедектікке жеткізген: Ақтөбе тұрғыны аурухананы сотқа берді

Қаракөз Амантай 18 сәу. 2024 16:58 1092

Ақтөбе тұрғыны қалалық аурухананы сотқа берді. Дәрігерлер кішкентай бүлдіршінге бір ай бойы қажетті ота жасамай, нәтижесінде ол мүгедек болып қалған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Өткен маусымда төрт жасар қыз қайнаған судан күйік шалып, жамбас-бөксеcі, аяқтары зақымдалған. Бүлдіршін шұғыл түрде жансақтау бөліміне жеткізілген, оған дене бетінің 26-28 пайызын термиялық күйік шалған деген диагноз қойылды.

Балаға аутодермопластика операциясы қажет болған. Бірақ ауруханада жатқан бір ай ішінде оған ешқандай ота жасалмаған. Ал мұнының себебін "дерматомда" батареяның жоқ болуымен түсіндірген.

"Тексеру барысында дерматоманың болмауына байланысты бөлім дәрігерлерінің балаға ота жасауға техникалық мүмкіндіктері жоқ екені анықталды. Медициналық құрылғының аккумуляторларымен уақытылы қамтамасыз етілмегені үшін бас дәрігердің орынбасарына сөгіс жарияланды", - деп хабарлады облыстық сот Azattyq ruhy басылымына.

Анасы қызын ауруханадан алып, Ресей, Түркия, Алматы дәрігерлеріне жүгінуге мәжбүр болған. Нәтижесінде 26 шілдеде Орынборда операция жасалған. Осылайша қыз жеті жасына дейін мүгедектік алды.

"Ауруханада күйікке қарсы төсек-орынның, көп компонентті жақпа майлардың, ота жасау үшін "Дерматом" препаратының аккумуляторларының және баланы ауруды басатын дәрісіз киіндіруге арналған аккумуляторлардың жоқтығын көрсете отырып, талапкер материалдық және моральдық шығынды өндіру туралы сотқа талап арызбен жүгінді" деп түсіндірді сот.

Тергеу барысында балалар ортопед-травматологы осы жаста баланың күйіктері өміріне қауіп төндіреді деген қорытындыға келген. Уақытылы жасалмаған операция тыртық тудырып, мүгедектікке әкелуі мүмкін.

Сонымен қатар дәрігер балдырғанға дұрыс медициналық көмек көрсетілсе, мүгедектікті болдырмауға негіз бар еді деген пікірді алға тартады.

Нәтижесінде сот Ақтөбе ауруханасын моральдық шығын ретінде 10 миллион теңге және материалдық шығын үшін миллион теңгеден астам қаржыны міндеттеді.

Шешім әлі заңды күшіне енген жоқ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x